Әлеуметтік желіде, WhatsApp, Telegram секілді мессенджерлерде: «Қытайдан келген бетперделерді тегін берсе де алмаңдар!» деген сыңайдағы «ескертпе» хабарсымақтар біраздан бері айналымда жүр. Оны тарату қайта белең алғандықтан Денсаулық сақтау министрлігі ел арасын кезген гу-гу сөзді жоққа шығаруға мәжбүр болды. ДСМ-нің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті «Қытай Халық Республикасынан жіберілген гуманитарлық жүктегі медициналық бетпердеге алдын ала коронавирус инфекциясы жұқтырылғанын» айтқан аудиожазбаға қатысты мәлімдеме жасады. «Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Өзге елдерден әкелінетін барлық медициналық бұйымдар және дәрі-дәрмектер міндетті талаптарға сай мұқият тексерістен өтеді. Аудиожазбаға қатысты ақпарат таратушының тұлғасын анықтауды ішкі істер органдарына тапсырды. Құрметті қазақстандықтар, әлеуметтік желілердегі жалған қауесетке бой алдырмауды және тек ресми дереккөздеріне сенуді сұраймыз» деп мәлімдеді министрлік. Комитеттегілер қасақана өтірік ақпаратты таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес қылмыстық жаза қарастырылғанын еске салады. Атап айтқанда, 3-5 мың АЕК көлемінде (13 млн 890 мың теңгеге дейін) айыппұл салынуы немесе 1-ден 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
Кеденшілерді негізсіз кінәлаған
Әлеуметтік желілерде: «Түркиядан жеткен 125 тыныс алу аппараты елорда әуежайының қоймасында босқа жатыр» деген видеоматериал жарияланды. Шынында, солай ма? «Анығында, биылғы жылдың 14 шілдесінде сағат 02.30-да Нұр-Сұлтан әуежайына Түркиядан гуманитарлық жүк тиелген ұшақ қонды. Жүкті алушылар қатарында «СҚ-Фармация» ЖШС, «Айдың нұры» қайырымдылық қоры және «Отандастар қоры» көрсетілген. 12 тоннадан астам жүк дәрі-дәрмектен, медициналық қорғаныс құралдарынан және өкпені жасанды желдету аппаратынан тұрады. Осынша жүкті түсіру сол 14 шілдеде, түнгі сағат 04.00-де аяқталды. Осыдан кейін ол әуежайдың қоймасына орналастырылды. Сол күні таңғы сағат 10.00-де тауар алушылардың өкілдері келді, олардың қатысуымен жеңілдетілген тәртіпте кедендік рәсімдеу жүргізілді. Барлық кедендік рәсімдеу шаралары небәрі 10 минут ішінде жасалды. Сағат 11.00 шамасында ізгілік жүк әуежайдан бірнеше партиямен әкетілді» деп түсініктеме берді Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті. Кеденге жауапты осы меморган жүкті қабылдап алушы тарап барлық құжаттарын ұсынса еш проблема болмайтынына сендіреді. «Сертификаттауға жататын тауарларды әкелгенде рұқсатнама құжаттарын кеденшілерге ұсыну қажет. Өйткені қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы медициналық препараттар мен бұйымдардың сапасына тікелей тәуелді. Ендеше құжат тексеру – өте маңызды іс. Сапасыз препараттар мен медбұйымдарды қолдануға жол берсек, бұл пандемия кезінде қосымша қауіп-қатер тудырады», – дейді Маңғыстау облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің Тәуекелдерді талдау және статистика бөлімінің басшысы Мақсат Ақмұратов. Мемлекеттік кірістер органдары тауарларды мейлінше жедел кедендік рәсімдеуге тырысатынын жеткізді: тиісті құжаттары ұсынылса гуманитарлық көмек дереу рәсімделіп шығады. Осы мақсатта бүгінде барлық кеден бекеттері тәулік бойғы режимде жұмыс жасауда. Қандай құжаттарды ұсыну керегі туралы кеңесті де солар береді. «Қандай да бір түсінбеушілікті, дүрбелеңді болдырмау үшін кәсіпкерлік нысандарынан және қоғамдық бірлестіктерден күні бұрын кеңес алуға жүгінуді сұраймыз. Сондай-ақ Мемкірістер комитетінің байланыс орталығына 1414, 8-800-080-7777 телефондары бойынша қоңырау шалуға болады», – деді ведомство өкілдері.Қат өнімдер қоймада босқа жатқан
«Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген даналық бар. Қаңқу сөздер жатжұрттық гуманитарлық көмекті қабылдап алатын мемлекеттік, квазимемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың ол жүкті үлестіру ісін үнемі ашық жүргізе бермеуінен туындауы ықтимал. Осыған орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі COVID-19 пандемиясымен күреске бағытталған шетелдік гуманитарлық жүктің таратылуына тексеру жүргізуге кірісті. Оның қорытындылары сәл кейінірек белгілі болмақ. Алматының Нарғыз есімді тұрғыны таяуда Facebook парақшасында: «Qatar Airways жапсырмалары бар дәрі-дәрмек қораптары қаладағы дәріханаларға жеткізілгенін» мәлім етті. Мұсылман елі қазақ еліне 21 мамырда 9 тонна жүгін аттандырды. Жарияланым авторы «СҚ-Фармация тегін көмекті сатқалы жатқан жоқ па?» деген сұрақ қойды. Гуманитарлық көмекті бөлудің бірыңғай операторы ретінде елімізде «СҚ-Фармация» ЖШС бекітілген. Өз кезегінде ол ізгілік көмектегі дәрілердің дәріханаларда сатылуын жоққа шығарады. Рас, Қазақстанға Катардан мамырда жеткізілген медициналық бұйымдар шілде айының басына дейін «СҚ-Фармация» ЖШС-ның қоймаларында қажетке жаратылмай жатып қалған. Медициналық ұйымдарға олар кешігіп жіберілді. «Қазақстан қабылдап алған гуманитарлық көмек өңірлер арасында біркелкі бөлінеді. Тауарларды алу және тиеп жөнелту құжат жүзінде қатаң тіркеледі және қадағаланады. Медициналық ұйымдар алған тауарларын тексереді және жүк құжатымен салыстырады. Жауапты тұлғалар қабылдау-тапсыру актісіне қол қояды», – деді бірыңғай дистрибьютордың баспасөз хатшысы Инкар Мирьякупова. «СҚ-Фармация» мәліметінше, Катардан келген жүк арасында дәрілік препарат болмаған: тек қорғаныш костюмдерінен және бетперделерден құралыпты. «Катар жүгіндегі медициналық бұйымдарға ілеспе құжаттар және тауар сапасын растайтын құжаттар уақытылы ұсынылмады. «СҚ-Фармация» барлық құжаттарды алдырту үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сұрау бағыттады. Бір рет жүкті өткізуге рұқсатнаманы тек 25 маусымда ғана алдық. Жүк бірыңғай дистрибьютор қоймаларында жатыр және өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларына жөнелтуге дайын», – деді компания өкілдері өткен аптада. Дәл осы кезде ауруханалар мен дәрігерлер аталған бұйымдардың тапшылығынан зардап шекті. Бұл ретте кейбір өңірлердің ісі үлгі етуге тұрарлық. Мысалы, Маңғыстау облысына Біріккен Араб Әмірлігінен 7,5 тонна гуманитарлық көмек, соның ішінде медициналық қорғаныш заттары, өкпені жасанды желдетудің 25 аппараты, антиденелерді анықтайтын тест жүйелер жеткізілді. Облыс әкімдігі әрбір өнімнің өңірдегі қай қала мен ауданға нақты қанша көлемде жолданғаны туралы егжей-тегжейлі есебін жариялады. Шетелдік көмекті өңірдің медициналық ұйымдары арасында ұтымды бөлу және бақылау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары және мемқұрылымдар өкілдері кірді.Елдос СЕНБАЙ