Мобильді орталық құрылды
Мобильді орталық құрылды
209
оқылды
209
оқылды

Шымкент қаласында халықтың жұмыспен қамтылуына көмектесу мақсатында «Атамекен қолдау орталығы» жұмыспен қамтудың мобильді орталығы іске қосылды.

«Мемлекеттік бағдарламаларды халыққа ашық форматта түсіндіру, жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға үйрету, халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну мақсатында қала әкімдігі «Атамекен» кәсіпкерлер палата­сы­мен бірге іс-шаралар жоспарын бекітті. Қаламыздағы 4 аудан әкім­дігінде және Халыққа қызмет көр­сету орталықтарында да мобильді орталық жұмыс істейді», – деді Шымкент қаласы әкімінің орын­басары Гүлжан Құрманбекова.

Шымкент қаласында мұндай ор­талықтар блок-модульді пави­льон­дарда, халық жаппай жинала­тын жерлерде – базарлар мен вок­залдар маңы, халық тығыз орна­ласқан аудандар, шеткі аудандар мен көшелерде ашылмақ. Шымкент қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев тұрғындарға бір көзден жан-жақты ақпарат беру, жұмыссыз жүрген азаматтардың дәрежесін анықтау басты мақсат екенін жет­кізді.

«Бүгінгі таңда Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министр­лігімен базалар интеграциясын жасап жатырмыз. Қай ауданда қан­ша адам жұмысқа мұқтаж, қай кәсіпорынға жұмысшы тапшы, осы тұрғыда қаламыздың әлеуметтік картасын жасап, нақтылайыз. Егер кәсіпкерлікке бейімділігі болса, ол азаматқа мүмкіндік көп. Қала бойынша 2 000-ға жуық азамат қысқамерзімді оқытудан өтті. Микроқаржы ұйымынан – 450 мың теңге, республикалық бюджеттен 4500 грант бөлініп отыр. Әлеуметтік қиын жағдайда жүрген азаматтардың бәрін оқытып, жұмыспен қамты­мақпыз», – деді Нұрлан Қабыштаев.

Мобильдік орталықтардың бір ерекшелігі, мұнда енді жеке тұлғаны дамыту кеңесшілері де отырады. Ол әр адамның қандай жұмысқа бейімі бар екенін анықтайды.

Менеджерлер өтінім берушінің алған білімі мен кәсіби деңгейіне қарай жұмыс табу, жаңа мамандық алу (клиенттер 2 айдан 6 айға дейінгі қысқамерзімді оқу курстарына жа­зы­­ла алады. Тыңдаушыларға шә­кірт­а­­қы және ары қарай жұмысқа ор­на­ластыру мүмкіндігі қарас­ты­рыл­­­ған). Ал «Жас кәсіпкер» жоба­сына қатысушылар (18-29 жас аралы­ғында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар) кәсіп­керлік негіз­дері курсына жазыла алады. «Бастау» жобасына қатысу­шы­лар (жас ерекшеліктеріне қара­мас­тан өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыс­сыздар) бір ай ішінде бизнес жүргізудің негізгі дағдыларын үйре­неді, шағын несие алуға, кәсіп ашып немесе қолдағы бизнесті ке­ңей­туге мүмкіндік алады. Орталықта кәсіп бастаушыларға осы және басқа да ақпараттарды алуға мүмкіндік бар.


Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы