Паразиттер сүтте 70 күн, ал суда бірнеше ай тіршілік етеді екен
Паразиттер сүтте 70 күн, ал суда бірнеше ай тіршілік етеді екен
©Сурет интернеттен алынды
ДДСҰ дерегі бойынша, дүние жүзінде жыл сайын диареямен 1 миллиардқа жуық адам ауырады екен. Олардың 60-70 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Ауру негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Инфекция жұқтырғаннан кейін иммунитет 3-4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады. Осыған байланысты аурудың қайталануы әбден мүмкін.
Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар – аурудың берілу факторы. Кейбір инфекцияны шыбын мен тарақан таратады. Сондай-ақ, антисанитарлық жағдай, жеке гигиена, санитарлық ережелерді сақтамай дайындалған тамақ өнімдерін пайдалану да жіті ішек инфекцияларын жұқтыруға себеп.
«Жіті ішек инфекциялары жылдың кез келген мезгілінде болуы мүмкін. Вирусты инфекция көбінесе салқын түскенде, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі артқан кезде көбейсе, бактериялық инфекциямен сырқаттану жазғы мезгілде арта түседі», – дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Гүлмира Өтепова.
– Жіті ішек инфекцияларының көпшілігі жоғары тұрақтылығымен ерекшеленеді. Мысалы, іш сүзегі мен паразиттің қоздырғышы сүтте 70 күннен астам, ал суда бірнеше ай тіршілік етеді. Дизентерия микробтары сүтте шамамен 6 күн тіршілік етіп, көбейеді. Өзен суында 35 күнге дейін сақталады. Вирустар қоршаған ортаның түрлі нысандарында 10-15 күннен бастап 1 айға дейін, нәжісте 7 айға дейін сақталады, – деді ол.