Қытай елшілігі Қазақстандағы "белгісіз пневмония" туралы хабарламаға түсініктеме берді
Қытай елшілігі Қазақстандағы "белгісіз пневмония" туралы хабарламаға түсініктеме берді
© сурет интернеттен алынды
Қытай елшілігі Қазақстандағы пневмонияға қатысты теріс ақпаратына түзету енгізді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев хабарлады.
«Біз серіктестерімізбен, оның ішінде, Қазақстандағы Қытай елшілігімен жұмыс істейміз. Қытай елшілігі таратқан ақпарат шыға сала елші мырзамен жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі арасындағы телефон сұхбатын ұйымдастырдық. Барлық мәселе бойынша тиісті ақпарат, түсініктеме Қытай тарапына жеткізілді. Нәтижесінде елшілік өзі таратқан ақпаратқа тиісті өзгерістер енгізді», - деді Ержан Ашықбаев.
Оның айтуынша,  екі тарап та - Қазақстан да, Қытай да эпидемияға қарсы қызметті объективті ақпарат берудің маңызын және "Қазақстандағы пневмония туралы ақпаратты еркін интерпретациялауға жол бермеу" керек деп келісті.
"Қытай елшілігі таратқан ақпаратқа өзгеріс енгізетін болды", - деді Ашықбаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қытай мен Ресейдің кейбір бұқаралық апарат құралдары Қазақстанда коронавирустан күшті "белгісіз пневмония" пайда болды деген ақпарат таратты.  Белгісіз дереккөздер елімізде маусым айынан бастап пневмонияға шалдыққандар саны артқанын, бұл ретте оны коронавирус тудырмаған деп хабарлады. 10 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен, сарапшылардың көбі пневмонияны коронавирус тудыруы мүмкін деп есептейді.