Bolashaq жаңа жобасын таныстырды
Bolashaq жаңа жобасын таныстырды
152
оқылды

Орталық коммуникациялар қызметінде Bolashaq қауымдастығының нетуоркинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасуы жобасы мен Jastar Otanga инновациялық идеялар фестивалінің тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.

Кездесуге Bolashaq қауымдасты­ғының атқарушы директоры Лаура Демесінова, АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, Азаматтық бастамаларды қол­дау орталығы КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлбану Заманбекова, ғалым-биотехнолог Дәмел Мектепбаева, Bolashaq қауымдас­тығының жоба менеджері Әлішер Аман­гелдіұлы қатысып, жобаның мақсаты мен негізгі міндеттері жайында баян­дады.

– Нетуоркинг және жастар ұйым­дарының тәжірибе алмасу жобасының мақсаты – іс-шараларды ұйымдастыруда, мемлекеттік органдармен жұмыс істеуде тиімді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін аймақтардағы ҮЕҰ жастарына қолдау көрсету. Жоба республикамыздың 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын қамтиды, – деп атап өтті Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.

Айтулы жоба Қазақстанда Жастар жылы аясында алғаш рет жүзеге асқалы отыр. Жоба барысында өзара әрекеттесу арналарын кеңейту, жастар ұйымдары мен ҮЕҰ арасындағы білім мен тәжірибе алмасу, жастар ұйымдарының өкілдері үшін тренингтер, семинарлар, диалог алаңдары ұйымдастырылады. Жастарға арналған тренингтер мен семинарларды білікті жаттықтырушылар, жастар ұйым­дарының тәжірибелі өкілдері өткізеді. Іс-шара 13-14 тамызда – Павлодар облысы, 19-20 тамызда – Нұр-Сұлтан қаласы, 27-28 тамызда – Батыс Қазақстан облысы, 3-4 қыркүйекте – Алматы облысы, 10-11 қыркүйекте Шымкент қаласында өтеді деп жоспарлануда. Жобаның нәтижелері бойынша ҮЕҰ мен ЖРО-ның екі белсенді қазақстандық тәжірибелерінің жинағы шығады.

– Bolashaq қауымдастығының Нетуоркинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасуы жобасы мен Jastar Otanga инновациялық идеялар фести­валіне еліміздің жастар ұйымдары, жас­тармен қарым-қатынастағы ҮЕҰ-лар, жастар ресурстық орталықтары қа­тыса алады. Жобаның негізгі міндеті – жастар ұйымдарының озық тәжірибелерін зерделеу, жастар ұйымдарының өкілдері үшін тренинг, шеберлік сағаты, семи­нарлар өткізіп, диалог алаңдарын құру, Қазақстан мен АҚШ жастары арасында қарым-қатынас орнатып, іс-шаралар өткізу, – деді Bolashaq қауым­дастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.

Айта кетейік, нетуоркинг және жастар ұйымының тәжірибе алмасу жобасы мен Jastar Otanga инновациялық идеялар фестивалі «Азаматтық баста­малар орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.