Өңірде дерт тіркелген алғашқы күннен науқастарға көмекке келген ол талай жанның жанына араша түсті. Облыстық көпбейінді страционарда дәл қазір 390 науқас емделіп жатыр. Облыста аты жаман індетпен 1200-ден астам дәрігер күресуде. Солардың бірі – Мерей Сисенов. Ендеше кейіпкеріміздің жұмысымен жақынырақ танысайық. 28 жастағы Мерей Сисенов 5 жылдан бері облыстық аурухананың эпидемиолог дәрігері. Қатерлі індет оның жеке жоспарын да өзгертті. Шаңырақ көтеруге дайындалған дәрігер, тойдың қамын кейінге қалдырып, дертті жоюға білек сыбана кірісіп кетті. Маңғыстауда наурыздың 27-де тұңғыш рет сырқат анықталған кезде алғашқылардың бірі болып көмекке барды. Эпидмиолог-дәрігер Сисенов: «4 ай аз уақыт емес. Отбасымда анамның, әжемнің тамағын сағындым. Той мәселесіне дайындалып жатқанбыз. Коронавирусты ауыздықтаған соң той да болады деп ойлаймын. Әзірге бейнебайланыс, телефон арқылы мауқымызды басып жатырмыз», – деді. Дәрігердің негізгі міндеті – эпидемияның алдын алу және індетке қарсы шаралар, аурухана ішілік ғимаратқа кіретін және шығатын заттарды залалсыздандыру, медициналық киімдерді тексеру, қалдықтарды жою, тамақ сапасы, қызметкерлердің күн тәртібін тиянақтау.
Ал, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадыр: «Біз үш эпидемилогпыз. Ішіміздегі ең тәжірибелісі Мерей Қобыланұлы. Эпидемилог өңірімізде табу мәселе. Ең бастысы ол жауапкершілігі мол, 24 сағат жұмыс істейді.Ішіміздегі ер адам болған соң жұмыстың ауырын жүктейміз», – дейді.Ауруханада қатаң карантин талаптары енгізілген. Өйткені 390 науқастың барлығы өкпе қабынуы диазнозынан ем алып жатыр. Оның 58 аса ауыр жағдайда. Ең қиыны вируспен күресеміз деп жүріп 100-ден астам медицина қызметкері де дертке шалдыққан.
Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ