Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қытай халық республикасынан гуманитарлық көмек ретінде әкелінген маскаларға коронавирус инфекциясы жұқтырылған деген аудиожазбаны жалған деп атады.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды", - деп хабарлады ведомство.Сонымен қатар, комитет басқа елдерден жеткізілген барлық медицина заттары мен дәрі-дәрмектің белгіленген міндетті талаптарға сәйкестігі мұқият тексеруден өтетінін атап өтті.
"Аталған жағдай бойынша ақпаратты таратушының жеке басын анықтау үшін іс ішкі істер органдарына берілді. Азаматтардан әлеуметтік желідегі шындыққа жанаспайтын ақпаратқа сенбеуді және тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз", - делінген хабарламадаАйта кетейік, жалған ақпарат таратқан азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұған дейін әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Назарбаевтың қанынан коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірленетіні туралы ақпарат тарады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарған болатын.