Әлеуеті сарқылмаған аймақ
Әлеуеті сарқылмаған аймақ
130
оқылды
Қарағанды облысы 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында өнеркәсіпте – 103,5%, құрылыста – 131,8%, инвестицияда – 108,3%, тұрғын үйді іске қосу бойынша – 111,8%, ауыл шаруашылығында – 103,3% өсім көрсетті. Жергілікті бюджетке түсімдер өткен жылмен салыстырғанда 29,2%-ға артты, бұл жоспарланғаннан 11,6%-ға артық. Өнеркәсіпте физикалық көлем индексінің өсуі өңдеуші сектордағы – 106,4% және тау-кен өндіру секторында 105,7% өсу есебінен қамтамасыз етілді. Пандемия тығырыққа тірегеніне  қара­мастан, облыстағы екі ірі өнеркәсіп орны – «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыс»  корпорациялары тұрақты жұмыс істеп тұр. Әлемдік нарықта мыс пен болат құнының өскені байқалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі алты айда 1,360 трлн теңгені құрады. «Мұндай қарқынды жыл соңына дейін сақтауды жоспарлап отырмыз», – дейді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. Қарағанды облысы инвестициялық өсімнің жоғары қарқынын сақтап отыр. Инвестиция көлемі 800 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы деңгейден екі есеге артты. Өңірде жалпы сомасы 2 трлн теңгеден астам 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, 13 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл «Алтыналмас» алтын өндіру фабрикасы мен техникалық газ өндіру зауыты іске қосылды. Ағадыр кентінде 26 мВт күн электр станциясының құрылысы аяқталуда. Бұл аймақтағы «Жасыл экономиканың» бесінші нысаны болады. Биыл 231 млрд теңгенің 14 жобасы жоспарланып, 3 500-ден астам жұмыс орны ашылмақ. Ең ірі жоба YUTONG маркалы автобустар мен арнайы техника шығаратын зауыт құрылысы қолға алынды.  Саран қаласында орналасқан кәсіпорын жыл соңында дейін автобус шығаруды бастайды. Сондай-ақ РТИ базасында  жылына 3,5 млн автомобиль шинасын шығаратын зауыт құрылысы басталады. Бұл жобаларды іске қосу облыс экономикасын әртараптандыруға оң әсерін тигізеді және машина жасау үлесін 2 есеге арттырады деп күтілуде. Облыста Қазақстан Тұңғыш Президентінің бес бастамасы белсенді жүзеге асырылуда.  Газбен жабдықтаудың тарату желілері Жезқазған, Теміртау және Қарағанды қалаларында салынып жатыр. Бірінші кезеңде 2 863 үй орталықтандырылған газбен қамтамасыз етіледі. Пандемия кезінде шағын кәсіп­орындардың нарықтан кетуі, өндірістік байланыстардың үзілуі  жұмыссыздықтың өсу қаупін тудырды. Жыл басынан бері облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 0,5%-ға өсіп, 88 400 бірлікті құрады. ШОБ бойынша инвестициялардың өсімі облыста – 20%. Бүгінде ШОБ-та облыстың экономикалық белсенді халқының 35 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы 31,4 млрд теңге инвестиция тартылып, аймақтағы 830 бизнес-жобаға қолдау көрсетілді. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың нәтижесінде Қарағанды облысындағы 30 мыңнан астам субъектінің  салық, екінші деңгейлі банктердегі несиелері, жалдау ақысы және коммуналдық өтемақы бойынша төлемдері кейінге қалдырылды. Жұмыспен қамту жол картасы ая­сында биыл 16 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 63,7 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күні облыс кәсіпкерлерімен 620 шарт жасалған. Ал әрекеттегі инфрақұрылымдық жобаларда 10,5 мың адам жұмыспен қамтылған, оның 5,2 мыңы жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша нәпақа тапты. Қарағанды облысында карантинге қарамастан, бірқатар салаларда кәсіп­керлердің белсенділігі артты. Қиын жағдайға төтеп беру мақсатында жыл басынан бері 800-ден астам кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілді. «Бизнестің жол картасы» бойынша 296 жобаны қолдауға қаражат қарастырылған. Қазірдің өзінде 4,2 млрд теңге сома­сындағы инвестиция арқылы 99 жоба қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиені 78 отандық өндіруші мен шаруа қожалығы кәдеге жаратқан. Тағы 91 жоба төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасы бойынша қолдау тапқан. «Еңбек» бағдарламасы бойынша қалалық кәсіпкерлерге 210 шағын несие берілді. Ауылдық жобаларға да қолдау бар», – дейді аймақ басшысы. Биыл жалпы сомасы 600 млн теңгеден астам қаржыға 900-ге жуық кәсіпкерді қайтарымсыз грантпен қаржыландыру көзделген. Бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 381 грант берілді. Бұдан басқа, қаржылық емес қолдау шаралары да қолданылады. Бүгінге едйін «Бастау Бизнес» курстарын 800 адам оқыды. Қашықтықтан оқыту формасы тыңдау­шыларды көптеп тартуға мүмкіндік беріп отыр. – Облыста экономикалық қызметтің 12 саласында кәсіпкерлік белсенділіктің артуы байқалып отыр. Бұл өнеркәсіп, ауылшаруашылық, қызмет көрсету секторы сияқты салалар. Электронды коммерция да жаңа серпін алды. Яғни, бизнес жаңа нысандарды іздейді, жағдайға бейімделуде. Ал Үкімет қабылдаған шаралар бизнеске осы қиын жағдайларға төтеп беруге көмектеседі, – дейді аймақ басшысы . Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 131,8%-ды құрады, оның ішінде тұрғын үйді іске қосу қарқыны 11,8%-ға артты. Биыл тұрғын үйді пайдалануға беру өткен жылмен салыстырғанда 42,5%-ға көбейеді. Қалалар мен ауылдарда  білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары көптеп салынуда. Өңірде тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті шешілуде. Үй кезегінде тұрған көпбалалылар екі жылдың ішінде толықтай баспаналы болады. Ауқымды құрылыс Жезқазған, Сәтбаев қалаларында  жүріп жатыр. Қарқаралы қаласында төрт 18 пәтерлі үй салынуда. Атасу кентінде жеті жаңа үй бой көтермек. Тұрғын үй құрылысы облыстың барлық аудандары мен қалаларында қамтылған. Шілде айында Қарағанды облысында бірден үш емхана ашылды. Олардың бірі – Теміртауда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша салынды. Қарағандыда мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы бойынша тағы екі емхана іске қосылды. – Қазіргі заманғы емхана Елбасының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қатысуымен мемле­кеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде металлургтер қаласының халық тығыз қоныстанған ауданында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша салынды, – дейді облыс әкімі. Бұдан басқа, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Елбасының тапсырмасына орай Теміртауда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатыр. Дене шынықтыру-сауықтыру орталығы карантиндік шектеулер алынғаннан кейін ашылады. Кешенде екі қабатты ғимарат, әмбебап ойын және жаттығу залдары, күрес залы, 320 орындық көрермендер мінбері болмақ. Қарағанды қаласының 11а шағын­ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша бір ауысымда 50 адам қабылдайтын жаңа емхана іске қосылды. Оған 15 мың адам тіркеледі деп жоспарлануда. Оңтүстік-Шығыс тұрғындары үшін де емхана ашылды. Медициналық нысан бір ауысымда 150 пациентке дейін қабылдайтын болады. Барлық емханалар қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген, әрқайсысында дәрігерлер мен пациенттерге ыңғайлы болу үшін электронды кезек жүйесі қарастырылған. – Қиын жағдайға қарамастан, жұ­мыс жалғасуда, өмір жалғасуда. Осы медициналық нысандардың ашылуы біздің тұрғындар үшін өте маңызды, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. Жаңа емханалардың жұмысы қазіргі медициналық мекемелерге жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Осының арқасында өңір тұрғындары жедел және ыңғайлы жағдайда дәрігерлік көмек ала алады. Алдағы уақытта Балқаш қаласында заманауи емхана салу, Осакаровка, Абай және Қарқаралы аудандарында үш гемодиализ орталығын ашу жоспарда бар. Сонымен қатар Қарағандыда онкологиялық диспансерде радиология орталығы жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ Теміртауда балаларға арналған ірі оңалту орталығын ашу жобасы іске асырылады. Қарағандыда жыл соңына дейін ересектерге және балаларға арналған оңалту орталығы пайдалануға берілмек. Ауыл тұрғындары үшін жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынуда. sayktiry ortaligi Сәтбаев қаласында 320 орындық балабақша мен оқушылар сарайы салынып жатыр. Қарағандыда Елбасының тапсырмасы бойынша кең және заманауи балалар мен жасөспірімдер сарайы есігін ашпақ. Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде бассейн, Ұлытау ауданының Қарсақпай және Қарқаралы ауылдарында спорт кешендері ашылады. Қарағандыда туризмді дамыту үшін Визит-орталық пен этноауыл іске қосылады. Жезқазған қаласында Жошы ханның тарихи-мәдени кешені жаңа көрікті орынға айналмақ. Пандемия білім беру саласына үлкен өзгерістер әкелді. Алдағы оқу жылында облыс мектептері оқытудың үш форматын қолдануы мүмкін. Биыл Қарағанды облысында мектепке бірінші сыныпқа 23 мыңнан астам оқушы барады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар ыстық тамақпен, мектеп жабдықтарымен және формамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ олардың мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Алдын ала мәлімет бойынша, 4 787 оқушы осы көмекке ие болады. Қазір өңірдің барлық білім беру мекемелерінде алдағы оқу жылына белсенді дайындық жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары 433 нысанда жүргізілуде. 124 мектеп бірінші қыркүйекке дейін күр­делі жөндеуден өтеді. Оқу жылының басында ауылдарда аулада орналасқан 118 дәретхана мектеп ғимаратының ішіне ауыстырылады. 1 қыркүйекке қарай облыстың барлық орта оқу орындарына бейне бақылау жүйесі орнатылады. Пандемия кезінде мұғалімдер мен оқушыларға 1 495 стационарлық компьютер, 250 ноутбук және 1 119 планшет алынды. Оқу жылы басталғанға дейін тағы 1 655 бірлік компьютерлік техника сатып алу жоспарлануда. Биыл Қарағанды облысында қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуді 98%-ға, ауыл тұрғындарын 87%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Аймақта осындай  95 жоба жүзеге асырылуда. 2021 жылға қарай ауызсумен қала халқын және 2023 жылға қарай ауыл халқын 100% қамтамасыз ету көзделген. Ал Екатеринбург-Алматы халықаралық жолын жалғап тұрған Қарағанды қала­сында транзиттік машиналар енді орталық көшені тоздырмайды. Жақында Теміртау-Қарағанды жолы мен Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жолы ашылды. Бұл кенді қаланың негізі қаланғаннан бері пайда болған тұңғыш айналма жол. Енді   транзиттік автомобильдер мен үлкен жүк көліктері Қарағандыны айналып өтіп, көлік кептелісін босатуға мүмкіндік береді. Карантин кезінде Қарағанды об­лысының азық-түлік қоймаларында және тұрақтандыру қорында қажетті азық-түлік қорлары жеткілікті. Жеткізуге қатысты іркілістер жоқ. Облыста азық-түлік тауарларын тұтыну бағаларының индексі бірінші жартыжылдықта 103,9%-ды құрады, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының индексі 104,5%-ды көрсетіп отыр. Қазір Қарағанды облысында 671,8 тонна құс еті, 331 тонна пияз, 201 тон­на қырыққабат бар. Көтерме сауда өкілдерінде бакалеялық өнімдердің екі айлық қоры бар. Жақын арада картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, күріш, қарақұмық және өсімдік майының ірі партиялары келіп түседі. Оларға деген сұраныс үш есе артқан күннің өзінде, қолда бар азық-түлік сұранысты қанағаттандырады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы бақылауда. Төтенше жағдай кезінде 272 мыңнан астам аймақ тұрғыны  42 500 теңге кө­лемінде төлем алды. Бұл экономикалық белсенді халықтың 40%-ы. 15 мың теңге көлеміндегі коммуналдық қызметтерге 76 500 азамат жүгініп, 2 млрд теңгеден астам сомаға өтемақы алды. Пандемия кезінде облыста  80 мыңнан астам адам тұрмыстық құралдармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ аймақта 47 мың адам Елбасының бастамасымен құрылған #Bizbirgemiz қорынан 50 мың теңге көлемінде қаржыға ие болды. 19 наурыз мен 3 шілде аралығында Қарағанды облысында 207,5 млн теңгеден астам сомаға 13 мың адамға көмек көрсетілді. Жыл соңында мемлекеттің қолдауының арқасында 43 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатын болады. 30 813 жаңа жұмыс орны құрылды. «Жұмыспен қамту жол картасына» 627 жоба енді. Оның ішіне жолдар жөндеу, су және жылу желілерін қалпына келтіру, мектептер мен ауруханалар салу енген. 580 адам қысқамерзімді оқыту курстарын меңгерген, 914 адам «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып білім алды. 500 адам өз ісін ашуға 555 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды. Облыста эпидемиологиялық жағдай­дың күрделенуіне байланысты 27 жаңа жедел жәрдем бригадасы іске қосылды. Шақыруларда барлығы 122 көлік қызмет көрсетеді. Облыстың басым бағыттарының бірі – ауруханалар мен госпитальдарды техникалық жабдықтау. Соңғы аптада 47 ӨЖЖ аппараты, әрқайсысы екі пациентке арналған 160 оттегі концентраты және 146 пульсоксиметр сатып алынды. Өңір ауруханаларындағы төсектер саны – 4 200.  Қарағанды облысында барлығы 20 инфекциялық бейіндегі медициналық нысан және 14 пульмопровизорлық госпиталь жұмыс істейді. Инфекциялық бөлімшелердегі жүктеме – 81%, провизорлық бөлімшелердегі жүктеме – 79%. Мысалы, Қарағанды бойынша бүгінгі күні жұқпалы аурулар стационарларында 1 264 төсек бар, оның 141-і бос. Провизорлық стационарларда барлығы 720 төсек, бос  118 төсек бар. Қарағандыда 350 орындық пульмо­провизорлық госпиталь ашылуға дайын. Ол компьютерлік томографпен және тыныс алу жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеуге қажетті медициналық газ берудің заманауи жүйесімен жабдықталған. Жезқазғанда жақын арада 350 орындық провизорлық стационар жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда 250 төсекке шақталған инфекциялық госпиталь пайдалануға беріледі. Балқашта да 100 төсектік пульмопровизорлық стационар ашылады. – Әлеуметтік желілерде  бір агенттік Қарағандыдан Қарқаралыға өлген адамның мәйітін жерлеу үшін 500 мың теңге талап еткені туралы жарияланым пайда болды. Бұл шындыққа сай келмейді. Облыс орталығында жерлеу қызметтерінің құны – 150 мың теңге. Карантинге дейін де осындай баға болған. Қарағандыда КВИ диагнозымен жерлеу қызметін тек «Патологоанатомиялық орталық плюс» ЖШС көрсетеді. Қазір қосымша 80 ӨЖЖ аппаратын және 1 200 оттегі концентраторларын, 500 пульсоксиметрлерді, 16 сандық рентген-аппаратты, 3 дана орталықтандырылған медициналық газдармен қамтамасыз ету жүйесін және басқаларын сатып алмақпыз, – дейді Жеңіс Қасымбек. Облыста тәулігіне 3 мың талдау шығаратын үш ПТР-зертхана, екеуі Қарағандыда және біреуі Жезқазғанда жұ­мыс істейді. Осы аптаның соңында Теміртауда ПТР-зертхана жұмысын бастайды, тамыз айында Балқашта ашылады. Өңірде 16 компьютерлік томография кабинеті бар. Осы аптада Қарағандыда тағы бір компьютерлік томографты орнату аяқталады. 20 шілдеге дейін Шахтинскіде іске қосылады. Облыста қазан айына қарай барлығы 21 компьютерлік томография кабинеті жұ­мыс істеуі тиіс. Облыстың ірі фармдистрибьюторы дәріханаларға ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы дәрілер мен антибиотиктерді жөнелте бастады. Бөлшек сауда жүргізетін дәріханаларға парацетамол, ингавирин, азитромицин және цефтриаксон жіберілді. Пандемия кезінде Қарағанды облысы экономикалық-өндірістік әлеуетін жоғалтқан жоқ. Аймақ тұрғындары мен кәсіпкерлері мемлекет қолдауын айқын сезінді.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы