Госпитальда 100 төсек-орын жұқпалы ауруларға арналған, 250 төсек – пульмопровизор орын бар. Госпитальда COVID-19 бар науқастарды, сондай-ақ түрлі бронхо-өкпе ауруларынан зардап шегетіндерді қабылдайды. Мекемеде ӨЖЖ аппараттарымен, пациент мониторларымен және перфузорлармен жабдықталған жан сақтау бөлімі бар. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек медициналық мекеменің пациенттерді қабылдауға қаншалықты дайын екендігімен танысты. Эпидемиологиялық қауіпсіздік мақсатында барлық бөлмелер оқшауланып, бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Ғимараттың ішінде компьютерлік томограф орнатылған, ал екінші аппарат мұнда жақын арада жеткізіледі.
– Енді бізде жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылғаннан соң, КВИ-мен ауыратын науқастарды инфекциялық госпитальдарға жіберудің қажеті жоқ. Пациент келіп түскенде, біз қанның оттегімен қанығу деңгейін - сатурациясын тексереміз. Егер ол жақсы болса, компьютерлік томография жасаймыз. Қажет болған жағдайда науқасты пульмопровоизорлық бөлімшеге орналастырамыз. Осы кезеңде біз коронавирустық инфекцияға ПТР-тест аламыз. Егер ол оң нәтиже берсе, науқасты жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырамыз, – деп түсіндірді пульмопровизорлық госпиталь басшысы Ләззат Шоланова.Бір ауысымда 20 дәрігер, 30 медбике мен санитар жұмыс істейді. Сондай-ақ, азаматтық ақ халаттыларға көмекке әскери дәрігерлер де келді. Олар жұқпалы аурулар бөліміне жетекшілік ететін болады. Жақында ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Мұнда қайта жобалау жүргізіліп, госпиталь заманауи желдету жүйесімен жабдықталды.
Қарағанды облысы