Президенттің айтуынша, бюджетті Ұлттық қордағы трансферттер ғана ұстап тұр. Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 1,8 пайызға түсіп кеткен. Қызмет көрсету саласы 5,6 пайыз қысқарған. Жыл соңына дейін инфляция 11 пайызға жетуі мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыс күшейетінін ашық мәлімдеді. Шыны керек, жағдай жақсы емес. Standard & Poor's, Moody’s, Fitch Ratings сынды ең беделді әлемдік рейтинг агенттіктері, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры сияқты ұйымдардың ешқайсысы көңіл көншітетін болжам айтпайды. Бәрі де бірауыздан жаһан экономикасы үлкен рецессиямен бетпе-бет келгенін растайды. Қазірдің өзінде ғаламда коронадағдарыс болып жатыр. Бұл құбылыс, әрине бізді де айналып өтпейді. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры биыл Қазақстан экономикасы минус 2,7-3 пайыз құлдырайды деп топшылайды. GSB UIB директорының орынбасары Мақсат Халықтың пікірінше, жалпы ішкі өнімнің бұлай төмендеуі бізде соңғы 22 жылда болмаған. – Тіпті, мына 2014, 2015, 2016 жылдары еліміз бастан кешкен үлкен дағдарыстар кезінде экономика 1 пайыз өсті. Одан кейін 2007-2009 жылдары әлемде алапат дағдарыс болғанда, 2009 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 1,2 пайызға жетті. Минус көрсеткіш Қазақстанда тек 1998 жылы ғана болған, – дейді экономист. Төтенше жағдай кезінде екі айдан астам үйде отырып, 4,5 млн азамат табысынан айырылды. Қазақстанда еңбекке жарамды 10 млн-ға жуық адам бар. Демек, халықтың жартысы екі ай бойы жұмыс істеген жоқ. Сәйкесінше, екі ай бойы еңбек өнімділігі болмай, экономика кері кетті. Бүгінде көптеген компания қызметін толық тоқтатқан. Біразына уақыт жағынан шектеу қойылды. Халықтың табысы азайды, бұл еңбекақы қорына бірден әсер етеді. Жалақы төлей алмайтын жұмыс беруші жұмысшыларын ақысыз демалысқа жібереді немесе мүлдем босатады. – Жақында бір аудиторлық компанияның мәліметі жарияланды. 300 мың кәсіпкерлік субъекті қызметін доғарыпты. Бізде 1 млн субъекті пандемиядан қатты зардап шеккен. Олар банкротка ұшыраса, қаншама азамат жұмыссыз қалады. Елдің шаруасы күйзеледі. Дәтке қуат қыларымыз – мұнай бағасының 40 доллар маңайында тұрғаны. 30 доллардан түссе, мұнай өзіндік құнын ақтамайды. Бюджеттің кірістілігі нашарлайды, – дейді экономист Мақсат Халық. Ал Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың пікірінше, бұл – экономикалық проблема емес, вируспен күресудің жолдарын таппай жатқандықтан туындаған мәселе. – Мұнайдың бағасы құлауына індет әсер етті. Жер шарында миллиондаған адам карантинге жабылды. 2020 жылдың наурыз айында дүниежүзі экономикасы тоқтады. Мұнайға сұраныс азайды. Мамырдың басында 270 млн баррель мұнай өнімі мұхиттың бетінде танкерлермен қалқып жүрді. Кейінгі кезде сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігі реттеле бастады, бірақ жартылай ғана. Көп мемлекетте карантин режимі қайта енгізілді. Дағдарыс қашан аяқталарын ешкім білмейді. Бүгінгі 40 доллар деген баға тиімсіз. Баға 50 доллардан аспайынша банктер инвесторларға ақша бермейді, өз кезегінде инвесторлар мұнай нарығына ақша салмайды, – дейді экономист. Мәселенің маңызын қадап түсіндірген Мемлекет басшысы ірі шенеуніктер жазда еңбек демалысына шықпайтынын жеткізді. Коронадағдарысты соғыс жағдайына теңеген Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің екінші Жолдауында экономикалық серпінге бастайтын жаңа шараларды ұсынатынын атап өтті. Сондай-ақ Президент экономикасы шикізаттық сипатқа ие Қазақстан үшін дағдарыс өте қауіпті екенін ескертті және «елге дамудың жаңа бағдары керек», – деді. – Күмәнді стратегиялар мен бағдарламаларға ақша мен күш жұмсауға қақымыз жоқ. Ұлттық экономиканың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыру мақсатында құрылымды реформалар жүргізетін кез келді, – деді Мемлекет басшысы. Экономист Мақсат Халық бұл жаңалықты қуана құптайды. Дағдарысқа қарсы бағдарлама қажет-ақ. Онсыз қайда бет түзеуден бейхабар жүйесіздік пен жүгенсіздік белең алады. Бірақ оның тетіктері тиімді жүзеге асырылса ғана экономика тұраламайды және үлкен шығындардың алдын алуға мүмкіндік туады. – Бұған дейін мемлекет тарапынан жақсы қадамдар жасалды. Қазір Үкімет коронавирус дағдарысымен күресуге 6 трлн теңге көлемінде пакет бөліп отыр. Бұл – аз қаражат емес. 1 трлн шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жұмсалмақ. Бұл да – оң қадам. Көптеген кәсіпкер коммуналдық төлемдері мен несиелерін төлей алмайды. Батыс Еуропада кәсіпкерлерге көмек ретінде еңбекақы қорының 50-70 пайызына дейін мемлекет көтеріп жатыр. Қазақстан тым құрығанда сол шығынның 30 пайызын жапса, елді жұмыссыздық жайламас еді, – дейді сарапшы. Коронадағдарыс кезінде Үкімет халықаралық институттардан ақша іздеуде. Наурызда Қаржы министрлігі сыртқы нарықтан 3 млрд доллар алу жоспарын айтқан. Бірақ кейін бұл идеядан бас тартты. Маусымның соңында Азия даму банкі коронавирустың қоғамға, экономикаға, денсаулық сақтау саласына кері әсерін азайту үшін миллиард доллар пакетті мақұлдағанын хабарлады. Мамандар осы ақшаны оңтайлы игеріп, тиімсіз шығындарды қысқартып, ұзақмерзімді жобаларды, түрлі форумдарды, концерттер мен отшашуларды уақытша доғарып, үнемделген қаржыны әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмылдыру керек деп пайымдайды. – Тәуелсіздік кезеңінде 5-6 экономикалық дағдарысты өз көзіммен көрдім. Біз оның бәрін азаматтық құрылыс пен жол салу арқылы еңсердік. Үкімет бұл жолы да тура сол бағдарды ұстанатын сияқты, – дейді экономист Рашид Жақсылықов. Бір ескеретін нәрсе, біздің Ұлттық қорда 57,5 жарым млрд доллар бар. Мемлекет осы уақытқа дейін дағдарысқа қарсы пакетке 10 млрд доллардай бөліпті. «Демек, бұдан бес есе ауыр қиындықты да еңсеретін қауқарымыз бар» деп санайды сарапшылар.