Әкім және әлеуметтік желі
Әкім және әлеуметтік желі
327
оқылды

27 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге әлеуметтік желіде белсенді болып, халықпен байланысын нығайтуды тапсырды. «Жыл сайынғы есеп беру жиындары – көзбояушылық. Халықпен күнде жұмыс істеу керек» деген Президент сөзінен кейін әлеуметтік желіде әкімдердің парақшасы көбейді. Біз облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің Facebook-тегі парақшаларын шолып шығып, жергілікті билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасы қалай өзгергенін сараптап көрдік.

Алматы қаласын тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз мегаполиске айналдыру мақсатымен бөліскен Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметін (28 маусым күні Алматы қаласының әкімі боп тағайындалды) әлеуметтік желіде парақша ашудан бастады.

«Сіздердің талап-тілектеріңізді біліп, уақытылы жауап беру мен үшін өте маңызды. Сіздермен тікелей байланыс орнату үшін Facebook, Twitter, Instagram желілерінде тіркелдім» деп жазған әкімнің әр жазбасына пікір қалдырып, қаладағы бірқатар мәселеге қатысты ұсыныстары мен талап-тілектерін жеткізушілер көп. Әкімнің жұмысы қауырт болса керек, қолданушылардың пікіріне Open Almaty (Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау бөлмесі) парақшасын жүргізу­шілер жауап береді. Бірақ Open Almaty парақшасының әкімшілері пікірлердің бәрін бірдей назарға алмайтыны байқалады. Мәселен, Бақытжан Сағынтаевтың Нау­рыз­бай ауданы тұрғындарымен кездесуі туралы жазбасының астына ауданда ауызсу мен жастарға арналған спорттық нысандар жоғын, су жеткізетін көліктердің ел жұмыс­та жүрген уақытта келуінен су алып үлгер­мейтінін айтып шағымданған, келесі кезде­сулердің кестесін сұрап, қатысуға ниет білдірген басқа аудандардан «Бізге де келіп, тұрғындармен кездесу ұйымдас­тыр­саңыз екен» деп, мәселелерін алға тартқан азаматтар бірде-бірі жауап ала алмаған. Бірақ соңғы кездері әкім парақшасына қолданушылар қалдырған пікірлердің біразына Оpen Almaty мәселенің анық-қанығын анықтау кімге тапсырылғаны көрсетілген хабарлама арқылы жауап беріп, кері байланыс орнай бастаған. Алғашқы жазбасын Алматыдағы қоғамдық кеңес мүшелерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен өткен кездесу барысын баяндаудан бастаған әкім әдетте аудандарды аралағаны, өндіріс орындарына сапары және әкімдікте талқылаған мәселелері туралы жазады.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мыр­захметовтың әлеуметтік желідегі белсен­ділігі жоғары. Ол өзіне сұрақ қалдырған азаматтарға жеке жауап беріп, қажет жерде Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевты тегтеп, соған қарай жөн сілтеп отырады. Осылай Жамбыл облысының әкімі мен Тараз қаласы басшысының коллаборациясы арқылы халықтың сапасыз жолдар, балалар алаңын салу бойынша өтініштері назарға алынып, әкімдік қандай шешім қабылда­ғаны туралы ақпарат беріліп жүр.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовтың Facebook-тегі парақшасы баспасөз хатшысы мен облыс басшысын белгілеген басқа қолданушылардың жазба­сынан тұрады. Әкім өз атынан ештеңе жаз­баған. Парақшаға пікір қалдырушылар да көп емес. Бірақ бірлі-саран мәселе көтерген азаматтардың да өтініші жауапсыз қалады. Әкімнің парақшасынан өңірдегі, ел ішіндегі жағдайға қатысты пікірін біліп, қабылдаған шешімдерімен танысу мүмкін емес.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Ора­залинның парақшасы күнделікті жұмыс­тар мен сапарлар туралы ақпарат жариялап отыратын әкімдіктің ресми сайтын көбірек еске салады. Әкім туралы ақпарат үшінші тараптан жазылып, үнемі жаңарып оты­рады. Әлеуметтік желісін өзі жүргізбейтін әкімнің қандай нысандарды аралап жүр­генін осы парақшадан қарап білуге болады.

Саясаттанушы Расул Жұмалы әкім­дердің әлеуметтік желіге тіркелуін дұрыс көреді. «Әлеуметтік желі – заман талабы. Қазіргі билік те ашықтықты, халықпен байланыс болуы керегін алға тартады» деген сарапшы әлеуметтік желінің әкімге қосымша жүк болмауы керегін айтады.

– Әлеуметтік желі әкімге ақпаратты ықшам түрде жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Мобильділік, тікелей байланыс, бір мәселе бойынша қосымша анықтама сұрау, тапсырма беру сияқты артықшылықтары тағы бар. Бірақ әкім қанша жерден сауатты, мемлекетшіл болса да, оның уақыты шектеулі екенін есте ұстаған жөн. Басқа міндеті жетіп-артылатын әкімге күніне ондаған, жүздеген адам жазса, сонша хабарламаны 24 cағат бойы қарап, өңдеп отыру мүмкін емес. Сондықтан мәселенің осы қырын оңтайландыру керек, – дейді ол.

Шын мәнінде, өздеріне келетін сұрақтар мен өтініштердің көптігінен халықты байланыстың жаңа үлгілерін қолдануға шақырған әкімдер де кездеседі. Мәселен, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Facebook-тегі парақшасында азаматтарға әкімдік сайтындағы сұрақ-жауап бөлімін пайдалануды ұсынды. Баталовтың жазба­сында былай делінген (мәтіннің орфогра­фиясы өзгертілмей берілді): «Менің парақ­шама Сіздер көптеген сауалдар жолдайсыз, олардың ішінде жүйелі түрде жұмыс істеуді қажет ететін, қарастыру уақыты тығыз келетін күрделі мәселелер көп, алайда барлық сұрақтарға осы парақшада жауап беру мүмкін емес. Азаматтармен пікір алмасу, сұрақтарын ескеру, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру мақсатында http://www.zhetysu.gov.kz/сайтында менің жеке блогым, сонымен қатар арнайы «Сұрақ-жауап» бөлімшесі қызмет жасап тұр. Әр­түрлі мәселелер бойынша өтініштер ресми түрде тіркеліп толыққанды жауаптар бері­летінін хабарлаймын».

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Facebook-тегі парақшасына жеке нөмірін қалдырып, WhatsАpp желісінде азаматтардан өңірді дамыту бойынша нақты ұсыныстар күтетінін жазған. Кейінірек әкім бір күннің ішінде 500-ге жуық хабарлама алғанын, олардың 95 пайызы тұрғын үйді жөндеу, жұмыспен қамту сияқты мәселелер екеніне назар аударған. Азаматтардың қай өтініші де маңызды екенін атап өткен Ғали Есқалиев халықтың өтініштерін қабылдаумен ай­налысатын 109 желісі, Telegram-да Ikomek Uralsk парақшасы барын еске салған.

Расул Жұмалының пікірінше, халықтың әкімге өтініш қалдыруға құлшынысын мемлекеттік органдар қызметінің кемшін болуынан іздеу керек.

– Мұнда ең бастысы, «Неге әкімге өтініш қалдыратындардың легі толаста­майды?» деген сұраққа жауап беру керек. Менің ойымша, бұл – мемлекеттік қыз­меттің сапалы болмауының көрінісі. Кез келген мемлекетте мұндай мәселелерді шешетін арнаулы мекемелер бар. Халық көңілінен шықпаған мәселені тиісті мемлекеттік мекемеге барып айтады. Біз­дегі осындай мекемелер көбіне формалды түрде жұмыс істеп, іс жүзінде өз міндетін дұрыс атқармайды. Халықтың оларға сенімі де жоғары дәрежеде емес. Мемлекеттік органдар өтініш берушінің хатын қабылдап алған күннің өзінде оған үстіртін, ешқандай шешім ұсынбайтын, бір жерден екінші жерге жұмсайтын жауап береді. Осындай қағазбастылықтан басқа шағынар жері жоқ халық әкімге келеді.

90-жылдардың басында министрліктер мен парламентке кез келген азамат еркін кіріп, кабинетке кезекке тұрып, шенеунік­термен сөйлесе алатын. Мысалы, Герма­нияда азаматтар Бундестагқа (заң шыға­рушы орган) кедергісіз кіріп, шағым қалдыра алады. Қазір біздің парламент пен министрлікке кірудің өзі – азап.

Әлеуметтік желіде парақша ашу – жақсы бастама. Бірақ бұл барлық дертке «дауа» бола алмайды. Сол үшін мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландырып, бүгінгі заман талабына сай, кәсіби, жауапты қалыпқа салу керек, – дейді сарапшы.