Жапон парламентіндегі жаңа мүшелер
Жапон парламентіндегі жаңа мүшелер
129
оқылды

Жапонияда өткен айда Парламенттің жоғарғы палатасына сайланған мүмкіндігі шектеулі екі азамат бейсенбі күні жұмысын бастады. Ясухико Фунаго мен Эйко Кимураға дейін Парламентте мүгедектігі бар азаматтар болмаған. Мойнынан аяғына дейін бүкіл денесі сал ауруына шалдыққан Фунаго сөйлеу үшін аузымен басқарылатын компьютерлік технологияны пайдаланады.

Әріптесімен диагнозы ұқсас Кимура да аяғынан мойнына дейінгі дене бөлігінде тек оң қолын ғана қимылдата алады. Фунаго мен Кимураның жанына олардың еркін жұмыс істеуіне көмектесетін қызметкерлер керек. Жапония үкіметі тек үйде отыратын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ғана тегін көмекші қызметін ұсынады. Ал жұмыс істейтін мүгедектерге мұндай қолдау шарасы қарастырылмаған. Парламент Фунаго мен Кимураның жанына әлеуметтік қызметкер қосып беріп, оның еңбекақысын төлеуге уәде берді. Жаңадан тағайындалған депутаттар өз мәселелері шешілгенімен, елде ұқсас жағдайға тап болған, мемлекеттік қолдауға зәру басқа да жапондықтар көп екенін айтады. «Жүйені өзгерту көп уақыт алғанымен, біз бұл мәселені шешуге бар күшімізді саламыз» деді олар. Жапониядағы құқық қорғаушылар мемлекеттің мұндай саясаты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыс істеп, қоғамның толыққанды мүшесі боп өмір сүруге деген талпынысын тежейді деп санайды.

Жапония министрлер кабинетінің дерегінше, елде физикалық және ақыл-ой мүгедектігі санатын алған 9,63 миллион азамат бар. 2020 жылы Токиода параолимпиадалық ойындар өтеді. Жапондықтар бүкіләлемдік спорт додасы қарсаңында Парламент құрамының мүгедектер мәселесін түсінетін жаңа мүшелермен толығуынан үлкен үміт күтеді. AFP тілшісімен сөйлескен Юмико Ватанабэ деген азамат «Көпшілік мүгедектіктің ауыр формасы тіркелген адамдарды төсекке таңылып жатады деп ойлайды. Тиісті көмек көрсетсе, біз де қалыпты өмір сүре алатынымызды басқалар білгенін қалаймын» деген.