Саматбек Ізімғали, грек-рим күресінен кадеттер арасында әлем чемпионы: Мақсатым – Олимпиадада топ жару
Саматбек Ізімғали,  грек-рим күресінен кадеттер арасында әлем чемпионы: Мақсатым  – Олимпиадада топ жару

Толқу да, қорқыныш та болған жоқ. Азия чемпионатын­да күресіп, жеңіске жеткен соң өзіме деген сенім өте жоғары болды

– Саматбек, қай жерде туып-өстің? Күреске деген қызығушылық қалай басталды?

– Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. 1-сыныпты бітірген кезімде ағам күрес секциясына ертіп апарған. Сол кезде осы спортқа деген қызығушылық оянды. Қа­тысуға ынта таныттым. Содан бері грек-рим күресімен белсенді айналысып келе жатырмын. Осы мектепке түсіріп, спорт­тық карьерам­ның сәтті жалғасуына се­бепкер болған ата-анама және алғашқы жаттық­тырушым Айбек Пұсырманов ағайыма рақмет айтамын.

Негізі үйде үш ұлмыз. Мен үйдің ортан­­­шысымын. Ол кісілер де, ата-анам да менің спортпен алаңсыз айналысуыма мүмкіндік жасап келе жатыр. Жетістікке жетуімнің бір құпиясы да сол шығар.

– Туыстарыңның арасында спортпен айналысқандар болып па еді?

– Нағашы ағаларым спортпен айналысқан. Туған ағам кезінде біраз уақыт боксқа қатысып жүрді. Олардың спортқа деген ықыласы менің де ынтамның артуына, биік жеңістерді армандауыма себеп болған сияқты. Күреспен айналысып даңқты болған қазақ балуандарының жолын әрдайым өзіме үлгі қыламын. Грек-рим күресімен айналысып бүкіл әлемге даңқты болған Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Алмат Кебіспаев ағаларым сияқты чемпион болуды армандаймын. Алға қойған мақсатым – Олимпиада чемпионы болу. Сол биікке жеткенше мұқият әрі ерекше қарқынды дайын­дығымды тоқтатпаймын.

– Әлем чемпионаты алдында сыртқа шығармағанмен өзіңе ғана тән ішкі толқу болды ма?

– Толқу да, қорқыныш та болған жоқ. Азия чемпионатын­да күресіп, жеңіске жеткен соң өзіме деген сенім өте жоғары болды. Себебі, бұл қарсы­ластармен бұрын да күресіп жүрмін. Сыры мәлім десе де болады. Тек өзімнің артықшы­лығымды әдіс-тәсілдеріммен, сауатты қимылдарыммен дәлелдеу керек болды. Ал финалда өзбек балуанына қарсы өзімнің сүйікті тәсілімді қолдап, бірден жауырынын жерге тигізуге тырыстым. Соған жеттім де. Бұл ретте ағайларымның ақыл-кеңесін тыңдап, дереу соны орын­дағаным да көп көмегін тигізді.

– Спорттың қиындығы сезіле ме? Шаршайтын, жалығатын кездер бола ма?

– Әлбетте, шаршайтын сәттер болады. Біздің жұмыс – негізінен физикалық мүмкіндікті пайдалану болғандықтан, организмді демалтып тұру керек. Әйтпесе, әлсіреп кетеміз. Спорттық формамыздан ажырап қала­мыз. Бірақ кешегідей жеңісті сәттер шаршаудың бәрін ұмыттырады. Әлем чемпионы атануым, еліміздің әнұранын есту адамға ерекше әсер сыйлайды. Азия чемпионатынан соң сұхбат берген кезімде «Әлем чем­пионатында да көк туымызды желбіретемін» деп уәде берген едім. Сол уәдемде тұрдым.


P.S.

Сұхбат тәмам болар тұста «Бос уақытыңда немен айналысасың?» деп сұрадық Саматбектен. Көп спортшыға тән ғадетпен, қысқа сөйлеуді ұнататын кейіпкеріміз: «Бассейнге түсемін, теледидар қараймын, серуендеп бой сергітуге тырысамын» деді. Өзі смартфон пайдаланбайды екен. Мүлде. Ағайы айтады: «Негізі, телефон ұстауға болмайды деген түбегейлі тыйым жоқ. Бірақ Саматбек өзі қолай көрмейді. Смартфон уақыттың жауы ғой. Сәл үңілсең болды, біраз уақыт отырып қаласың. Ал бұл дегенің спортшыға тіпті кедергі болатын дүние. Саматбек сондай кедергіден бойын аулақ ұстағысы келеді. Онысын мен 100 пайыз қолдаймын. Жетістікке жету үшін арзан қызыққа бой алдырғысы келмегені мені қатты қуантады» деп ағынан жарылды. Енді Саматбек 40 күндік демалысқа шықпақ. Демалыс біткен соң қайтадан физикалық дайындықты шыңдайтын жаттығулар басталады. Жыл соңына дейін ресми жарыстарға қатыспайды. Келер жылдың қаңтар айынан бастап салмағын жаңартып, үлкен жарыстарға бет бұрмақшы. Алла жазса, алар олжа көп болғай деп тілек білдірдік. «Сен Олимпиада чемпионы атанған соң да сұхбаттасуға жазсын» деуді де ұмытпадық.