Батыс Қазақстанда дәрігерлерді қолдау акциясы басталып кетті. Олар коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халаттыларға қымыз жеткізіп беруде. «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұрат Мұқаев бүгінде өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамай, жұртты инфекциядан құтқару үшін еңбектеніп жатқан жандарға көмек көрсетуге шақырған болатын. Осыған орай, «Жайлау» ЖШС-мен жасалған келісім бойынша волонтерлар медицина қызметкерлерін бір ай бойы қымызбен қамтамасыз етіп отырады. Ол үшін «Jas Otan» Жастар қанаты "Ақ халатты абзал жандар ауырмасын" атты акциясын бастаған. Мақсат – науқастардың жанында жүрген дәрігерлердің денсаулығын нығайту. Жергілікті "Жайлау" шаруа қожалығы бір ай бойы аймақтағы науқастар жатқан аурухана дәрігерлерін 1 тонна саумал және қымызбен қамтамасыз етпек.
Мадияр ТӨЛЕУ