Жақсықылышқа газ келді
Жақсықылышқа газ келді
131
оқылды
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар – «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральді газ құбыры біздің өңірімізге сәтті қадам, зор мүмкіндік әкелді. Облыс аумағынан өтетін газ құбыры cыр өңірін газдандыруға жол ашты. Қазіргі таңда ауданда 6 500-ге жуық тұрғын үй «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. 200-ден астам кәсіпкерлік және әлеуметтік-мәдени нысандар газға қосылған. Бүгін, міне Арал қаласынан кейін Жақсықылыш кентіне «көгілдір отын» жеткізіліп отыр. Осы жұмыстардың барысында Жақсықылыш кентіндегі 855 жеке тұрғын үйге, 23 кәсіпкерлік және 4 әлеуметтік нысанға «көгілдір отын» қосылады. Коронавирус індетіне қарамастан, қол жеткізіп отырған «көгілдір отын» әрбір отбасының жылуын, Отанымыздың қуатын арттыра түседі деп сенемін. Жақсықылыш кентіне газ берілсін, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбді­қалықова. Еске салайық, 2015 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес Арал қаласының 288 шақырымына газ құбыры және 2 газ тарату пункті мен 36 шкафты газ тарату пункттерінің құрылысы жүргізілген болатын. Нақты кезеңде Арал қаласы бойынша жалпы 6 321 тұрғын үй, 210 кәсіпкерлік және 18 әлеуметтік-мәдени нысан газ жүйесіне қосылған. 2019 жылы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен Жақ­сықылыш кентін «Компания Газ Строй» ЖШС мердігер мекемесі арқылы газдандыру жұмыстары басталып, бүгінгі күні толықтай орындалған. Аталған газдандыру жұмыстары барысында кентке 57,7 шақырым газ құбыры, 1 газ тарату пункті және 4 шкафты газ тарату пункті орнатылған. Телекөпірге Жақсықылыш кентінен Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жоламанов, «Аралтұз» АҚ директоры Бауыржан Көшімбаев және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік фи­лиалының қызметкерлері қатысты. Шара соңында Жақсықылыш кенті­нің еңбек ардагері Айтуған Исма­ғұлов атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғын­дардың атынан алғыс айтып, батасын берді.  

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы