Көне кітапханадағы жаңашылдық
Көне кітапханадағы жаңашылдық
362
оқылды

Nur Otan «Қазақстан кітапханалары» партиялық жобасы аясында Қызылорда облысында ауқымды шаралар атқарып жатыр. Соның бірі – Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананы заман талабына сай қызмет көрсетуі. ІТ технологияның мүмкіндігін пайдалана отырып, оқырманға кітап оқып, мәлімет алуға жан-жақты жағдай жасап отыр.

Облыстық кітапхана басшысы Нұржамал Мырзамұратованың айтуынша, ең көне кітапханада оқырмандарға сұранысына сай барлық жағдай жасалған.


– Кітапхана тарихы 1867 жылдан басталады. Сол замандағы Ақмешіт уезінің әскери бекінісінің халқы үшін Ресейден жер аударылған зиялылардың бастамасымен ашылған. 1917 жылға дейін қалалық кітапхана қызметін атқарса, 1938 жылы Қызылорда облыс орталығы болғаннан кейін, облыстық кітапхана қайта құрылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1999 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен облыстық әмбебап кітапханаға халық жазушысы, ақын Әбділда Тәжібаевтың есімі берілген.

Кітапханаға цифрлы технологиялар 2000 жылдардан бастап енгізіле бастады. Электронды оқу залы ашылып, интернетке қосылған. 2003 жылдан Республикалық автоматтандырылған кітапхана жүйесі (РАБИС) бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. 2009 жылы кітапхана жаңа ғимаратқа көшірілді. Nur Otan партиясының қолдауымен архивтегі көне кітаптарды цифрлы форматқа көшіру қолға алынды. Қордағы кітаптың 3 800-дейі цифрлы форматқа көшкен, – деді ол.

Партиялық қолдаудың аясында кітапхана қызметі заман талабына сай қызмет көрсетеді. Оқырманның сұранысына сәйкес, тапсырыс жылдам әрі сапалы орындалады. Кітапханада 9 бөлім, 7 сектор жұмыс істейді. Шамамен, 31 900 оқырманға қызмет көрсетеді. Қордағы 402 756 кітаптың 606-сы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы. Сирек кездесетін құнды басылымдар, қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, араб, парсы, латын, тәжік, түрік, шағатай, татар, кәріс тілдеріндегі жазба ескерткіштер қаз-қалпында сақталған. Көпшілігі – Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген басылымдар.


Бүгінде кітапханада электронды тех­нологияларға негізделген жаңа қызмет түрлері көп. Ақпараттық технологиялардың дамуы қорды сақтау ісінде жаңа мүмкіндіктер ашты. Кітапханада құжаттық мұраларды сақтау және қайта өңдеу қызметтері бағытында сирек кітаптарды цифрлау, кітаптарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Заманауи ақпараттық техно­логиялар кітапхана ресурстары мен қызметтерін жетілдіріп, ақпарат орталығы ретінде қызмет көрсетіп отыр. Электронды каталогты ұйымдастыру, құжаттарды цифрлық жүйеге енгізу, ақпараттық-анықтамалық жұмыстарды электронды жүйеге көшіру жүйелі жолға қойылған.


Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы автоматтандырылған электронды каталогтар мен дерекқорлар түзілген. Элек­тронды кітаптарды пайдалану, қашықтағы ақпарат орталықтарының, кітапханалардың қорларын электронды жеткізу арқылы пайдаланушыларға ұсынады. «Құжаттық мұраларды цифрлау» жобасымен өлкетану бағытындағы 3 650 кітап цифрлық форматқа көшкен.


Кітапхана басшысының айтуынша, кітапханада жұмыссыз жастарға және әлеу­меттік жағынан аз қамтамасыз етілген аза­мат­тарға қолдау көрсететін «Шаңырақ» ин­теллект орталығы жұмыс істейді. Мақсат – 18-35 жас аралығындағы азаматтардың ІТ технологияларды тиімді пайдалануға үйрету. Оларға электронды үкіметтің онлайн қыз­меттерін пайдалануды, күрделі бағдар­ла­маларды меңгеруге, компьютерлік сауат­тылық бойынша 400-ге жуық жас тегін курстан өткен.


Сондай-ақ басты жаңалықтың бірі – мобильді кітапхана қызметі. Мобильді кітапхана қызметін планшет пен смартфон иелері пайдалана алады. Тегін Wi-Fi-дың көмегімен қажет кітаптың QR-кодын сканерлеп, жүктей алады. Мобильді кітапхана қорында Сыр бойы қаламгерлерінің туындылары бар.