Биыл 110 жасқа келген Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайлаукөл ауылының тұрғыны Аманбала Аманжолова дүниеден өтті. Ғасыр асып жасаған ананың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиет-өнегесі ұшан-теңіз. Аманбала апа 1910 жылы Сарыарқа даласында дүниеге келген. 1926 жылы Балтабай Аманжолов атамызбен жұбын жарастырып, 1928 жылы Сарысу ауданы құрылған тұста елді мекенге көшіп келеді. Ілгерібас колхозында соқа айдап, бидай орып, шөп шауып еңбек етеді. Сондай-ақ сақпан, қой қырқу жұмысына да араласады. Жастайынан еңбекте шыңдалған ана маңдай терін осы колхозға сіңіріп, зейнетке шығады. Бес құрсақ көтерген әжей ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. 17 немере, 34 шөбере сүйген.
«Өмір жолымда не көрмедім, 1928 жылғы дүние-мүлікті тәркілеу, 1932 жылғы ашаршылық. Қуғын-сүргін. 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс, бәрі-бәрін көрдік. Мал-мүлікті тәркілеу кезінде есім кіріп қалған. Ол заман өте қиын болды. Одан кейінгі ашаршылық нәубеті мені шекара асырып, Өзбекстаннан бір-ақ шығарды. Ал 1941 жылы еркек кіндіктілер майданға аттанып жатқанда, ауылдағы бала-шағаның бейнеті соғыстан кем болмады. Соғыс жылдары тас тасып, «Ынталы» су қоймасын тұрғыздық. Сондай-ақ егін егіп, бар жиған-тергенімізді майданға жөнелттік. Қазір Аллаға шүкір, бейбіт күн. Жаратқан құрсағыма бес перзент берді. Олардан немере, шөбере сүйіп отырмын. Жолдасым 80 жасында дүниеден озды. Өсірген балаларым қорғаным болып, бүгінде бар жағдайымды жасап отыр», – деп өткен күнді есіне алған еді аңыз ана көктем айында арнайы тілдескенімізде.Аманбала ана 110 жасқа келсе де, еш сырқатсыз, өз ажалымен бақилыққа аттанып отыр. Әжейдің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Кейуананың жасын кейінгі ұрпағына берсін.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы