Қоқыс таситындарды GPS-пен қадағалайды

Қоқыс таситындарды GPS-пен қадағалайды

Ескертуді ескермегендерге салынатын айыппұлдың да кө­лемі көбейеді. Экология, гео­логия  және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, соңғы уақытта еліміздегі бар 3,3 мың полигонда 125 миллион тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Жыл сайын 5 миллион тонна көлемінде қосымша күл-қоқыс шығарылады. Тұрмыстық қал­дықтарды өңдеу үлесі алдыңғы жылмен салыстырғанда 2019 жылы 14,9%-ға дейін өсті. Қайта өңдеп, кәдеге жарататын Маңғыстау, Алматы облысы және Шымкент қаласының тәжірибесі өзге аймақтарда қолданылмақ. Қоқысты қайта өңдеуге құлықсыз Ақмола, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарының жеке кәсіпкерлерінің жауапкершілігін күшейту мәселесі қаралады. Қоқысқа толған аймақ басшылары қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын экологиялық талаптарға сәйкес келтіріп, пайдаланушы ұйымдарды анық­тауы тиіс. Қажет болса, жаңа полигондар салуы да мүмкін. «Қазына қаражатын үнемдеу мақсатында біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қалалар мен ауылдық жерлерге арналған ҚТҚ полигондарын салудың жеңілдетілген типтік жобасын әзірлеуді ұсындық», – деді министр. Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, жылдар бойы заңсыз қоқыс орындарының көбейгені алаңдатып отыр. «Қазақстан ғарыш сапарының» 11 шілдедегі мониторингі бойынша ел ау­мағында 7,5 мыңнан астам осындай қоқыс орны анықталған. «Жаңадан заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына барынша жол бермеу қажет. Ол үшін қоғамдық рейдтер өткізіп, анықталған фактілерді жұртқа жария етуді ұсынамыз. Алайда осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнатамыз», – деді министр. Оның айтуынша, қоқыс тазалаудың ақысы төмен бол­ғандықтан, жиналған қоқысты тасымалдау, қайта өңдеуге жеке кәсіпкерлер қызығушылық таныт­пайды.  

М. ЖАНЫСБАЙ