Көмек мұқтаждарға жетті ме?
Көмек мұқтаждарға жетті ме?
130
оқылды
Әлеуметтік желіде, WhatsApp, Telegram секілді мессенджерлерде: «Қытайдан келген бетперделерді тегін берсе де алмаңдар!» деген сы­ңайдағы «ескертпе» хабарсы­мақ­тар біраздан бері айналымда жүр. Оны тарату қайта белең алғандықтан Денсаулық сақтау министрлігі ел арасын кезген гу-гу сөзді жоққа шығаруға мәжбүр болды. ДСМ-нің Тауарлар мен көрсеті­летін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті «Қытай Халық Республикасынан жіберілген гуманитарлық жүктегі медициналық бетпердеге алдын ала коронавирус инфекциясы жұқты­рыл­ғанын» айтқан аудиожазбаға қатысты мәлімдеме жасады. «Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Өзге елдерден әкелінетін барлық медициналық бұйымдар және дәрі-дәрмектер міндетті талаптарға сай мұқият тексерістен өтеді. Аудиожазбаға қатысты ақ­парат таратушының тұлғасын анық­тауды ішкі істер органдарына тапсырды. Құрметті қазақстан­дық­тар, әлеуметтік желілердегі жалған қауесетке бой алдырмауды және тек ресми дереккөздеріне сенуді сұрай­мыз» деп мәлімдеді министр­лік. Комитеттегілер қасақана өтірік ақпаратты таратқаны үшін Қыл­мыс­тық кодекстің 274-бабына сәйкес қылмыстық жаза қарасты­рылғанын еске салады. Атап айт­қанда, 3-5 мың АЕК көлемінде (13 млн 890 мың теңгеге дейін) айып­пұл салынуы немесе 1-ден 5 жылға дейін бас бостандығынан айы­руы мүмкін.  

Кеденшілерді негізсіз кінәлаған

Әлеуметтік желілерде: «Түркия­дан жеткен 125 тыныс алу аппараты елорда әуежайының қоймасында босқа жатыр» деген видеоматериал жарияланды. Шынында, солай ма? «Анығында, биылғы жылдың 14 шілдесінде сағат 02.30-да Нұр-Сұлтан әуежайына Түркиядан гуманитарлық жүк тиелген ұшақ қонды. Жүкті алушылар қатарында «СҚ-Фармация» ЖШС, «Айдың нұры» қайырымдылық қоры және «Отандастар қоры» көрсетілген. 12 тоннадан астам жүк дәрі-дәрмектен, медициналық қорғаныс құралдары­нан және өкпені жасанды желдету аппаратынан тұрады. Осынша жүкті түсіру сол 14 шілдеде, түнгі сағат 04.00-де аяқталды. Осыдан кейін ол әуежайдың қоймасына орналасты­рылды. Сол күні таңғы сағат 10.00-де тауар алушылардың өкілдері келді, олардың қатысуымен жеңіл­детілген тәртіпте кедендік рәсімдеу жүр­гізілді. Барлық кедендік рәсім­деу шаралары небәрі 10 минут ішін­де жасалды. Сағат 11.00 шама­сында ізгілік жүк әуежайдан бірнеше пар­тия­мен әкетілді» деп түсінік­теме берді Қаржы министрлігі­нің Мем­ле­кеттік кірістер комитеті. Кеденге жауапты осы меморган жүкті қабылдап алушы тарап барлық құжаттарын ұсынса еш проблема болмайтынына сендіреді. «Сертификаттауға жататын та­уар­ларды әкелгенде рұқсатнама құ­жаттарын кеденшілерге ұсыну қажет. Өйткені қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы медициналық препараттар мен бұйымдардың сапасына тікелей тәуелді. Ендеше құжат тексеру – өте маңызды іс. Сапа­сыз препараттар мен мед­бұйым­­дарды қолдануға жол берсек, бұл пандемия кезінде қосымша қауіп-қатер тудырады», – дейді Маң­ғыстау облысы бойынша Кеден­дік бақылау департаментінің Тәуекелдерді талдау және статис­ти­ка бөлімінің басшысы Мақсат Ақмұратов. Мемлекеттік кірістер органдары тауарларды мейлінше жедел кеден­дік рәсімдеуге тырысатынын жет­кізді: тиісті құжаттары ұсынылса гуманитарлық көмек дереу рәсімде­ліп шығады. Осы мақсатта бүгінде барлық кеден бекеттері тәулік бойғы режимде жұмыс жасауда. Қандай құжаттарды ұсыну керегі туралы кеңесті де солар береді. «Қандай да бір түсінбеушілікті, дүрбелеңді болдырмау үшін кәсіп­керлік нысандарынан және қоғам­дық бірлестіктерден күні бұрын кеңес алуға жүгінуді сұраймыз. Сондай-ақ Мемкірістер комитетінің байланыс орталығына 1414, 8-800-080-7777 телефондары бойынша қоңы­рау шалуға болады», – деді ведомство өкілдері.  

Қат өнімдер қоймада босқа жатқан

«Жел болмаса, шөптің басы қимыл­дамайды» деген даналық бар. Қаңқу сөздер жатжұрттық гума­ни­тар­лық көмекті қабылдап алатын мемлекеттік, квазимемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың ол жүк­ті үлестіру ісін үнемі ашық жүр­гізе бермеуінен туындауы ықтимал. Осыған орай, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі COVID-19 пандемиясымен күреске бағытталған шетелдік гуманитарлық жүктің таратылуына тексеру жүр­гізуге кірісті. Оның қорытынды­лары сәл кейінірек белгілі болмақ. Алматының Нарғыз есімді тұр­ғыны таяуда Facebook парақ­ша­сында: «Qatar Airways жапсырмалары бар дәрі-дәрмек қораптары қала­дағы дәріханаларға жеткізілге­нін» мәлім етті. Мұсылман елі қазақ елі­не 21 мамырда 9 тонна жүгін аттан­дырды. Жарияланым авторы «СҚ-Фармация тегін көмекті сатқа­лы жатқан жоқ па?» деген сұрақ қойды. Гуманитарлық көмекті бөлудің бірыңғай операторы ретінде елімізде «СҚ-Фармация» ЖШС бекітілген. Өз кезегінде ол ізгілік көмектегі дәрілердің дәріханаларда сатылуын жоққа шығарады. Рас, Қазақстанға Катардан мамырда жеткізілген медициналық бұйымдар шілде айының басына дейін «СҚ-Фармация» ЖШС-ның қойма­ла­рын­да қажетке жаратылмай жатып қалған. Медициналық ұйымдарға олар кешігіп жіберілді. «Қазақстан қабылдап алған гума­нитарлық көмек өңірлер ара­сында біркелкі бөлінеді. Тауар­ларды алу және тиеп жөнелту құжат жү­зін­де қатаң тіркеледі және қада­ғаланады. Медициналық ұйым­дар алған тауарларын тексереді және жүк құжатымен салыстырады. Жа­уап­ты тұлғалар қабылдау-тапсыру актісіне қол қояды», – деді бірың­ғай дистрибьютордың баспа­сөз хатшы­сы Инкар Мирьякупова. «СҚ-Фармация» мәліметінше, Катардан келген жүк арасында дәрілік препарат болмаған: тек қорғаныш костюмдерінен және бетперделерден құралыпты. «Катар жүгіндегі медициналық бұйымдарға ілеспе құжаттар және тауар сапасын растайтын құжаттар уақытылы ұсынылмады. «СҚ-Фар­мация» барлық құжаттарды алдырту үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сұрау бағыттады. Бір рет жүкті өткізуге рұқсатнаманы тек 25 маусымда ғана алдық. Жүк бір­ың­ғай дистрибьютор қоймала­рын­да жатыр және өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларына жөнелтуге дайын», – деді компания өкілдері өткен аптада. Дәл осы кезде ауруха­на­лар мен дәрігерлер аталған бұйым­дардың тапшылығынан зар­дап шекті. Бұл ретте кейбір өңірлердің ісі үлгі етуге тұрарлық. Мысалы, Маң­ғыс­тау облысына Біріккен Араб Әмірлігінен 7,5 тонна гуманитарлық көмек, соның ішінде медициналық қорғаныш заттары, өкпені жасанды желдетудің 25 аппараты, антиде­не­лер­ді анықтайтын тест жүйелер жет­кізілді. Облыс әкімдігі әрбір өнім­нің өңірдегі қай қала мен ау­дан­ға нақты қанша көлемде жол­дан­ғаны туралы егжей-тегжейлі есебін жариялады. Шетелдік көмек­ті өңірдің медициналық ұйымдары арасында ұтымды бөлу және бақылау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары және мемқұрылымдар өкілдері кірді.  

Елдос СЕНБАЙ