Облыс әкімдігінің жанынан құрылған жұмыс тобы Біріккен Араб Әмірлігінен жеткен медициналық құрал-жабдықтарды қала, аудандарға қажеттілікке қарай бөліп, жөнелтіп отыр. БАӘ-ден келген гуманитарлық көмекте медициналық бетперде (95 мың дана), қолғап (250 мың дана), қорғаныс киімі (15 мың дана), жасанды тыныс алу аппараты (ИВЛ) (25 дана), антитела сынамасы (100 мың дана) мен қорғаныс жапқышы (6 мың дана) бар. Медицина жабдықтарын жүйелі түрде қадағалау үшін жұмыс тобының құрамына қоғам белсенділері мен журналистер кірген. Одан бөлек, жұртшылық атынан атсалысуды мақсат еткен еріктілер де көмекке жұмылдырылған. Олар заттардың медицина орталықтарына уақытылы баруын қамтамасыз етпек.
– Коронавирусты анықтауға арналған тесттердің бәрін облыстық Денсаулық сақтау басқармасына бердік. Себебі лаборатория тек Ақтау қаласында бар. Олар қажеттілікке қарай үлестеріп, тест жүргізіп отырады. Ал қалған медицина жабдықтарын қала мен әр ауданға теңдей бөлдік. Енді аудандық әкімдіктер жанынан жұмыс тобы құрылады. Олар заттардың қолды болып, саудаға шығып кетпеуін бақылайды. Жұмыс тобына «Nur Otan» партиясының өкілдері де енді. Барлығы жүйелі болуын қамтамасыз етеміз, – деді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Аят Исатайұлы.
Сонымен қатар дәл осындай бақылаушы жұмыс тобы аудандарда да құрылып жатыр. Олардың міндеті – қала, аудан орталықтарына жеткен медициналық жабдықтарды әрі қарай дәрігерлерге дұрыс үлестіруін қадағалап отыру.
М.ХАҚНАЗАР