Атырау кви мен пневмонияға шалдыққан сырқаттар көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Облыстағы жұқпалы аурулар ауруханасы науқастарға толып, Махамбет ауданында провизорлық стационар ашылды. Бұдан басқа үйден емделіп жатқан тұрғындар көп. Облыс және аудандарда дәрі-дәрмек жетіспеушілігі сезіліп, тұрғындар дәріханалардан дәрі таппай, қиналып жүр. Кәсіпкер Махмуд Мералиевтың бастамасымен кәсіпкерлер арасында аймақтың денсаулық сақтау саласын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қаражат жинау науқаны жарияланған болатын. Осыған байланысты жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына бизнес өкілдері, облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық бірлестіктер және Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы кірді. Жұмыс тобын аймақтағы танымал кәсіпкерлер Айбар Жаниязов пен Талғат Бекенов басқарып отыр. Қаражат жинау «Сана» қайырымдылық қоры арқылы жүзеге асырылатын болды. Қажетті дәрі-дәрмектердің тізімін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды. Алғашқы екі күнде облыс кәсіпкерлері шамамен 30 миллион теңге жинады. Қаражаттың бір бөлігі облыстық аурухана сұраған қазіргі жағдайда аса қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға жұмсалды. Провизорлық стационарға 10 атаудан тұратын (10 түрлі) 3 245 дана медициналық препараттар жіберілді. Олардың арасында дексаметазон, цианокобаламин, пиридоксин, цефтриаксон, азитромицин, ингавирин және басқалары бар. «Дәрі-дәрмек сатып алу өте қиын. Көтерме компаниялар баяу жауап береді. Біз өз таныстарымызды тартамыз. Жеткізушілермен жұмыстың басым бөлігін «Медицина» АҚ басшысы Забира Даулетжанова жүргізуде. Медицина саласындағы білікті маман ретінде ол бізге барлық мәселе бойынша кеңес береді және дәрі-дәрмектерді сатып алуға белсенді қатысады. «Дезинфекция» АҚ-ның директоры, бұрын әскери дәрігер болған Бауыржан Кощановты да атап өткім келеді. Ол бізге тек ақпараттық көмек көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар дәрілерді сақтау қоймалары туралы да ақпарат беріп отыр. Дәрі-дәрмектердің алғашқы партиясын №2 облыстық аурухананың уақытша ауруханасына жібердік, өйткені оларда дәрі-дәрмек тапшылығы сезіліп тұр. Қаражат жинау жалғасуда. Сонымен қатар облыстың басқа медициналық мекемелеріне де ақысыз көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз», – деді жұмыс тобының жетекшісі, «Идеал Маркет» ЖШС бас директоры Талғат Бекенов. Бір айтарлығы, «Елмен біргеміз» қайырымдылық акциясына қатысқысы келетіндердің барлығы жұмыс тобының жетекшілеріне немесе Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады. Сайып келгенде, жергілікті кәсіпкерлердің көмегі, халықтың ауруханада жатқан туған-туысқандарына дәрі іздеп сабылмауына жағдай жасап отыр. Әйтсе де, қазіргі күнде де үйлерінен емделушілерге дәрі іздеген тұрғындар легі толастар емес. Атырауға медициналық препараттардың 470 түрі Алматыдан әкелінді. Атырау коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бүгіннен бастап қаладағы дәріханаларға таратылады. Ал аудандарға сәрсенбі мен жұма аралығында жеткізіледі. Фармацевтикалық компания директоры Светлана Липатованың айтуынша, жұма күні Алматыдан Атырауға тағы да дәрі-дәрмек келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметке Атырау өңіріне дәрігерлер жіберіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тапсырды. Елдің жағдайы жақсаратынына үміттіміз.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы