–Медициналық университетте емдік тағам және гигиена пәндерінен сабақ бересіз, тағамтану ілімінің тарланы, академик Төрегелді Шармановтың шәкіртісіз. Қазір көп адам арпалысып жатқан індет сізді де айналып өтпепті... –Иә, адамзат баласын әбіржіткен бұл індет адам таңдамайды. Бұл – жұқпалы ауру. Бір жиынға барған едім. Сол жерде ауырған адам болуы мүмкін. Осы сәттен кейін жөтел басталды. Ары қарай ауру асқынып, клиникалық көрінісі айқындалды. Рентгенге түскен соң, екі жақты пневмония диагнозы қойылды. Тыныс алу қиындап, ентігу пайда болды. Барлық санитарлық талаптарды орындап жүргеннің өзінде өкінішке қарай, осындай жағдайға тап болдым. Құдайға шүкір, қазір өзімді жақсы сезінемін. –Қандай ем қабылдадыңыз, ауруды қалай жеңдіңіз? –Ауруханаға жатып шықтым. Ол сәттерді есіме алу қиын. Дәрігерлерге рақмет. Салауатты өмір салтын сақтағандықтан ауруды жеңдім деп ойлаймын. Ішімдік атаулыдан, темекіден аулақпын. Осы уақытқа дейін өкпем ауырған емес негізі. Қосымша созылмалы аурулар да жоқ. Қазір үйде тыныс алу жаттығуларын жасап жүрмін. Ұйқысыздық кетті, тәбет орнына келді. –Бұл індетке шалдыққан адам неге мән бергені жөн, қалай тамақтануы керек?
–Ауырған кезде психиканың маңызы зор. Сондықтан үрейге берілудің қажеті жоқ. Тек жақсы нәрсе ойлаңыздар. Оңай емес, әрине түсінемін. Өткен өмірің көз алдыңа келеді. Ұйқысыздық болады, әсіресе қосымша ауруы бар адамдардың жүйкесіне көп салмақ түседі. Індеттің үш деңгейі бар: жеңіл, орташа, ауыр. Байқағаным, көп қозғалыста болатын, яғни физикалық тұрғыдан жақсы дамыған жастарда жеңіл өтіп жатыр. Ал ақыл-ой жұмысымен айналысатын адамдардың басым бөлігі орташа түрімен, алпыстан асқан кісілер ауыр түрімен ауырып жатыр, көбінесе. Қосымша аурулардың болуы да кері әсер етіп жатыр. Олар: қан қысымының жоғары болуы, қант диабеті, т.б. Бұл індетте емнің қонуын кешеуілдетіп, қиындатып жатқан негізгі себептің бірі – семіздік. Ауырған кезде өкпені ашатын дәрілер, антибиотиктер, ішек микрофлорасын жақсартатын дәрілер беріледі. Ағзаға көп антибиотик түскен кезде ішек жұмысы бұзылуы мүмкін. Салдарынан іш өтеді. Дұрыс тамақтанбау дисбактериозға алып келеді. Сол себепті құнарлы тағам жеңіз. Әрбір 5-10 минут сайын жылы судан ұрттап ішіп отырыңыздар. Бұл қызуды түсіруге көмектеседі, бір жағынан тамақтан үнемі су өтіп тұрғасын ауырсыну басылады. Қанша әлсіздік болса да, жатып қалмаңыздар, қозғалыста болыңыздар. Індетке шалдыққан адамдардың кейбірінде иіс, дәм сезу қабілеті жойылады. Бірақ дәм сезбей қалдым деп тамақ жемей қоюға болмайды. Сұйықтық, сорпа ішіңіздер. Сорпаға құрт салып ішіңіздер. Сарымсақ, пияз, бұрыш, аджика дейміз ғой, осындай ащы өнімдерді көбірек тұтыныңыз. Бұл – вирустың таралуына кедергі жасайтын өнімдер. Сонымен қатар ағзаны қыздыру арқылы қабынуды басып, өкпеден қақырықтың шығуына ықпал етеді. Осы арада қымыз туралы айта кетейін. Оның бактерияға қарсы әсері бар. С дәрумені иммунитетке жауап береді. Бұл дәрумен қымыздың құрамында көп. Індет өршіп тұрған осындай уақытта қымыздың қышқылдық қасиеті ағзаға өте қажет. Оны арнайы курспен күніне 100-150 миллилитр ішіп тұруға болады. Қышқылдық қасиеті жоғары болғандықтан, қымызды көп адам қабылдамайды. Әсіресе, асқазанда жара болса. Осы орайда, шұбаттың да қажетті дәрумендерге бай өнім екенін айта кетейін. [caption id="attachment_58066" align="alignnone" > Фото: Интернеттен алынды[/caption] Таңертең сүт өнімдерінен жасалған ботқалар немесе сүт көже, яғни сүтке күріш салып пісіріп, сары май қосып ыстықтай ішіп жүру керек. Ақуызға бай тағамдарды молынан тұтыныңыз. Ол иммунитетті көтереді. Мысалы, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа т.б. Ақуыз бен май жақсы байланыста болуы керек. Майға келсек, жануартекті майды көбірек тұтыну қажет. Мысалы, қой еті. Майлы тағамдар ағзаға керек. Ол өкпе нүктелерінің дұрыс жұмыс істеуіне, дұрыс тыныс алуға көмектеседі. Нан өнімдерін, тәттіні аз тұтыныңыз, мүлде бас тартсаңыз да болады. Лимон, таңқурай, жалбыз, киікоты, зімбір басқа да шөп шайлар ішу керек. Кептірілген жемістерден жасалған компот, кисельдің де көмегі мол. Ол ағзаның вирусқа қарсы тұру қабілетін арттырады.–Елімізде өкінішке қарай көп адам коронавирустың құрбаны болды. Алпауыт елдердегі жағдай да мәз емес. Біздегі медицина бұған дайын болмағаны рас. Ауруханада жатып жағдайды көрдіңіз. Енді бұл салаға қандай өзгеріс керек деп ойлайсыз? – Иә, дұрыс айтасыз, дайын болмадық. Қазір ешкімге оңай болып тұрған жоқ. Ауруханада жатып, тактиканың әлсіздігін байқадым. Бір науқас шығып кетсе, басқасын жатқызып жатыр. Мен жатқан ауруханада жан сақтау бөлімінен басқа жерде оттегі жастығы болмады. Орын болмағасын, жағдайы ауыр науқастар палатада жатты. Аурухана ішіндегі санитарияға қатты көңіл бөлуіміз керек. Өйткені бұл – инфекция, жұқпалы ауру. Коронавирусқа қойылатын экспресс-тесттер сынақтан толық өтті деп ойламаймын. Өйткені қасымдағы науқасты тексергенде теріс нәтиже беріп, «бәрі жақсы» деп көрсетті. Алайда оның жағдайы менен әлдеқайда ауыр еді және ол жас болатын. Менің ойымша, науқастарды ауру деңгейіне қарай әскери тәртіппен бөліп, іріктеуіміз керек. Қазір медицина қызметкерлері өмірін қатерге тігіп жүр. Оларды уақытында толыққанды тамақтандыру керек. Үстіндегі ауа өткізбейтін киімдерімен ұзақ жүруге болмайды. Арнайы киім қолайсыз және ағзаға зиян болуы да мүмкін. Сондықтан ақ халаттыларға жұмыс арасында демалып, үзіліске шығатын мүмкіндік жасау керек.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ