«СҚ-Фармация» қызметкерінің айлығы − 852 мың теңге
«СҚ-Фармация» қызметкерінің айлығы − 852 мың теңге
Фото: Жұмабек Айқынұлы
245
оқылды
«СҚ-Фармацияның» былтыр жасаған ресми қорытынды есебінде барлығы 150 қызметкер бары, олардың 122-і белсенді қызметкерлер екені айтылған. Оның ішінде айлығы жоғары 150 қызметкердің 60%-ның жасы қырыққа толмаған жас мамандар. Қызметкерлер жалпы санының 67,7%-ын әйелдер құрайды. Барлығы жоғары білімді. Олардың 29%-ында екі немесе одан да көп дипломдары бар екен.

        Бақылаушы кеңес қайда қарап отыр?

 «СҚ-Фармацияның» ішінен бақылаушы кеңес құрылған. Бұл кеңестің қызметі бөлінген ақшаның жүйелі жұмсалуын қадағалау. 2019 жылғы кеңестің құрамында «СҚ-Фармацияның» жаңа басшысы Ерхат Серікұлы бар. Айта кетерлігі, 2018 жылы кеңестің құрамын басқарған қазіргі Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

«СҚ-Фармацияның» басшылығы былтыр 11 жиналыс өткізіпті

Аталған ұйымның былтырғы жылғы есебінде қанша жиналыс өткізгені, қанша минутқа созылғаны тайға таңба басқандай жазылған. Мысалы, былтыр 11 жиналыс өткізіп, 60 мәселенің басын қайырған. Кездесулердің орташа ұзақтығы 114 минутты құраған. Былтырғы жылға қарағанда бір минут кем (115 минут). 2018 жылы 9 жиналыс өткізіп, онда 43 мәселе көтеріліпті.  width=

2018 жылы 1 қызметкер 733 мың теңге айлық алған

2018 жылы компания 1,1 млрд теңгені тек жалақыға жұмсаған. Жұмысшылар саны – 124 адам. Декреттегі қызметкер саны – 8. 2018 жылы 1 қызметкерге шаққандағы орташа жалақы құны 733 мың теңгені құрады. Біржолғы ынталандыру төлемдері 242 миллион теңге. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2017 жылы қызметкерлердің айлығына кеткен ақша көлемі – 919 млн теңге. «СҚ-Фармация» қызметкерлерінің жалақысы соңғы 3 жылда айтарлықтай өскен. 2017-2018 жылдар аралығындағы жалақыны көтеру үшін қосылған қаражат көлемі – 215 млн теңге. 2018 -2019 жылдары айлықты көтеру үшін 350 млн теңге қосылып отыр. Компаниядағы қызметкерлер саны айтарлықтай өспегенімен, жалақы көлемі бірден артқан. Мысалы, 2018 жылы 600 мың теңге айлық алған қызметкерге 200 мың теңге қосылып, жалпы 800 мың теңге айлық алып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ