Өрттің салдарынан 40-тан астам адам эвакуацияланды Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, Ақжайық ауданы Бударин ауылдық округі Коловертное ауылынан 10 км жерден шыққан табиғи өрт 13 және 14 шілде күндері 16 гектар аумақты қамтыды. Кеше сағат 18.02-де оқшауланған өрт салдарынан бір тұрғын үй, бір адам тұрмайтын үй және 4 шаруашылық құрылысы жанды. 42 адам эвакуацияланып, 15 бас ірі қара, 25 уақ мал, 30 тауық шығарылды. Аталмыш ауылда 55 үйде 130 адам тұрады. Кейін тұрғындар өз үйлеріне оралды, зардап шеккендер жоқ. 14 шілде күні сағат 09.27-де Теректі ауданы Шағатай мен Ақсоғым ауылдары арасында 16 гектар құрғақ шөп пен бұталар отқа оранды. 13 шілде күні өңірде 5 табиғи өрт (3 дала, 2 орман өрті) және 9 табиғи жану тіркелді. 14 шілде күні де 9 табиғи жану болды. Қазір өрт шарпыған аумақ нақтылану үстінде. Оқиға орнына облыс әкімі Ғали Есқалиев барды. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, жедел штаб құрылды.