Жол салудағы қателік елді алаңдатып, қазынаны шығынға батырады

Жол салудағы қателік елді алаңдатып, қазынаны шығынға батырады

Алты жылға жуық созылып, өткен жылы әрең дегенде толық пайдалануға берілген Алматы – Талдықорған республикалық автотрассасының екі елдімекен: Балпық Би және Бақтыбай ауылдарын жарып өтетін бөлігі заманауи күрежолдың ел игілігіне қызмет етуін біразға кешіктіргені рас. Әсіресе, Бақтыбай ауылында тұрғындар мен жолшылар арасында түсінбестік жиі тіркелгені әлі есімізде.

Бастапқыда осы елді­ме­кен­дегі жол жиегіндегі үйлер бұ­зылатын болған. Одан кейін жо­ба қайта жасалып, баспа­на­лар қалдырылған еді. Дегенмен осы­дан біраз бұрын ауыл тұ­р­ғындары көшеге шығып, рұқ­сатсыз жиын ұйымдастырып, рес­­публикалық маңыздағы жол­ды жауып тастамаққа ұм­тыл­ды. Олардың талаптары – төрт жолақты трассаны ауыл­дан тысқары аумақ арқылы өткізу. Өйткені жол үйлерді жанай өтеді. Бұл жағдай өз ке­зе­гінде жауын-шашын кезінде үй­лер мен аулаларға қашпа судың жиналуына әсер етеді. Сонымен бірге, трасса арқылы күні-түні өтетін ауыр жүк кө­лік­терінің кесірінен үйлердің қа­бырғалары шытынай баста­ған. Жол-көлік оқиғасы кезін­де автокөліктердің үйлерге со­­ғылуы да әбден мүмкін. Ба­лалар аулаға, көшеге шығып ойнаудан қалған. Олардың әр қимылын көзден қалт еткізбей қадағалап отыру керек...

Жоғарыда айтқанымыздай, жол құрылысын кешіктірген 24 шақырымдық бөлікке қа­тысты мәселені шешу үшін ке­зінде арнайы комиссия құрылып, нақты жұмыстар іс­теген. Трассаға таяу тұрған үй­лерді бұзу туралы ұсыныс қол­дау таппағаннан кейін, қо­ғам­дық тыңдалымдар ұйым­дас­тырылып, солардың нәти­же­сінде жобаға қайта түзетулер енгізіліпті. Екі ауылда да ав­тот­­расса қалалардағыдай ба­рын­ша тарылған түрде төсел­ген. Былтыр трасса толығымен аяқталғанда екі жақ та ес жи­ған­дай еді. Алайда бақты­бай­лық­тар 4 жолақты жолдың тура үй жанынан өтетінінің тым қауіпті екенін енді тү­сін­гендей, қайтадан талаптар қоя бастады. Ақыры аудан әкімдігі өкілдерімен кездесіп, мәселені шешудің жолын тапқандай бол­ды.

Тұрғындар мен атқарушы би­лік және жолшылар арасын­да­ғы шиелініске қатысты түсі­нік берген «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ мамандарының айтуына қа­рағанда, автотрассаның Бақ­тыбай ауылындағы Қонаев кө­­шесі арқылы өтетін бөлігін қай­­та құрылымдау Құрылыс нор­­малары мен ережелері та­лап­тарына сай жасалған. Екі ауыл бойынша аса ауқымды жұмыстар атқарылған. Электр та­сымалдау, байланыс желі­ле­рі көшіріліп, арықтар қайта жа­салған. Жаяу соқпақтар абаттандырылып, адамдар өте­тін бөліктің екі жағына қор­­шаулар орнатылып, бағ­дар­шамдар мен жарықтандыру ті­ректері қойылыпты. Ав­то­бустар тоқтайтын орындар жаб­дықталып, автокөлік қоя­тын орындар реттелген. Көлік жыл­дамдығына шектеулер қойылған. Тоқетерін айтқанда, бар­лығы заңды, құрылыс нор­малары мен ережелері қатаң сақ­талған. Жобалау кезінде тұр­ғынжайлардың жақынды­ғына қатысты ерекшеліктер де толық ескерілген.

Бірақ қазіргі кезде тұр­ғын­дар тарапынан орын алған тү­сін­бестіктерге байланысты Балпық би мен Бақтыбай ауыл­дарын айналып өтетін, ұзын­дығы 18 шақырым бола­тын жол құрылысының жоба­лық-сметалық құжаттамасы жа­салып, мемлекеттік сарап­та­маның қорытындысы алы­нып, құрылыс жұмыстары ке­лесі жылы басталатын бо­лып­ты. Жоба толық жүзеге асы­рылған соң республикалық маңыздағы күре жолдың жо­ғарыда аталған екі ауыл ар­қы­лы өтетін бөлігі өзінің маңы­зын жоғалтып, жергілікті жол­дар желісінің еншісіне бе­рі­леді.

Осылайша, атқарушы би­лік пен жол са­ласында­ғы­лар­ды екі жыл қа­та­рынан ма­за­ла­ған мәселенің шешімі та­был­ғандай. Алайда жолды ал­ға­шында ауылдарды айналып өтетін етіп салғанда тұр­ғындар тарапынан түсін­бес­тік туын­дамас еді. Авто­бан­ды жобалау кезінде жіберілген қа­телік ке­сірінен жұрт көңілі алаң­дады. Жолды қайта төсеу­ге мем­ле­кеттік бюджеттен қо­­мақты қаражат жұмсала­ты­ны тағы бар.


Болат АБАҒАН,
Алматы облысы