Аталған үйлердің ішінде биыл жыл соңына дейін 7 қабатты 24 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Яғни, жаңа 1 452 пәтерде түркістандықтар қоныстойын атап өтеді. Бұл туралы қалада атқарылып жатқан жұмыстардың атқарылуын қадағалау мақсатында тұрақты аралап, көзбе-көз жіті қарап жүретін облыс басшысы Ө.Шөкеевтің кезекті аралау кезінде айтылды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылысшылармен жүздесіп, жұмыс барысын тексерді. Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орталығында 89 көпқабатты тұрғын үйдің (350 мың шаршы метр, 5 600 пәтер) құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 7 қабатты 24 тұрғын (92,2 мың ш.м, 1 452 пәтер) үй, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Оның ішінде кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға (450 пәтер), кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлерге кредиттік тұрғын үй (1 002 пәтер) тапсыру жоспарланған.
ШАҺАРДЫ КӨГАЛДАНДЫРУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕНІҢ БІРІ
Сондай-ақ Түркістан шаһарын көркейту, экологиялық жағдайды жақсарту үшін қарқынды жұмыс жүріп жатқаны белгілі. Аймақ басшысы сапаға мән беріп, уақыт үнемдеу мақсатында енгізілген гидроегу жұмыстарын тексерді. Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын бақылады. Түркістанда халықаралық тәжірибені қолдана отырып, ең озық технологиялар қолданылады. Арнайы сұйықтық шашылып, жеті күнде айнала жасыл желекке бөленеді. Облыс орталығында көшелер мен демалыс орындарын көбейтіп, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалада 32 сектор бойынша көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Аудан, қала және басқарма басшылары жауапты барлық аумақта 250 мың ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылды. Тұт ағашы, писсар өрігі, терек, арша, линден ағашы, қарағай, катальпа, талшын егілген.Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы