Сапарбаевтың айқайы болмаса, ыстық су берілмей ме?
Сапарбаевтың айқайы болмаса,  ыстық су берілмей ме?
Фото: Интернеттен алынды
167
оқылды
Биыл бұқара бұл тығырыққа қайта тіреліп, әлемдік пандемия кезінде ыстық судан қағылғандарын ашына жеткізді. Жұрттың жанайқайы жергілікті биліктің құлағына жетіп, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев олқылықтың орнын толтыруды жіті бақылауына алған. Міне, осы талапты тапсырманың нәтижесінде қара халық ыстық суға қайта қол жеткізгелі тұр.    Жалпы,  Тараз қаласындағы жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүруіне байланысты 1 шілдеден бастап көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық  сумен қамту уақытша тоқтатылған болатын. Алайда тұрғындар облыс орталығындағы құбырлардың жыл сайын жөндеуден өтетінінен  шаршағанын  айтып,  қазіргідей  індет тарап жатқан кезде ыстық судың ауадай қажет екенін жеткізген. Қара халықтың өтінішіне   облыс әкімі құлақ түріп,  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі кеңесте шұғыл түрде ыстық сумен қамтамасыз етуді қалпына келтірудің шешімін табуды, сонымен қатар  жылу жүйелерін жөндеуді тездетуді тапсырған еді. –Қысқы жылыту маусымына дайындық мақсатында басталған жөндеу жұмыстарын жеделдетіп аяқтау үшін  3 ауысымда жұмыс жүріп жатыр. Осы арқылы тамыз айынан бастап РК-4 аудандық қазандығынан ыстық су берілетін болады. Осылайша,  облыс орталығындағы 612 көпқабатты тұрғын үй  кезең-кезеңімен сумен қамтылады,  – дейді облыс әкімдігі Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Князь Тұртаева. Тараз қаласы  әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев болса, аймақ басшысынан түскен тапсырмадан кейін  жоспарлы  жұмыс жүйелі әрі жылдам  жүргізіліп жатқанын айтады. – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 17 жобаға 1,8 миллиард теңге бөлінді.  Соның ішінде, Тараз қаласы бойынша 7 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күнге ағымдағы жөндеуді қажет ететін 14 436 метр жылу желілерінің 60 пайызы, жаңартудан өтетін  4 269 метр жылу жүйелерінің 20 пайызы монтаждалды. Ауыстыруды қажет ететін 2 қазандық толық бұзылып, жаңа қазандықтарға тапсырыс берілді. Бүгінгі таңда барлық 17 аудандағы жұмыс барысы қатаң қадағалануда. Арнайы техника және жұмысшылардың саны көбейтіліп, жалпы жұмыстарды 2 аптаның ішінде аяқтау жоспарланып отыр, – дейді  қала әкімінің орынбасары. Міне, осылайша жауаптылардың жон терісіне қамшы басқаннан кейін барып тірлік тетігін тауып, қалың қысқа дейін бітпестей көрінген шаруа екі аптада аяқталатын болып  шешілді. Осындай кезде «Жұмыс жүйесін табу үшін міндетті түрде облыс әкімінің «айқайы» қажет пе?»  деген ой келеді. Не де болса, бұл хабар қара халықтың жанын жадыратып тұр. Ең бастысы, көпшілік  «Қысқа дейін ыстық су көрмейміз бе деп отырған күдігімізді Сапарбаев сейілтті» деп, тындырымды тірлікке  дән риза болып жатыр.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы