Қарағанды облысы 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында өнеркәсіпте – 103,5%, құрылыста – 131,8%, инвестицияда – 108,3%, тұрғын үйді іске қосу бойынша – 111,8%, ауыл шаруашылығында – 103,3% өсім көрсетті. Жергілікті бюджетке түсімдер өткен жылмен салыстырғанда 29,2%-ға артты, бұл жоспарланғаннан 11,6%-ға артық. Өнеркәсіпте физикалық көлем индексінің өсуі өңдеуші сектордағы – 106,4% және тау-кен өндіру секторында 105,7% өсу есебінен қамтамасыз етілді.
Пандемия тығырыққа тірегеніне қарамастан, облыстағы екі ірі өнеркәсіп орны – «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыс» корпорациялары тұрақты жұмыс істеп тұр. Әлемдік нарықта мыс пен болат құнының өскені байқалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі алты айда 1,360 трлн теңгені құрады. «Мұндай қарқынды жыл соңына дейін сақтауды жоспарлап отырмыз», – дейді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қарағанды облысы инвестициялық өсімнің жоғары қарқынын сақтап отыр. Инвестиция көлемі 800 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы деңгейден екі есеге артты. Өңірде жалпы сомасы 2 трлн теңгеден астам 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, 13 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Биыл «Алтыналмас» алтын өндіру фабрикасы мен техникалық газ өндіру зауыты іске қосылды. Ағадыр кентінде 26 мВт күн электр станциясының құрылысы аяқталуда. Бұл аймақтағы «Жасыл экономиканың» бесінші нысаны болады. Биыл 231 млрд теңгенің 14 жобасы жоспарланып, 3 500-ден астам жұмыс орны ашылмақ. Ең ірі жоба YUTONG маркалы автобустар мен арнайы техника шығаратын зауыт құрылысы қолға алынды. Саран қаласында орналасқан кәсіпорын жыл соңында дейін автобус шығаруды бастайды. Сондай-ақ РТИ базасында жылына 3,5 млн автомобиль шинасын шығаратын зауыт құрылысы басталады. Бұл жобаларды іске қосу облыс экономикасын әртараптандыруға оң әсерін тигізеді және машина жасау үлесін 2 есеге арттырады деп күтілуде. Облыста Қазақстан Тұңғыш Президентінің бес бастамасы белсенді жүзеге асырылуда. Газбен жабдықтаудың тарату желілері Жезқазған, Теміртау және Қарағанды қалаларында салынып жатыр. Бірінші кезеңде 2 863 үй орталықтандырылған газбен қамтамасыз етіледі.
Пандемия кезінде шағын кәсіпорындардың нарықтан кетуі, өндірістік байланыстардың үзілуі жұмыссыздықтың өсу қаупін тудырды. Жыл басынан бері облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 0,5%-ға өсіп, 88 400 бірлікті құрады. ШОБ бойынша инвестициялардың өсімі облыста – 20%. Бүгінде ШОБ-та облыстың экономикалық белсенді халқының 35 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған.
Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы 31,4 млрд теңге инвестиция тартылып, аймақтағы 830 бизнес-жобаға қолдау көрсетілді. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың нәтижесінде Қарағанды облысындағы 30 мыңнан астам субъектінің салық, екінші деңгейлі банктердегі несиелері, жалдау ақысы және коммуналдық өтемақы бойынша төлемдері кейінге қалдырылды.
Жұмыспен қамту жол картасы аясында биыл 16 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 63,7 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күні облыс кәсіпкерлерімен 620 шарт жасалған. Ал әрекеттегі инфрақұрылымдық жобаларда 10,5 мың адам жұмыспен қамтылған, оның 5,2 мыңы жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша нәпақа тапты.
Қарағанды облысында карантинге қарамастан, бірқатар салаларда кәсіпкерлердің белсенділігі артты. Қиын жағдайға төтеп беру мақсатында жыл басынан бері 800-ден астам кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілді. «Бизнестің жол картасы» бойынша 296 жобаны қолдауға қаражат қарастырылған. Қазірдің өзінде 4,2 млрд теңге сомасындағы инвестиция арқылы 99 жоба қаржыландырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиені 78 отандық өндіруші мен шаруа қожалығы кәдеге жаратқан. Тағы 91 жоба төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасы бойынша қолдау тапқан. «Еңбек» бағдарламасы бойынша қалалық кәсіпкерлерге 210 шағын несие берілді. Ауылдық жобаларға да қолдау бар», – дейді аймақ басшысы.
Биыл жалпы сомасы 600 млн теңгеден астам қаржыға 900-ге жуық кәсіпкерді қайтарымсыз грантпен қаржыландыру көзделген. Бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 381 грант берілді. Бұдан басқа, қаржылық емес қолдау шаралары да қолданылады. Бүгінге едйін «Бастау Бизнес» курстарын 800 адам оқыды. Қашықтықтан оқыту формасы тыңдаушыларды көптеп тартуға мүмкіндік беріп отыр.
– Облыста экономикалық қызметтің 12 саласында кәсіпкерлік белсенділіктің артуы байқалып отыр. Бұл өнеркәсіп, ауылшаруашылық, қызмет көрсету секторы сияқты салалар. Электронды коммерция да жаңа серпін алды. Яғни, бизнес жаңа нысандарды іздейді, жағдайға бейімделуде. Ал Үкімет қабылдаған шаралар бизнеске осы қиын жағдайларға төтеп беруге көмектеседі, – дейді аймақ басшысы .
Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 131,8%-ды құрады, оның ішінде тұрғын үйді іске қосу қарқыны 11,8%-ға артты. Биыл тұрғын үйді пайдалануға беру өткен жылмен салыстырғанда 42,5%-ға көбейеді. Қалалар мен ауылдарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары көптеп салынуда. Өңірде тұрғындарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті шешілуде. Үй кезегінде тұрған көпбалалылар екі жылдың ішінде толықтай баспаналы болады. Ауқымды құрылыс Жезқазған, Сәтбаев қалаларында жүріп жатыр. Қарқаралы қаласында төрт 18 пәтерлі үй салынуда. Атасу кентінде жеті жаңа үй бой көтермек. Тұрғын үй құрылысы облыстың барлық аудандары мен қалаларында қамтылған.
Шілде айында Қарағанды облысында бірден үш емхана ашылды. Олардың бірі – Теміртауда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша салынды. Қарағандыда мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы бойынша тағы екі емхана іске қосылды.
– Қазіргі заманғы емхана Елбасының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде металлургтер қаласының халық тығыз қоныстанған ауданында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша салынды, – дейді облыс әкімі.
Бұдан басқа, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Елбасының тапсырмасына орай Теміртауда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатыр. Дене шынықтыру-сауықтыру орталығы карантиндік шектеулер алынғаннан кейін ашылады. Кешенде екі қабатты ғимарат, әмбебап ойын және жаттығу залдары, күрес залы, 320 орындық көрермендер мінбері болмақ.
Қарағанды қаласының 11а шағынауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша бір ауысымда 50 адам қабылдайтын жаңа емхана іске қосылды. Оған 15 мың адам тіркеледі деп жоспарлануда. Оңтүстік-Шығыс тұрғындары үшін де емхана ашылды. Медициналық нысан бір ауысымда 150 пациентке дейін қабылдайтын болады. Барлық емханалар қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген, әрқайсысында дәрігерлер мен пациенттерге ыңғайлы болу үшін электронды кезек жүйесі қарастырылған.
– Қиын жағдайға қарамастан, жұмыс жалғасуда, өмір жалғасуда. Осы медициналық нысандардың ашылуы біздің тұрғындар үшін өте маңызды, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Жаңа емханалардың жұмысы қазіргі медициналық мекемелерге жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Осының арқасында өңір тұрғындары жедел және ыңғайлы жағдайда дәрігерлік көмек ала алады. Алдағы уақытта Балқаш қаласында заманауи емхана салу, Осакаровка, Абай және Қарқаралы аудандарында үш гемодиализ орталығын ашу жоспарда бар. Сонымен қатар Қарағандыда онкологиялық диспансерде радиология орталығы жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ Теміртауда балаларға арналған ірі оңалту орталығын ашу жобасы іске асырылады. Қарағандыда жыл соңына дейін ересектерге және балаларға арналған оңалту орталығы пайдалануға берілмек. Ауыл тұрғындары үшін жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынуда.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы