ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қоғам үшін аса қажетті дәрілік препаратты қымбат бағамен сатпақ болған 27 жастағы ҚР азаматын ұстады. Ол «Парацетамол» дәрілік препаратын тиісті құжаттарсыз (пластинасы 300 теңге) заңсыз сатпақ болған. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады. Тінту кезінде 6 млн теңге сомасын құрайтын «Парацетамол» дәрілік препаратының 20 000 пластинасы алынды, олар сарапшы-маманның қорытындысынан кейін жедел респираторлық аурулардан емдеуге одан әрі пайдалану үшін Алматы облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасына тапсырылады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 214-бабы (Заңсыз кәсіпкерлік) бойынша тергеу ісі басталды.