Енді ол «ойнап келейінші» деп сұранбайды
Енді ол «ойнап келейінші» деп сұранбайды
139
оқылды

Шомылу маусымы басталған күннен бері елімізде 236 адам суға кеткен, оның ішінде 81 бала бар. Ажал құшқандардың 100 пайызы шомылуға тыйым салынған, шомылу құралдарымен жабдықталмаған және жедел құтқару жасағының құтқарушылары жоқ жерлерде суға түскен. Өткен аптада 24 адамды су жұтса, оның алтауы бала болған...

Осы қайғылы жағдайдың орын алуына өзіміз кінәліміз. Біз пендеміз. «Біздің үйдің басына қара бұлт үйіріл­мейді» дейміз де, бала­ла­ры­мызды қараусыз қал­ды­рамыз. Соның нәтижесі – жыл басынан 81 бала суға батып, қаза болуы. Енді, сексен бір ана баласын құ­шағына алып, шашынан иіс­кеп мейірленбейді. Қы­лықтарына қарап мәз бол­майды. Енді олар «Анашым, балалармен ойнап келейін­ші?» деп сұранбайды. «Маған нанға май жағып бере са­лыңызшы, анашым» деп еркелемейді. «Ұйқым келмей тұр, ертегі айтшы» деп наз­данбайды. Енді бұл бала­лардың тәтті қы­лықтары ана жүрегінде тек сағыныш бо­лып қалады. «Балапанымды сақтай алмай қалдым. Бәріне кінәлі мен» деп зар жылайды. Далада баласымен жас­тыларды көр­генде «Менің балам да осылар сияқты өсіп, мектепке барар еді-ау», «Жоғары оқу орнына түсіп қуантар еді-ау», деп жан жүрегі езілетін болады. Ал енді осыны болдырмау өз қолы­мызда емес пе еді?! Неге біз қа­рапайым шарт­тарды орын­дамаймыз? Оны тайға таңба басқандай қы­лып төтенше қызмет өкілдері «Адамдар ажа­лының негізгі себебі шо­мы­луға арналмаған жерде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру...» деп түсіндіріп те жүр, айта да бер­мек. Құлық­сызбыз. Басы­мызға түскенде ғана шырылдаймыз.

«Мас күйде шомылуға бол­майды. Суға түсуге жаб­дық­талмаған және тыйым са­лынған орындарға түс­пеңіздер. Шомылу барысын­да камера, доп, ағаштарды пайдалан­ба­ңыздар. Олар желмен тез ағып кетуі мүм­кін. Жүргінші және көлік кө­пірінен суға сүңгімеңіздер. Белгісіз жерлерде шомыл­маңыздар. Балаларыңызды тек жа­ндарыңызда ұстаңыз­дар, бол­маса көзден таса қыл­­маңыздар. Суға батып бара­мын деп жалған сигнал бер­меңіздер. Шынымен суға ба­тып жатсаңыз, сізге сен­беуі мүмкін! Мүмкін қара­пайым ережелер шығар, бірақ адам өмірін сақтауға арналғанын естен шығар­майық. Ондай кезде ере­женің ұсағы жоқ». Осылай деген Төтенше жағдай ко­митетінің қызметкерлері сақ болуға шақырып, қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін күнделікті рейд жүргізіп жүр. Осы ережені сақтасақ бол­май ма? Жоқ, біз ондай ес­кертуге пысқырып та қара­маймыз. Өйткені біз батыр­мыз. Арақ ішкенде «Сырдың суы ті­земізге жетпейді» деп мақта­нып кетеміз. Мұның көбі қай­ғылы жағдайға әкелуде. Өйткені «Суда бо­латын қай­ғылы жағдай­лар­дың 70%-ы ішімдік ішкеннің себебінен болады» дейді ма­мандар.

Тек қана бір күнде, яғни 23 шілдеде Атырау қаласы бойынша 2 қайғылы оқиға тір­келген. Ер адам мас күйін­де, қауіпті аймақта суға түсіп, батып кеткен. Жас­өспірім қыз құрбыларымен бірге шомы­лып жүріп жағаға шықпай қал­ды. Кейіннен қыздардың спирттік ішім­діктерді пайда­лан­ғандары анықталған.

Синоптиктер болса 6-8 тамызға арналған «Елі­міздің оңтүстік және оң­түстік шығысында күн райы ашық және 35…42°С-қа дейін қатты ыстық болады. 6 тамызда Иран аймағынан келетін жылы ауа массалары салда­рынан батыс және солтүстік батыс өңірлерден басқа жер­лерде, еліміздің басым бөлі­гінде қатты ыстық күтіледі, сонан соң Мур­манск аймағы­нан салқын ауа массаларының ағынымен еліміздің солтүстік баты­сын­да, солтүстігінде және орта­лығында ауа тем­пература­сының күндіз 20-25 градусқа дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі, кей жер­лерде 30 градус жылы бо­лады» деген ауа райы бол­жамын жария етті.

Міне, алда әлі ыстық күн­­дер күтіп тұр, абай бо­лайық, ағайын! «Суға батып бара жатқан адамды байқау қиын­дау. Ондай кезде ол бар күші­мен ауамен демалуға ұмты­лады, аузы қатты ашы­лып, басы артқа шалқайып кетеді. Ал балалар болса, басы ке­рісінше алға қарай бағытта­лып, тұншыға бас­тайды. Ша­шы маңдайы мен көзін жауып кетеді, бір топ шомылып жүр­ген балалар арасынан суға батып бара жатқанды ажырату қиын. Дыбыс шығаруға уақыт та, шамасы да болмайды. Суға батқан адам қолын көтеріп көмекке де шақыра алмай­ды, үлкендер жүзуге тыры­сып қол­дарын созып жан-жаққа сермейді, ал балалар қолда­рын алға қарай созады. 20 се­кунд пен 60 секунд өмір үшін күре­седі, одан ары адам су астына кетеді», – дейді. Егер осындай мезетте сол жердең табыла қал­саңыз, мүдірмей көмекке ұмты­лыңыз. Мүмкін бір адам­­ды ажалдан алып қа­ларсыз!

Ең дұрысы, мамандар­дың айтқанын орындап, белгі­ленген жерде ғана суға тү­сейік. Балаларымызды да соған үйретейік. Ажал айтып кел­мейді...


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ