Шетелден елге оралатындар нені ескеруі тиіс?

Шетелден елге оралатындар нені ескеруі тиіс?

Комитеттің хабарлауынша, әрбір азамат Қазақстанға келу немесе қайтпау мәселесін өзі шешеді. Ал санитар дәрігерлер карантин талаптарын қатаң орындау керегін ескертті. Ережелер бас мемлекеттік санитар дәрігердің 2020 жылғы 24 маусымдағы қаулысында толықтай жазылған. Құжат талабы бойынша дене қызуы көтерілген азаматтар екі тәулікке провизорлық стац­ионарға жатқызылады. Келген жолаушыдан COVID-19-ды анықтау үшін тест алынады. Егер коронавирус анықталса, инфекциялық стационарға жіберіледі. Сапарлас болған жолаушыларға коронавирустың симптомы болуы мүмкін екені ескертіледі. Қажетті анықтау шарасы қосымша тексеріледі. Мұндай ережелер ТМД елдерінен теміржол, теңіз, өзен және автомобиль көлігімен келетіндерге де қатысты екенін қаперде ұстаған жөн. Халықаралық рейспен кел­ген, бірақ COVID-19 бар-жоғын анықтайтын тесті жоқ азаматтар 48 сағат ішінде ПТР-тест тапсыруы тиіс. Шетелден оралған жолаушылар келген қаласында 14 күн бойы үй карантинінде оқшаулануы қажет. «Тиісті аймақтың көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігерінің аймақтағы және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты шетелден келген жолаушыларды карантинге жатқызу туралы шешім шығаруға құқығы бар» делінген ресми құжатта. Сондай-ақ шетелден келген жолаушылар туралы барлық мәлімет Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы мобильді қосымшасындағы деректер ба­засында жинақталады.  

Майра ЖАНЫСБАЙ