Интернет дейтін «базар» бар…
Интернет дейтін «базар» бар…
228
оқылды
Қара базарға шықпай-ақ, қап көтермей-ақ ақша айналдыруға, сауданың шырайын кіргізуге болады. Ол үшін интернет пен әлеуметтік желіні еркін меңгерсеңіз болғаны. Заманауи үрдістерге бейімделген біраз жас қазір осыны кәсіп қылып жүр. Айтпағымыз интернет сауда жайында.

Қазір кез келген кәсіп түрі онлайн қызмет көрсетуге кі­ріскен. Бұл, әрине, адамдар үшін тиімді. Тіпті сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта он­лайн сауда бірнеше параметр бойынша дәстүрлі саудадан асып түсе бастаған. 2019 жылдың бас­тапқы айларындағы көр­сет­кіш бойынша Қазақстанның онлайн нарығы 287 млрд теңгеге баға­ланып, жиынтық өсімі 23,2 па­йызды құраған. World Cellular Information Service мәліметі бойынша, қазіргі таңда қазақ­стандықтардың 76,4 пайызы интернетті пайдаланады. Сон­дай-ақ төлем карталарын пай­да­лану жағынан да еліміздің көр­сеткіші өте қарқынды. 2019 жыл­дың 1 сәуірінде тіркелген дерек­ке сүйенсек, елімізде 24,4 млн төлем картасы тіркелген. Ұлттық Банктің хабарлауынша, төлем­дердің көбі POS-терминал және мобилді банкинг жүйесі арқылы жүзеге асырылған.

Сарапшылардың сөзінше, 2022 жылға таман еліміздің электронды коммерция нарығы 928 млрд теңгеге бағалануы бек мүмкін. Ұлттық экономика ми­нистрлігі сауданы дамыту де­пар­таментінің директоры Ай­жан Бижанованың айтуынша, 2023 жылға таяу әлемдік элек­тронды сауда нарығы 2,8 трлн долларға жетеді. «Электронды сауданың өсімі пропорционалды түрде дәстүрлі сауданың үлесін кеміте бермек. Мемлекеттік ба­қылаушы ретінде, бизнес субъек­тілерін осы тенденцияға дайын­дауымыз қажет. Енді бұдан бы­лай тұты­нушы үшін күрес бұ­рын­ғыдан да қатаң, бәсекеге то­лы райда жү­реді. Сондықтан ин­тернет дү­кен­деріміз бен элек­тронды алаң­дарымыз өзін әркез дамытып, заманға бейімделіп отыруы тиіс» дейді маман. Элек­тронды сауда кәдуілгі базар сау­дасын басып озуы ықтимал де­ген сөзбен ке­лісуге де болатын сия­қты. Себебі, мұны дәлел­дей­тін дерек те бар. Министрлік мә­ліметінше, 2018 жылдың қо­ры­тындысы бойынша еліміздегі электронды сауданың құны 269 млрд теңгеге жетіп, сатып алушы адам саны 2,3 млн адамға жақындаған.

Электронды коммерция нарығының қарқын алуы ендігі кезекте жаңа әрі қуатты жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік бермек. 2025 жылға таман қазақстандық интернет нарық арқылы сатып алу көлемі 500 млрд теңгеге дейін жетіп, бұл көрсеткіш жалпы көтерме сауданың 5 пайызын құрайды деген болжам бар. Премьер-министр Асқар Маминнің өзі шілде айында электронды коммерция аясында логистикалық компаниялардан түсетін табыс көлемі 1,3 триллион теңгеге дейін артуы тиіс екенін айтқан. Тиісінше, алда 280 мың жаңа жұмыс орындары ашылады. 

 

Азаматтар көбіне интернет арқылы киім, аяқкиім, тамақтану өнімдері, дәрілік препараттар, тұрмыстық пайдалану мүліктерін сатып алады. Сонымен қатар интернет арқылы фильм, музыка жүктеп алатын пайдаланушылар саны да арта түскен. Ұлттық эко­номика министрлігінің мәліме­тінше, интернет арқылы ең көп көрсетілген қызмет түрі – түрлі ойын-сауық шараларына би­леттер тарату, саяхаттау үшін ар­найы брондау жасау, теле­комму­никациялық, қаржылық және сақтандыру қызметтері болып саналады. Әрине, бұл қызметтерді пайдалану үшін азаматтар көбіне картадағы қаражатын онлайн түрде жол­дайды. Жалпы, қазақ­стандықтар қазір ай сайын төлем картасы арқылы триллион тең­геден ас­там ақша жұмсай баста­ған. Биыл сәуір айында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ке­ден құжаттарын рәсімдеуді же­ңілдетуге бағыт­талған заңға қол қойған болатын. «Қазпошта» АҚ басқарма төра­ғасы Сәкен Сәр­сеновтің ай­туын­ша, бұл жаңа бастама 1 700-ден астам қа­зақ­стандық интернет-кәсіп­кер­лерге үлкен көмегін ти­гізбек. Енді электронды ком­мерция нарығындағы қазақ­стан­дықтар өз өнімін шет мем­ле­кет­терге де еркін сата алады.

 

– 2019 жылдың сәуір айына дейін біздің интернет-дүкендер тауарларын өзге елдердегі сатып алушыларға жібере алмай келген еді. Жіберу үшін әр тауарға қа­тысты кеден декларациясын рәсімдеп, кеден органдарында арнайы төлем жасауы тиіс бо­латын. Енді кеден декларациясы ретінде «Қазпошта» дайындай­тын пошта құжаттарын тегін пай­далана беруге болады, – дейді Сәкен Сәрсенов.

Қазір нарықта 1 700-ден ас­там интернет-дүкен жұмыс істе­се, соның 68 пайызы – тауар саудасымен, ал 32 пайызы қыз­меттер түрін ұсынумен айна­лы­сады. Тауарлар арасында құ­ры­лыс материалдары, тұрмыстық техникалар, косметика, киім танымалдылыққа ие. Элек­трон­ды нарық аясы жылдан жылға кеңейіп келе жатыр. Әлеуметтік желі арқылы өз өнімдерін жар­намалап жатқандар да, арнайы интернет-дүкен ашып кәсіп қыл­ғандар да жетерлік. «Қаз­пошта» АҚ электронды сауда жөніндегі атқарушы директоры Асқарбек Алшанбаевтың ай­туынша, интернет-дүкен ашу үшін ескеру керек бірнеше мәселе бар.

Пошта операторы – «Қазпошта» да интернет нарыққа елеулі үлес қосуға дайын. Аталған мекеме сайтында пайдалы сервистерді пайдалануға мүмкіндік беретін Open API KazpostStore интернет-дүкені үш бағытта жұмыс істейді: пошталық, қаржылық қызмет және PayPost интернет-экваэринг.

– Интернет-дүкенді ашу үшін платформа керек. Одан ке­йін тауарларды жеткізуді рет­тейтін логистика мәселесін қолға алған жөн. Қазір еліміз бойынша 70-тен астам курьерлік компания бар екен. Соның кез келгенімен келісімшарт жасап, бірлесіп қызмет істеуге болады. Сонымен қатар төлем жүйесін енгізу өте маңызды. Ол карточка арқылы жүзеге аса ма, әлде пошта бөлімшесі арқылы ма, оны бизнес иесі өзі шешеді. Одан кейін маркетинг мәселесі бар. Бұл өз өніміңізді жарнамалау үшін өте маңызды, – дейді Асқарбек Алшанбаев.

Ал белгілі блогер, IT маманы Нұрлан Жанайдың айтуынша, онлайн сауда жүргізу үшін адам­да ерекше қабілет болуы шарт.

– Онлайн сауданың офлайн саудадан айырмашылығы – клиентті көзбен көрмейсің. Ба­зардағы саудагерлер адамды сөз­бен баурап, қасына шақырып, сендіріп, көндіріп тауарын сатып жібереді ғой. Ал онлайнда олай ету мүмкін емес. Тек жазумен ғана адамның көңілін баурай аласың. Адамдар қазір қоңырау шалуға да ерінеді. Тек уатсап мессенджеріне жазады. Сол кез­де өте сауатты, ұқыпты жа­зып, тауарының артықшы­лық­тарын, адамға керегін түсіндіріп жаза алу өте маңызды. Смай­ликтерді де орнымен қолдану керек. Бі­реулер қолданғанның жөні осы екен деп көзінде жүрек жанып тұрған стикерлерді қоя береді. Бұл – дұрыс емес, – дейді маман.

Оның сөзінше, білімсіз он­лайн сауданы шырқ үйіріп кетемін деу – қиынның қиыны. Себебі, клиенттердің де сауаты өте жоғары. Олар да тауар иесінің маркетингтік қадамы мен қабілетін бағалай алады дейді.

– Әлеуметтік желіні терең зерделеу өте маңызды. Сол жер­де отыратын адамдардың пси­хо­логиясын біліп, меңгеру қажет. Онлайн саудада тауа­рыңнан бұ­рын әрбір сөзіңді сата алатын қа­с­иет болғаны жөн. Содан ке­йін айтарым – SMM мүмкін­дік­терін де меңгеру өте маңызды. Инстаграмнан парақ­ша ашып алып, таңнан кешке дейін тауар­дың суретін сала беру – SMM емес. Мен өз тренинг­те­рімде бұл саланың қыр-сырын барынша үйретіп жүрмін. Келіп, қатысып, тыңғылықты білім алып, оны жақсы мақсатқа пай­даланып жүр­гендер баршылық. Сондық­тан қандай да бір сауда, бизнес бастамас бұрын оны жүргізуге қатысты кеңес, білім алу артық етпейді, – дейді Нұрлан Жанай.

Рас, ресми тіркелген интер­нет-ресурстардан бөлек, өз бе­тінше кәсіп ашып, әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тауарын жарнамалап жүргендер жетерлік. Өз кезегінде мұның заңдық қыры да бар екені тү­сінікті. Ойды ой қозғайды... ин­тер­нет арқылы түрлі ұтыс ойын­дарын өткізу де қазір кең етек алды. Қарап тұрсаңыз, бұл да бір онлайн сауда іспетті. Мұ­ның да заңдық жағы қаншалықты қисынға саяды деген сұрақ туын­дайды еріксіз. Дәл осы екі мәселені келесі мақаламызға жүк қылмақ ойымыз да бар.