Бала тағдыры – ұлт тағдыры
Бала тағдыры –  ұлт тағдыры
169
оқылды

Nur Otan партиясы жанынан құрылған Балалар құқын қорғау жөніндегі көшпелі сараптамалық жұмыс тобы Қостанайдағы бірнеше нысанды аралады.

Nur Otan партиясы жанынан құрылған Балалар құқын қорғау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева бастаған топ алдымен арнайы маман­дандырылған «Озат» лицей-интернаты­ның жұмысымен танысты. Мектептегі 169 оқушы инновациялық технологиялар, 3D модельдеу, робототехника сияқты салаларды жетік меңгерген.

– Мұндағы оқушылар облыстың әр аймағынан жиналған. Дегенмен негізгі басымдық ауыл балаларына беріліп отыр. Олар конкурстық негізде қабылданды. Мектепте биылдан бастап робот-мұғалім жұмыс істейді. Жоғары дәрежелі мұ­ғалімдер де қатаң талаппен таңдалды. Мектептің миссиясы – бәсекеге қабілетті, IT білімді меңгерген оқушыларды даяр­лау, –дейді «Озат» лицей-интернатының директоры Рамазан Раисов.

Бұдан кейін жұмыс тобы «Дельфин» балалар үйінде болды. Балалар үйінде 37 тәрбиеленуші бар. Орталықта «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында тұрмыс жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған күндізгі топ ашу жоспарға енген.

Кәмелет жасқа жетпегендердің істері бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сотының жанында отбасы­ларды қолдау ресурстық орталығы да назардан тыс қалмады. Мұнда соңғы екі ай бойы консультативтік кеңес беріледі. Нәтижесінде, отбасылардан келіп түскен 320 өтініш бойынша психологиялық және заңгерлік көмек түрлері ұсынылған. Медиаторлардың қызметі мен медиация әдістері кеңінен қолданылып келеді. Бұл сотқа дейін дау-дамайларды шешуге өзіндік үлес қосқан. Сол сияқты, Қостанай облысының жастар ресурстық орталығы да балғындар мен жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуін көздеп, заңгерлік және психологиялық кеңес ұсынуға әзір.

Жұмыс тобы «Жанұя» отбасылық үлгідегі балалар үйінде де болды. Мекеме ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар­ды әлеуметтендіруге атсалысып келеді. Сарапшылар тобы ерекше білім алуды қажет ететін балаларға қатысты оңалту шараларын қамтамамыз ететін қызмет түрлерін кеңейту туралы ұсыныс жасады. Шара соңында өңірдегі балалар мен отбасылармен жұмыс істейтін үйлестіру қызмет түрлеріне оң баға берілді. Айта кетейік, жұмыс тобының Қостанай облы­сына сапары әлі де жалғасып жатыр.