Өрт өршіп тұр
Өрт өршіп тұр
Соңғы екі тәулікте республика бойынша 29 орман және дала өрті тіркеліпті. Алматы облысының Жамбыл, Сарқан аудандарында, Ақтөбе облысының Әйтеке би, Ойыл, Қарғалы, Мұғалжар, Хромтау аудандарында, Атырау облысының Қызылқоға ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Үржар аудандарында, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында, Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Қаратөбе, Тасқала, Сырым аудандарында, Қарағанды облысының Шет ауданында, Қостанай облысының Жангелді, Федоров аудандарында, Павлодар облысының Шарбақты ауданында жанған құрғақ шөп сөндірілген. Аталған аймақтардағы дала өртінің жалпы ауданы 4 538 мың гектарға жеткен. «Өртті сөндіруге ТЖД күштері мен құралдары, ерікті өрт сөндіру топтары және орман шаруашылығы тартылды. ТЖК БҚО мен Қостанай облыстарындағы 2 орман өрті, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 5 құрғақ шөптің жануын бақылап отыр. Сондай-ақ 12 шілдеде республика бойынша 28 орман және дала өрті тіркелген. Алматы облысының Жамбыл ауданында, Ақтөбе облысының Алға, Қарғалы, Ойыл, Мәртөк, Қобда аудандарында, Атырау облысының Қызылқоға ауданында, Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек, Жаңақала, Қаратөбе, Тасқала, Сырым, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарында, Шығыс Қазақстан облысының Үржар, Ұлан, Бесқарағай аудандарында, Қарағанды облысының Шет, Ақтоғай аудандарында өртенген шөп сөндірілді», – дейді Төтенше жағдай комитеті өкілдері. Аталған аймақтардағы дала өртінің жалпы ауданы 18 мың гектарға жеткен. Оның ішінде Атырау облысы, Шығыс Қазақстан мен  Батыс Қазақстан облысы да бар. Өртті сөндіруге ТЖД күштері мен құралдары, ерікті өрт сөндіру топтары жұмылдырылды. ІІМ ТЖ комитеті азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Өрттен сақ болайық, ағайын!  

Ж. НҰРЛАН