Жамбылға да көмек жетті
Жамбылға да көмек жетті
119
оқылды
Жалпы, медициналық бұйымдардың тапшылығы елімізбен қатар,  Жамбыл облысында да  ерекше сезілуде. Мұны бір апта бұрын аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев та орталық коммуникациялар қызметі  алаңында өткен баспасөз мәслихатында баса айтты. Бердібек Машбекұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде өңірде науқастарға арналған жатын орындар жеткілікті болғанымен, компьютерлік томография, жасанды дем беретін құрылғы сынды медициналық бұйымдар тапшы.  «Дәрі-дәрмек мәселесін де кезең-кезеңімен шешудеміз. Бұл бағытта қазір «Супер-Фарм» компаниясы жұмыс істеуде.  Сондай-ақ жергілікті бюджеттен 700 миллион теңге бөліп, көрші мемлекеттен дәрі әкелсек деп отырмыз. Алғашқы дәрі-дәрмек жеткізілгеннен кейін тағы 300 миллион теңге қарап, өзге де қажетті медициналық бұйымдар сатып аламыз» деп  облыс әкімі брифингте алдағы тұрған мақсатты міндетті айқын­дады. Рас, өткен аптаның соңынан бастап өңірдің дәрі-дәрмек тасымалдау желісінде қозғалыс байқала бастады. «Әмір және  Д», «Садыхан» сынды дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр» деген ақпар  жетті. Тұрғындар да барып жатқан дәріханаларында бұрынғыдай емес, қазір дәрі табуға болатынын айтады. Бұл, әрине қуа­нышты хабар. Бұдан бөлек, коронавируспен күресте түрік ағайындар да қол ұшын соза бастады. Атап айтсақ, елімізде жұмыс істейтін бірқатар түрік ин­весторлар Жамбылға гуманитарлық көмек жіберді. Мұндай игі бастамаға Tek-imas компаниясы ұйытқы болып, бес оттегі концентраторын жолдаса, қазір  құрылғылар Тараз қаласындағы көпсалалы клиникалық аурухананың пульмонология бөліміне орнатылды. Оттегі терапиясы кезінде қолданылатын оттегі концентраторлары коронавирус инфекциясымен және пневмониямен ауырып жатқан науқастарға уақытылы көмек көрсетуде маңызды рөл ат­қаратыны даусыз. Сондықтан бұл құрылғылар өңір медицинасына үлкен көмек болғаны анық. Сондай-ақ  Orhun Medical және Yildiz Holding  түрік инвесторлары пандемиямен күресте алдыңғы қа­тардағы жамбылдық медицина қыз­меткерлеріне 450 жамылғы, қолғап, бетперде, қалқан сынды қорғаныс киімдерінің жиынтығын жөнелтіп отыр. Гуманитарлық көмек өңірге Air Astana  ұлттық әуетасымалдаушы компаниясы арқылы  осы  аптада келеді деп күтілуде. Шұғыл гуманитарлық көмегі үшін Тараз қаласының қалалық көп­бейінді клиникалық ауруханасының басшылығы түрік инвесторларына  және Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне зор алғыстарын білдіруде. – Бұл көмек – Түркия мен Қазақстан халықтары арасындағы достық пен сенімділіктің көрінісі. Жамбылдық дәрігерлер бауырлас халықтың көмегін ризашылықпен қабылдап, мұны COVID-19 кеселімен  күрес кезінде ынтымақтастықтың айқын белгісі  деп санайды. Көмек тек шетелден ғана емес, сонымен қатар жергілікті ұйымдардан, жанашыр тұлғалардан да  келуде. Мұндай қолдаулар біздің жұмысымызды жеңілдетіп, жауапкершілігімізді арттыра түседі, – дейді Тараз қалалық көпбейінді клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ербол Ордабеков. Өткен аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ел басына күн туған қиын сәтте аймақтағы жекеменшік медицина мекемелерін де қол ұшын созуға шақырған болатын. Міне, бүгін алғашқылардың бірі болып жекеменшік сектор өкілдері де өз үлестерін қоса бастады. Мәселен, «Эскулап»  емдеу орта­лығының директоры Олег Ратников  NewPort HT-70 тыныс алу аппаратын тарту етсе, Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры Сейтхан Жошыбаев білікті мамандарын  көмекке жіберуде. Ал кәсіпкерлер Ақылбек Садырбаев пен Бахром Муминов алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерді  ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Осылайша, жұдырықша жұмылған жүйелі жұмыстың арқасында бүгінде облыстың медициналық мекемелеріндегі  оттегі концентраторының саны  артуда. Ал күні кеше  демеушілер есебінен қосымша –11, жергілікті бюджет қаржысына  тағы 4 оттегі концентраторы сатып алынды. Нәтижесінде облыстың медициналық мекемелерінде барлығы 146 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты  орнатылды. Сондай-ақ  жақында жергілікті және республикалық бюджет есебінен алынған 62  өкпені жасанды желдету  аппараты бүгін-ертең  өңірге жеткізіледі деп күтілуде. Ең бастысы, медициналық аппараттар өмірі үшін күресіп жатқан науқастарға дер кезінде жетсе екен деп тілейміз. Себебі қазір олардың өмірі дәл осы өкпені жасанды желдету құрылғысына тәуелді болып тұр.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы