Балуан балабақша ашты
Балуан балабақша ашты

Қазақ күресінен әлем чемпионы, үш дүркін «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев өз қаржысына облыс орталығынан 200 орынды бөбекжай бақшасын ашып, үлкен іске бастамашы болды. «Қазақстан барысы» салып берген «Барыс» бөбекжай бақшасының екі қабатты еңселі ғимараты әсемдігімен алыстан көз тартады.

Аталған бөбекжай бақшасының меңгерушісі, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Айша Ниязбекова мұнда 1 жастағы бөбектер тобынан бастап, 6 жастағы мектепалды даяр­­лық тобына дейін қабылдана беретінін айтты. Әзірге 50-ге жуық бала 4 топ бойынша қабылданып, жұмыс басталып кетіпті. Негізі ғи­ма­рат 200 орынға арналған, осын­ша балаға барлық жағдай жасауға мүмкіндігі бар. 8 топ болады, осын­да 35 адам жұмыспен қамтылады. Қазірдің өзінде бұл мекемеде 15-ке жуық адам еңбек етеді. Бірқатар мамандар резервте тұр. Жаңа топ ашылса, солар жұмысқа қабыл­данады.

Мұнда бір үйден бірнеше бала бергендерге де жеңілдік бар.

– Былтыр Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін тәрбиеші мамандығы бойынша б­ітірген едім. Бір жыл мамандығым бойынша жұмыс табылмай, басқа салада жүрдім. Бұл бөбекжай бақ­ша­­сының ашылуының нәти­же­сінде жұмыс тауып отырмын. Ба­ла­­лармен жұмыс істеу көңілді, – дейді тәр­биеші Нұргүл Шекербек.

Ал мейірбике Жанар Әбдіха­лықова осында облыстық ауру­ханадағы жұмысынан ауысыпты. Ол жалақыдан сәл айырмашылық болғанымен, бұл жақта бірыңғай, жүйелі жұмыс екенін айтады. Бө­бекжайдың асхана, мәжіліс залы, үйірме залдары да көз тар­тады. Кең, заман талабына сай. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, қа­жет­тіліктің бәрі жеткілікті. Мұнда тәулігіне 5 мезгіл тамақ беріледі. Күніне бір балаға жұмсалатын тамақтың шығыны – 10 мың теңге көлемінде.

– Бұл бөбекжай бақшасын барынша ойланып, барлық талапқа сай ашып отырмыз. Құрылтайшы Бейбіт Ыстыбаев та істің сапалы болуына мән берді. Осында ағыл­шын тілі, хореография (би), күрес, таэквандо, гимнастика үйірмелерін ашуды жоспарлап отыр. Өмірге бейім­деу сабағын да өткіземіз. Жо­ғары топтарға 15 ми­нуттық сабақтар жүреді. Алдағы уақытта балабақша ауласына түрлі талдар мен гүлдер егіп, абаттан­дырамыз. Бізге келетін балаларға барлық жағдай жасап отырмыз, – дейді мекеменің мең­герушісі Айша Бердешқызы.

«Барыс» бөбекжай бақшасы­ның ресми ашылуына Тараз қала­сы­ның әкімі Қайрат Досаев қа­ты­сып, лентасын қиды. Көпшілікке бел­­гілі актер, «Алдараспан» театры­­ның директоры Нұржан Төлендиев, қазақ эстрадасының жұлдызы Еркін Нұржанов келіп, өнер көрсетті. Алдағы уақытта 200 бала қабылдап, оларға жоғары дең­гей­де қызмет етуге «Барыс» бө­бек­жай бақшасының мүмкіндігі мол.

 

Тараз қаласы