Ауадай қажет құрылғы
Ауадай қажет құрылғы
228
оқылды
 

54 елді жарылқай ма?

Денсаулық сақтау министр­лі­гі­нің мәліметіне сенсек, маусым айын­да Қазақстанда 3 200-ден астам жасанды тыныс алу аппа­ра­ты бар екені көрсетіліпті. Бұлай айға жіктеп отыруымыздың да өз себебі бар. Осы құрылғының тап­шылығы айтыла бастаған кезден-ақ еліміз шетелден алдыр­тып, одан қалса азаматтар жан-жақтан демеушілік танытып, ап­параттар елге жеткізіле баста­ған болатын. Осылайша, тапшы­лықты түбе­гейлі жоймаса да, науқас­тардың жағдайын жақсар­туға сәл де болсын септес­кен жай болды. Енді қажетті аппарат елі­мізде өндірілмек. Жуырда Индус­трия және инфрақұрылым­дық даму вице-министрі Аманияз Ержанов отандық кәсіпорындар айына 54 дана жасанды тыныс алу аппа­ратын шығарып отыра­ты­­нын мәлімдеді. Вице-ми­нистр­дің айтуынша, шілде айын­да 50 аппарат әр өңірге жеткізілуге әзір тұр. Аппаратты «БАРК Техно­лоджи» ЖШС, «Казахстан инжи­ниринг» ЖШС жасап шы­ға­­рады. Қос компа­нияға қажет­тілікті толық өтеу тапсы­рыл­ған екен. Қосымша қажеттілік туын­даған жағдайда «Орал мед­ре­гион» ЖШС мен «Қазмед­при­бор» ЖШС іске қосылады. Сонда айына 386, ал жыл соңына дейін 1 930 аппарат дайын болады. Алайда Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі ауыр халдегі науқас­тар­ды оңалту үшін 3 мың құрыл­ғының қажет екенін хабар­лаған. Сондықтан кәсіпорындардың ай сайын өндіретін аппараты қажет­тілікті толық өтемесі анық. Алай­да өндіріс алдағы уақытта бір­ша­ма артуы мүмкін. Бұл тұста құрыл­ғыны шетелден алдыртып отыруды да тоқтатпаған жөн сыңайлы.  

Келеңсіздік те көп

Дәрі тапшылығымен қатар келген тыныс алу аппаратының тапшылығы да көптеген даудың тиегін ағытты. Бұл құрылғыны шетелден әкелудің өзі мол қаржыны талап етеді. Сапасына қарай бір данасының бағасы кемі 500 мыңнан басталып, 3-4 мил­лион теңгеге дейін өсе береді. «Жасанды дем беретін аппарат не себепті керек?» деген сұрақ туын­дауы мүмкін. Вирусқа шалдыққан науқастардың жағдайы нашар­лаған кезде өкпе өздігінен тыныс алуды тоқтатады. Осы сәтте жасанды тыныс алу аппаратына қосылса, ол адамды аман алып қалуға септеседі. Құрылғы тапшы кезде оны қолдан жасағандар да болды. Шілде айының басында қолдан жасаған тыныс алу аппаратымен дем алып, қиналып жатқан ер адамның бейнетаспасы әлеуметтік желіге тарап кеткен еді. Видеода тыныс алу аппараты кәдімгі 5 литр көлеміндегі құты­дан жасалғанын аңғаруға болады. Артынша видео қоғам талқысына түскен кезде Денсау­лық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният түсініктеме берді. – Менің ойымша, бұл – Бобров аппараты. Оттегіні алу үшін осылай жасайды. Оксиген­терапия деп аталады. Оттегіні Бобров аппараты арқылы өткізіп, ылғалданған оттегіге айналдыра­ды. Видеодағы осы аппарат деп ойлаймын, – деп қысқа қайырған еді вице-министр. Одан бөлек, министрлік тыныс алу үшін қолдан жасалған аппараттардың мүлде пайдасы жоғын ескертті. Керісінше, ол науқастың жағдайын одан әрі ауырлатып жіберуі мүмкін. Негізі, коронавирусқа шалдық­қан науқастарға арналған стацио­нар 50 пайыз оттегімен қамтылуы тиіс. Оның 15 пайызы өкпені жасанды желдету аппаратынан, тағы 15 пайызы инвазивті емес аппараттан, қалған 30 пайызы Бобров аппаратынан немесе оттегі концентраторынан келуі қажет. Аппарат болған күннің өзінде оттегі құйылған бөшкелер де қажет болып жатыр. Аурухана­ларда дәрігерлер оттегі құйылған 85 келі тартатын газ баллондарын әрлі-берлі тасып жүр. Жуырда Оралда оттегі өндіретін «Азотты зауыт» ЖШС-нің бас директоры Ерболат Әлмұхаметов Мемлекет­тік кірістер комитетіне шағым­данды. Себебі комитет өкілдері Нидерландтан тегін келе жатқан 16 тонна оттегіні ел аумағына кіргізбей қойған. 16 тонна оттегі 16 мың газ баллонын толтыруға жетеді екен. Орал мен Атыраудағы науқастарға баруы тиіс оттегі үшін комитет 2 миллион теңге кедендік үстеме салықты талап етіпті. Осылайша, ел даурыққан шақта түрлі мәселелер жол тосып әлек. Өкпе дем алуын тоқтатқан сәтте көмек беретін бұл аппарат әлем елдерінде де тапшы болып отыр. Вирус жұқтырғандардың көптігі осы жағдайға соқтырған. Мәселен, індет өршіген шақта Италия мен Испанияда құрылғы жетіспей, амалсыздан тірі қалуға мүмкіндігі бар науқастарға ғана аппарат қойылған болатын. Тәуелсіз еліміздің тарихындағы бірінші пандемия болғандықтан ба, не де болса аппарат тапшылы­ғы медицина саласының індетке толықтай қауқар танытатын халі жоқ екенін аңғартты. – Қазақстанда тыныс алу аппаратының қат болып отырға­нын білеміз. Вирусқа қарсы қолданылатын дәрілер де шетелден келіп жатыр. Өзімізде де дәрі-дәрмек пен жасанды тыныс алу аппаратын шығаруға толық мүмкіндік бар. Оған білікті мамандар да жетеді. Тек қолдау керек. Тіркеу мәселесіне біраз уақыт кетеді. Күрмеулі жайлар шешімін тапсын десек, отандық өндіріске көңіл бөлу қажет. Індеттің бәсеңдер шағын күтпей, тезірек кіріскен жөн, – дейді «Сұлтан» фармацевтикалық фир­ма­сының директоры Ұлтусын Ергенқызы. Қорытындылай айтсақ, жа­сан­ды тыныс алу аппаратын кеш те болса өндіруге кіріскен отандық кәсіпорындардың бастамасы құптарлық. Алайда құрылғыны шетелден тасымалдау жайын да тоқтатпаған дұрыс секілді. Себебі елдегі науқастарға әлі де 3 мың аппарат керек екенін ескерсек, кәсіпорындар оны бүгін-ертең жасап шығаруға үлгермесі анық. Ал науқастардың көптігі бұл құрылғыға сұранысты арттырмаса, кемітпесі кәміл.  

Мадияр ТӨЛЕУ