Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев карантин талабын бұзғандарға қандай шара қолданылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, мониторинг тобы Қазақстанның барлық өңірін тексеру барысында 16 572 нысанды тексеріліп, 1617 нысанның заң бұзғаны анықталған.
"Тексеріс барысында өз еркімен 564 нысан жұмысын тоқтатты. ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы бойынша 225 хаттама толтырылды. Сауда және қоғамдық тамақтану нысандарында маска режимін, арақашықтық сақталмауы, таңбалау, термометрияның жүргізілмеуі, банкеттер өткізу, ауаны зарарсыздандыру және дезинфекцияның жүргізілмеуі сияқты заң бұзушылықтар анықталды. Бұл негізгі заң бұзушылықтар болып саналады", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.Сонымен қатар ол карантин талабын сақтамаған кәсіпкерлерге қандай шара қолданылғанын айтты.
"Ақмола облысында тыйым салуға қарамастан жұмыс істеп тұрған аумағы 500 шаршы метр болатын дүкен анықталды. Нысанның иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Оған 683 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қостанай облысында карантин режиміне қарамастан жұмыс істеп тұрған нысан анықталды. Қызметкерлерінде маска, медициналық қолғап, антисептик болмаған. Алматы облысында бір мекемеде 30 адамға банкет ұйымдастырылған. Ал басқа мейрамханада 100 адамның қатысуымен той болған", - деді ол.Тимур Сұлтанғазиев осыған ұқсас заң бұзушылықтар еліміздің барлық өңірінде тіркелгенін атап өтті. Айта кетейік, Тимур Сұлтанғазиев бұған дейін коронавирустан 51 дәрігер қайтыс болғанын айтқан еді.