Көксегеніне жеткен шығарма
Көксегеніне жеткен шығарма

Ақын, аудармашы Саят Қамшыгер тәржімалаған башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, АНА» кітабы оқырман тарабынан оң баға алып, қызыға оқылған кітаптар санатына енді.

Иә, әркімнің өмірі өзінше өріледі. Бірі – бақытқа кенелсе, енді біріне жоқшылықтың қамы­тын кигізіп, үнемі тарылтып қоя­ды. Барлығы жеткілікті, төрт құбыласы тең адам кедейшіліктің не екенін қайдан білсін. Ал «Тас­тамашы, АНА» кітабын оқыған адам әділетсіздіктің не екеніне көз жеткізеді. Меніңше, жазу­шы­ның да көксеген негізгі ойы – осы. Демек, шығарма өзі көздеген мақсатына жетті.

Дағыстан халық ақыны Расул Ғамзатов «Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек, өзгені де тану үшін кітап керек» деген екен. Қолы­мызға тиген еңбек адамзат атаулы арасындағы немқұрайдылықтың, бейсауаттылықтың соңы немен аяқталатынын көрсетіп береді. Балалар үйінің басшысы тек істеп отырған қызметінен айырылмас үшін ауызында ана сүті кеппеген бейкүнә балаларды атып тастау­дан тайынбайтынын аңғару қиын емес. «Сонымен, таңертең қонақ­тар келеді. Егер түнде үсік жүрсе директордың кәріне іліктің дей бер. Бірақ Мавлида Нұрғалиқызы ауа райын алдаудың жолын тап­ты... Жоғары сыныптың ұлдары бұл түнді ұйқысыз өткізді. Алды­мен әр гүлдің түбін ескі шүбе­ректермен жаптық. Одан кейін гүлдер өсіп тұрған маңға от жақ­тық. Әрқайсымызға суықтан сақ­тау үшін гүлдер бөлініп берілді. Біз таңға дейін отын әкеліп, отты үзбей жағып тұрдық» деген жол­дардан аса бір суреттеуді байқа­майсыз. Бірақ қызметі үшін бас­шының бала тағдырын ойын­шыққа айналдырғаны анық байқалып тұр. Ұйықтаса түсіне кіретін басшының әділетсіздігіне қарсы тұрар дәрмен жоғына еріксіз көз жеткізесіз. Бұл жерде бейкүнә балдырғандарды баян­дай отырып, бүгінгі қоғамда да кез­десіп жатқан келеңсіздікті көрсетуді автор негізгі бағыты ретінде алған секілді көрінді.

Шығарманың әр бетін па­рақтаған адам әке мен шеше баланың ең негізгі қорғанышы екенін ұғына түседі. Шешелерінен ерте айырылып, әке қамқорында асыр салып ойнап жүрген ауыл балалары жалғыз қамқоршысын көз алдында о дүниеге шығарып саламын деп ойламаса керек-ті. Дәл осы секундтардан кейін ауыл­дың қара домалақ балала­рының тағдыры ойда жоқта үш жүз алпыс градусқа өзгеріп сала берді. Әкелерін жер қойнына берген сәттен бастап өкіметтің «жанашыр» адамдары аяқасты пайда болып, балаларды қалаға алып кетудің әрекетіне кіріседі. Бірақ... Әлі оң-солын тани қоймаған балалар туған жер мен қарашаңырақты қиып тастай алмайды. Сол үшін әлгі өкіметтің жандайшаптарына қарсы шы­ғады. Өкінішке қарай, енді олар­дың «шырылын» еститін не әке, не шеше жоқ... Сондықтан олар­дың тағдыры балалар үйіне бай­ланады. Аса бір қатты суреттеу де жоқ. Десек те, бүгінгі таңда ақша көрсе туған елін, тіпті, қасиетті қара шаңырағын сатып кетуге даяр жандарға кіп-кішкентай ғана Ілиястың іс-әрекеті үлгі бо­ларлық. Тәрбиелік жағынан алып қарасаңыз да шығарма ондыққа дәл тиіп тұр.

Ал осын­дай еңбектің қазақ оқыр­мандары арасына таралуына ең бірінші мүмкіндік жасаған – Саят Қамшыгер бауырымыз. Өзімізді танытуға мүмкіндік берген автор­дың еңбегін қарапайым түсінікті тілде аударып, шығарманың шыр­қын бұзбай жеткізудің өзі үлкен шеберлік.

Негізінде, шығармамен мектеп оқушылары, тіпті жоғары оқу орындарының студенттері танысып, оқып шықса құба-құп болар еді. Өйткені қоғамымыздағы түрлі келеңсіздіктер көбіне-көп осы жастардың арасында орын алып жатқаны жасырын емес. Бірі – некесіз бойына біткен баласын тоғыз ай көтеріп, туған соң жай қоқыс тастағандай жә­шікке лақтырып кетіп жатса, екіншілері барын аузына тыққан әке-шешесін қарттар үйіне тап­сырып, тайраңдап жүргенін жа­сырып қала алмаймыз. Міне, осылай шалыс басып жатқан жастардың ақылына ақыл қоса білетін еңбек. Өйткені балалар үйіне келіп түскен жетімектер тасбауыр тәрбиешілердің арқа­сында талай қысымды басынан өткергенін оқығанда өз-өзіне ой түйер. Сабақ алар. Олай деуімізге басты кейіпкер Ілиястың жан қысылып, шырмауықша шыр­мал­ған әділетсіз ортадан өзінше жол іздеуі жүрегі бар адамның ет жүрегін езеді. Тіпті, көзіңізге еріксіз жас үйіреді. Әкесі мен шешесі барда жарасқанын киетін жеткіншектер балалар үйіндегі біркелкі киімнің сапалысына қол жеткізу үшін істеген әрекеті үшін немесе қызығушылықпен кәс­төм-шалбар киген шенеуніктен кәмпит алғаны үшін жазаға тарт­қан мекеме басшысының әрекеті Гитлерден бірде-бір кем түспейді. Оқиға желісін одан ары бойла­саңыз бұл бір балалардың тәрбие мекемесіне емес, бейне бір «түр­меге» тап болғандай күй кешесіз. Тісі ауырып тәрбиешілерден дәрі сұрағаны үшін Ілиястың жазалы ретінде жауапкершілікке тарты­луы кез келген адамның көзіне жас үйіреді. Осы тіс ауруы салда­рынан қаншама балалардың өлім құшқаны, олардың іздеушісі болмағандықтан іс қозғалмай жылы жабылып кетуін жазушы кейіпкердің аузына сала отырып, тамаша баяндайды. Қысқасы, тағдырдың түрлі тәлкегімен осы жерге түскен балаларға интернат директоры Мавлиданың әке-шешесі ішіп, балаларға қарамай кетті деген бір-ақ «диагнозы» жаныңызды қажытады. Менің ойымша, бүгінгі таңда өте өзекті тақырыпты ашқаны үшін жазу­шының бұл еңбегі оқырман тарапынан оң баға алды. Ал осын­дай еңбектің қазақ оқыр­маны арасына таралуына ең бірінші мүмкіндік жасаған – Саят Қамшыгер бауырымыз. Өзімізді танытуға мүмкіндік берген автор­дың еңбегін қарапайым түсінікті тілде аударып, шығарманың шыр­қын бұзбай жеткізудің өзі үлкен шеберлік. Гүлдің су сұрап тұрғанын алыстан байқаған бағ­бан секілді қазақ оқырманының осындай дүниені іздеп жүргенін, жаңа авторлардың қажет болып тұрғанын дер кезінде байқаған аудармашыға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Айтпақшы, бұл кітап мектеп оқушылары ара­сында да тез таралыпты. Жастар­дың қызығушылығының арқа­сында қайта басылып шығыпты. Қызығы сол, оқыған жас өреннің әрбірі бейжай қалмай, кітапты талқылаған. Оң пікірлерін біл­дірген.

Әркімнің өз орны бар екенін анықтап берген шығарманы көз жасын ағызып отырып оқыған оқырманды әкесі мен шешесін құшақтатып, ешбір қиянатшылық жасамауға серт бергізді. Кері­сінше, баласына көңілі толмай көкірегінен итеріп жүрген ата-ананы тәубесіне келтіргені анық. Шығарманың аяғына жеткен кезде шынында да «Тастамашы, АНА» деп өз-өзіңізге еріксіз сы­бырлайсыз!

 

Нұрғиса САХОВ