Сауд Арабиясының билігі әйелдерге қамқоршы ер азаматтың рұқсатынсыз шетелге шығу мүмкіндігін енгізді. Жаңа ережеге сәйкес, 21 жастан асқан әйелдер шекара асу үшін төлқұжат жасауға өтініш бере алады.
Осыған дейін елдегі әйелдер шетелге сапарлау немесе төлқұжат алу үшін әкесі, күйеуі немесе басқа да туыстық байланысы бар ер азаматтың рұқсатын алуы керек болатын. 1948 жылы қабылданған Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияға сәйкес, еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерді таңдау адамның ең маңызды құқығы саналады. Әйелдер құқығын кеңейткен жаңа жарлық бойынша, енді әйелдерге некені тіркеу, ажырасу немесе балаға туу туралы куәлік алу құқығы беріледі. Сауд Арабиясындағы бірқатар гендерлік өзгерістер ханзада Мұхаммед ибн Салман тұсында басталды. Ол әйелдерге көлік жүргізуге, спорттық шараларға баруға рұқсат берді. 2016 жылы ханзаданың бастамасымен жарияланған экономиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспарында жұмыс істейтін әйелдердің үлесін 22 пайыздан 30 пайызға дейін арттыру көзделген. Елдегі оң өзгерістерге қарамастан, Сауд Арабиясынан қашуға талпынған әйелдердің де саны артып келеді. Мәселен, 2018 жылы Канада 18 жастағы Рафак Мұхаммед әл-Кунун деген қызға саяси баспана берді. БҰҰ оны «босқын» деп таныды. Ата-анасымен бірге Кувейтте жүрген кезінде қашып шыққан бойжеткен Тайландқа келіп, қонақүйден видео жазған. Видеода қыз шашын кескені үшін ата-анасының қысымына ұшырағанын, Ислам дінінен бас тартқаны үшін Сауд Арабиясында өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін айтып, көмек сұраған. Халықаралық ұйымдардың назарын аударған видеодан кейін Рафак Мұхаммед әл-Кунун Канадада тұруға мүмкіндік алды.
Өткен жылы Amnesty International Сауд Арабиясы билігін «елдегі саяси қызметпен айналысатын белсенді әйелдерге қатысты азаптау шараларын қолданды» деп айыптаған. Бүкіләлемдік экономикалық форумның бағалауынша, жыныстар арасындағы теңдік бойынша Сауд Арабиясы 149 мемлекеттің ішінде 141-орында тұр.