Масканы дұрыс пайдалана білеміз бе?
Масканы дұрыс пайдалана білеміз бе?
©Сурет интернеттен алынды
482
оқылды
 Қазір елімізде індет дендеп барады. Жалпы, коронавирустан қалай сақтануға болады? Бетперде қаншалықты көмектеседі, оны қалай пайдалану керек?  Осы сұрақтарға педиатр-инфекционист Ақжарқын ҚОШЫМ-НОҒАЙ жауап берді.   width= – Маманның көзімен қарап, жұқпалы аурулар, оның ішінде  коронавирусты инфекция жөнінде түсінік бере кетсеңіз...  – Жедел респираторлы вирусты инфекциялар (ЖРВИ) – әртүрлі вирустар туғызатын жұқпалы аурулар тобы. Бұл инфекциялар науқас адам түшкіріп, жөтелгенде ауа арқылы, қол алысып амандасу кезінде, басқа да тұрмыстық жолмен, яғни, әртүрлі заттар арқылы жұғуы мүмкін. ЖРВИ-ларды келесі вирустар грипп, парагрипп, риновирусты инфекция, аденовирусты инфекция, респираторлы синцитиальді инфекция (РС инфекциясы), реовирусты инфекция, сондай-ақ коронавирусты инфекция қоздыруы мүмкін. Көріп тұрғандарыңыздай коронавирусты инфекциялар ЖРВИ-лар қатарына кіреді. Сондықтан оның алдын алу жолдары басқа да ЖРВИ-дың алдын алу шараларымен бірдей. Өкінішке орай, ЖРВИ-дың алдын алуға арналған тиімділігі дәлелденген препараттар жоқ есепті. – ЖРВИ-дың алдын алуға арналған тиімділігі дәлелденген препараттар жоқ болғандықтан тұрғындарға қандай шаралар қолдануды ескертер едіңіз? – Аурудан аулақ болу үшін мынадай қарапайым ережелерді (шараларды) ұстану қажет:  көпшілік жиналған орындарда – үлкен дүкендер, кинотеатрлар, ойын-сауық кешендері, қоғамдық көліктер, т.б. болмауға мүмкіндігінше тырысыңыз; әдетіңізде болса да, елжіреп сүйісіп немесе қол алысып амандасудан бас тартыңыз; далада жүргенде бетіңізге қол тигізбеуге (бет-аузыңызды ұстамауға) тырысыңыз; қолыңызды жиі жууға немесе антисептикалық ерітінділермен өңдеп тұруды дағдыға айналдырыңыз; даладан келген бетте сырт киімдер мен басқа да заттарды есік алдында қалдыру не болмаса өңдеу қажет; әсіресе, әмиян, сөмке, телефон секілді жиі қолданылатын заттарды  антисептикалық ерітінділермен өңдеп тұру қажет.
Үйге сырттан келе салысымен қолды, сонымен қатар бетіңізді жақсылап сабындап жууды ұмытпаңыз. Мүмкіндік болса күнделікті даладан келген бетте шашты да жуған дұрыс. Себебі шаш микробтарды жинайтын магнит болып табылады. Вирустар организмге жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді. Адам организмі вирустармен кездескен сәтте бірінші кезекте жергілікті иммунитет қарсы жауап береді. Егер жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттары құрғап кетсе, жергілікті иммунитет өз қызметін атқара алмайды. Жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарын ылғалдандыру арқасында біз жергілікті иммунитетімізді нығайта аламыз. Ол үшін жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішіп, организмнің сусыздануын болдырмау қажет.
Сонымен қатар, мұрын және ауыз бен жұтқыншақты тұзды сумен шайып тұру пайдалы. Созылмалы аурулардың өршіп, иммунитеттің түсуін болдырмау мақсатында суықтап қалудың алдын алу қажет. Күнделікті ауа райына сай киіну керек. Салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Мезгілімен және құнарлы тамақтану, стрессті болдырмау, ұйқы режімін қалыптастыру, гимнастика және спортпен шұғылдану, таза ауада серуендеу денсаулықты нығайтуға септігін тигізеді. ЖРВИ-дың белгілері пайда болса, бір реттік қолдануға арналған майлық-сулықтарды пайдаланған ыңғайлы. Көпшілік орындарда маскаларды қолдану қажет. [caption id="attachment_58148" align="alignleft" width="502"]респиратор ©Сурет интернеттен алынды[/caption] – Көпшілік орындарда масканы қалай қолдану керек? – Бүгінгі таңда медициналық және медициналық емес маскалар шығарылуда. Медициналық маскаларды қолдану ережелері мынадай: Жаңа масканы ұстамас бұрын қолды жақсылап сабындап жуу, ал жууға мүмкіндік болмаған жағдайда антисептикалық ерітіндімен өңдеу қажет; Масканы қолға алып, оның бүтіндігін тексеріңіз; Масканың қатты жерін жоғары қаратып, түсті жағын сыртқа аударып кию қажет. Масканың қатты жерін мұрынның формасына сай келтіріңіз.
Маска мұрынды, ауызды және иекті толығымен жауып, бетке тығыз тұруы қажет. Масканы қолдану кезінде оған қол тигізбеуге тырысыңыз. Егер де абайсызда маскаға қол тигізген болсаңыз, қолыңызды антисептикалық ерітіндімен өңдеңіз. Әр 2-3 сағат сайын (ылғалданып кетсе, одан да жиірек) масканы ауыстырып отыру қажет. Масканы құлаққа тағылатын жіптерді/резеңкелерді артқа тарту көмегімен шешу қажет. Қолданылған масканы кез келген жерге тастай салмай, қоқыс жәшігіне немесе арнайы маскаларды жинап, жоюға арналған жәшіктерге тастап, қолды қайтадан антисептикалық ерітіндімен өңдеу керек.
Есіңізде болсын: бүтіндігі бұзылған маскаларды қолдануға болмайды; масканы мұрынды ашып киюге немесе мойынға түсіріп кию дұрыс емес; бір реттік маскаларды қайталап қолдануға болмайды. – Ал медициналық емес (матадан тігілген) маскаларды қолдану ережелері қандай? – Медициналық емес (матадан тігілген) маскаларды қолдану ережелері мынадай:
  • Таза масканы ұстамас бұрын қолды жақсылап сабындап жуу, ал жууға мүмкіндік болмаған жағдайда антисептикалық ерітіндімен өңдеу қажет;
  • Масканы қолға алып, оның бүтіндігін тексеріңіз;
  • Масканы мұрынды, ауызды және иекті толығымен жауып, бетке тығыз тұратындай етіп киіңіз;
  • Масканы қолдану кезінде оған қол тигізбеуге тырысыңыз;
  • Масканы шешер алдында қолыңызды өңдеп алыңыз;
  • Құлаққа тағылатын жіптердің көмегімен масканы шешіңіз;
  • Егер маска құрғақ және таза болып, оны қайта қолданатын ойыңыз болса, масканы полиэтиленді пакетке салып қойыңыз;
  • Масканы шешкен соң қолыңызды қайтадан өңдеңіз;
  • Масканы қайта қолданар кезіңізде оны пакеттен құлаққа тағылатын жіптерінен ұстап шығарыңыз;
  • Матадан тігілген маскаларды күніне бір рет сабынмен немесе кір жууға арналған ұнтақпен 60 градус ыстық суда жуып, үтіктеп, қайта қолдану қажет.
  • Бүтіндігі бұзылған, кірлеген не болмаса бетке тығыз тұрмайтын, мүлдем ауа өткізбейтін маскаларды қолданбаңыз.
– Респираторлар жөнінде не айтар едіңіз?  – Маскамен салыстырғанда респираторлардың пайдасы көбірек. Қорғаныш дәрежелеріне байланысты респираторлар FFP1, FFP2, FFP3 болып 3-ке бөлінеді. Респираторлар да қарапайым маскалар тәрізді бетке тығыз тұруы қажет. Қоғамдық көліктен, дүкеннен шыққан бетте қолды антисептикалық ерітіндімен өңдеу пайдалы; егер ЖРВИ-дың симптомдары пайда болса, үйде қалып, дәрігердің кеңесін алыңыз. - Ал отбасы мүшесі ауырып қалған жағдайда не істеу қажет? Бірінші кезекте науқас адамды оқшаулау керек. Мүмкіндік болса, науқас адамға жеке бөлме арнау керек. Науқасты жеке гигиеналық заттармен, төсек-орын, орамал және ыдыспен қамтамасыз ету қажет. Науқас адам және оны күтуші адам медициналық масканы пайдалануы қажет. Вирустар жоғарыда айтылып кеткендей ауа-тамшылы және тұрмыстық жолмен жұғатын болғандықтан бөлме ауасын жиі-жиі тазартып, дезинфекциялық ерітінділермен ылғалды тазарту жасап тұру қажет. Ылғалды тазарту кезінде әсіресе есік тұтқаларын, ажыратқыштарды, телефондарды, пульт және басқа да жиі ұсталатын заттарды жақсылап өңдеу керек. Дәрігердің тағайындауынсыз әртүрлі дәрі-дәрмектерді қабылдап, компьютерлі томографияға, рентгенографияға, анализ тапсыруға барудың қажеті жоқ. – Пайдалы кеңесіңіз үшін рақмет!