Жалған террорист жазаланады
Жалған террорист жазаланады
Соларға тоқтала кетсек. 2020 жылдың ақпан айынан бастап Петропавлдағы көпқабатты үйлердің біріне жарылғыш зат қойылғанын хабарлап, тұрғындар мен арнайы қызметтерді әбігерге салған петропавлдық жазасын өтей бастады. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр қазан айының соңына қарай 32 жастағы қала тұрғыны полиция қызметіне көпқабатты тұрғын үйге бомба қойылғанын хабарлаған. Оқиға орнына арнайы қызмет мамандары жұмылдырылып, 100 тұрғын, араларында балалар да бар, қауіпсіз жерге шығарылды. Саперлер, кинологтер иісшіл итпен үйді толық тексеріп шықты, жарылғыш табылмады. Полиция жұртты дүрліктірген жалған террористі бірден анықтады. 1987 жылғы Петропавл тұрғыны ұсталған кезде мас болған. 17 қаңтар күні сот жалған террористі кінәлі деп тауып, екі жылға бас бостандығын шектеді және 100 сағатқа мәжбүрлеп еңбекке тарту жазасын кесті. Ақпан айында үкім заңды күшіне енді. «Террорлық акт туралы жалған хабарлама таратқандарға жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық жауапкершіліктен арнайы сараптама психикалық ауытқушылығы бар екенін көрсеткенде ғана босатылады. Алайда онда мәжбүрлі түрде емделетін болады», – дейді СҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжанов. Ал жазаға тартылған Петропавл тұрғыны 2022 жылға дейін пробация қызметінің рұқсатынсыз қала аумағынан шыға алмайды. Кешкі сағат 19.00-ден таңғы 8.00-ге дейін үйінде болуға міндетті. Ал күндіз көше сыпырып, қар тазалайды. 2018 жылы СҚО полицейлері жарылғыш заттың қойылғандығы туралы 10 жалған хабарлама алса, былтыр осындай 3 дерек тіркелген. Ал жақында тағы да осындай жағдай Алматы қаласында бол­ды. 1 шілде күні АДК сауда ғимаратына «бомба» орнатылғаны туралы ақпарат түсіп, ойын-сауық орталығынан адамдар эвакуацияланды.  «Жарылғыш зат табылған жоқ. Жалған ақпарат болып шықты. Енді орталық штаттық режимде жұмыс істейді. Адамдар мен келушілер ғимаратқа қайта оралды», – деді сақшылар. Қазіргі уақытта полиция жал­ған хабар берген адамды іздеуге кірісті. Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес дайындалып жатқан терроризмге байланысты жалған ақпарат берген адамға 5 мың айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2651 теңге) көлеміндегі айыппұл салынады. Сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе бас бостандығынан айыры­луы мүмкін.  

 Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ