Жібек өндірісін дамыту қажет
Жібек өндірісін дамыту қажет
243
оқылды

Күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды өзімізде өндіру мәселесі түбегейлі шешімін таппай келеді. Елбасының «қарапайым заттар экономикасын дамытамыз» деген бастамасынан соң, сең қозғалды. Осыған орай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкіметте өткен үлкен жиында 2025 жылға дейінгі жоспарын жария еткен. Оның айтуынша, қарапайым заттар экономикасын дамыту аясында бизнесті қаржыландыру 2025 жылға қарай 16 мың тұрақты жұмыс орнын ашып, қазынаға 1,1 триллион теңге салық түсіруге негіз болады. Ең негізгісі, импорттың көлемі азаяды. Тұрмыстық заттардың қазіргі импорттық үлесін 59 пайыздан 37 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бағдарлама, жоба, қаржы бар. Енді тек еңбек ету керек. Күнделікті тұрмыста қажетті заттардың түрі сан алуан болғанымен, халықтың талғамы да жоғары, сұраныс та артып келеді. Кәсіп ашуға талпынғандардың қарасы көп. Бірақ кедергілер де шаш етектен. Киім-кешек тігудің қиындығы неде? Бұл жайлы ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайтын, күнделікті тұрмысқа қажетті киімдер тігетін Adili брендінің иесі Индира Әділ айтып берді.

Индира Әділ әңгімесін «Қазақ­стан­дық бренд қалып­тастыру – ше­телден дайын тауар сатып әкеліп, саудалағаннан қиын, күрделі жұмыс» деп бастады.

Оған себеп, өнімді халықтың сұранысы, талғамына сай жасаған соң, оны нарыққа өткізу мәселесі тыны­м­сыз еңбекті қажет етеді.

– 2010 жылдан бастап ұлттық нақышта аксессуарлар шығаруды қолға алдым. Бұйымдарды бастапқыда теріден тіктім. Ұлттық ою-өрнекпен өрнектелген әйелдер мен ерлер күн­делікті өмірде қолданатын сөмке, әмиян секілді қажетті заттарын шы­ғардық. Негізгі мақсатым – кәсіп ашуға ғана емес, ерекше бұйымдар шығару болды. Ұлттық нақыштағы заттар бірінен-бірі ерекше болса екен деген талап қойдым. Ұмытылып бара жатқан ұлттық ою-өрнектерді қайта жаңғырту керек. Бірақ талғаммен, ою-өрнек, таңбаларды орнымен қолдануға баса мән беремін, – деді Индира Әділ.

Қазіргі таңда әйелдерге арналған ұлттық нақыштағы жібек ормалдар сұранысқа ие. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей, жібектен бұйым­дар тігу де – өнер.


«Жібектен орамал тігу тәжірибені қажет етеді. Өйткені жібек матаны дұрыс кәдеге жаратсаң, жасаған бұйым өнер туындысына айналады. Ебін тауып тіге алмасаң, есіл еңбек далаға кетеді. Жібекпен жұмыс істеу­дің артықшылығы осында. Сондықтан бұйымдар жасағанда әрқайсысының сұлбасының сызбасынан бастап, соңғы нүктесіне дейін айқындап, нақ­тылап аламын. Жібектен бұйым тігу үшін шыдамдылық керек. Табан­дылықпен тапжылмай жұмыс істеуге екінің бірінің жігер, төзімі жете бермейді. Әрбір жібек орамал­дың дизайнын ерекше етіп жасауға күш саламын. Қайта­лан­байтын авторлық және ерекше туынды болғанын қалай­мын. Өте сапалы жібектен әлемге та­нымал брендтер қолда­нып жүрген арнайы тех­нология – hermes тәсілімен тігемін», – деген кейіпкеріміз орамалдан бөлек, әшекей, үйге киюге арналған заттар, қолшатыр тігуді де қолға алған.


Сондай-ақ 2017 жылдан бері мата тоқу өндірісін де қолға алған. Оған себеп, сапалы матаның қажеттігі күн сайын көбеюде. Тек Қазақстанда ғана емес, ТМД-ның бірқатар елінде мата өндірісін жолға қойған. Ерекшелігі – матаны экологиялық таза тәсілмен өндіреді. Қоршаған ортаға зияны жоқ. Өндірісте су мен электр тогының шығыны да аз. Заманауи бағдар­лама­мен әр матаны жоғары сапада өндіруге мүмкіндік көп.

Соңғы жылдары ерекше дизайнға көңіл бөлетін тұтынушының қарасы көбейген. «Арнайы дизайн-студия аштық. Кәсіби дизайнерлер үнемі ізденісте, сән әлеміндегі жаңалық­тар­ды қалт жібермей қадағалап отырады. Әрқашан тұтынушыларға заманға сай, сапалы бұйымдар ұсынуға тырысамыз. Сын-ескертпе, ұсыныс-тілектер бол­са, оны да қаперге аламыз. Сонымен бірге, біз үйге және балаларға арналған тоқыма бұйымдар тігуді қолға алдық. Таза табиғи шикізат қолданатын­дықтан, сұраныс көбейіп келеді. Өйткені ел синтетикалық заттардан шаршаған. Ыңғайлы, табиғи таза материалдардан жасалған заттарды тұтынуға талпынады. Біздің өндірістің өнімдері толығымен «100 пайыз Қа­зақстанда жасалған» деп мақтанышпен айта аламын», – дейді дизайнер.

Ұлттық нақыштағы бұйымдарды өндірумен қатар, болашақта бұйым­дарын шетелге сату жоспарында бар. «Біз болашақта өн­діретін заттардың түр-түсін ғана емес, дайын заттарды әлемдік сауда алаңында сатуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда біздің өнім­дерді Еуропалық эконимикалық кеңес елдері сауда алаңына шығу мүмкіндігін беретін арнайы сертификатымыз бар. Негізгі мақсатымыз – әрбір тұтыну­шының көңілінен шығу болғандықтан, бұйымдарды сатып алуға орташа табыс табатын әрбір қазақстандықтың қалтасы көтереді. Яғни, аса қымбат емес. Біз әр өнімнің шығарылуын тіпті қапталуына дейін бастан-аяқ мән береміз», – дейді Индира Әділ.

Сапасы мен сәні келіскен бұйым­дарды көптеп шығаруға шикізаттың тапшылығы қолбайлау. Мата өндірісін ТМД көлемінде дамыта алсақ, отандық өнім шығару да жеңілдей түспек. Сапалы бұйым жасау – сапалы ши­кізатқа тәуелді. Сондықтан киім-кешек, тұрмыста күнделікті қажетті заттардың шикізатын өндіруді өнім шығарудан бұрын ойластырған маңызды. Себебі, шеттен келген ши­кізатпен сапалы өнім шығарғанмен, бағасы төмендемесі анық.