Оның айтуынша, коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында енгізілген төтенше жағдай мен карантин режимі кезінде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар шара қабылданды. Бұл өз кезегінде аталған салаға оң ықпал етіпті. «Шағын және орта бизнеске баса назар аударылып отыр. Бірқатар қолдау топтамасы қабылданып, нәтижесінде оң қарқын байқалады. Осы жылдың қаңтарымен салыстырғанда 1 маусымдағы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер санына келер болсақ, динамика сақталып отыр. Тіпті, бизнес саны бойынша 0,2 пайызға өсім бар. Сондықтан кей өңірлерде теріс тренд байқалғанымен, бүкіл еліміз бойынша бизнес санына қатысты оң көрсеткіш байқалады», – деді Шыңғыс Ахметов. Ол келтірген Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес осы жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорын ашу үшін шамамен 90 мың кәсіпкерлік субъектісінен өтінім түсен. Оның ішінде шамамен 16 мыңы – заңды тұлғалардан, 74 мыңы жеке кәсіпкерлерден түсіп отыр. 2020 жылдың екінші тоқсанында, яғни бизнес ашуға және жүргізуге барынша күрделі кезеңде 37 мың өтінім, оның ішінде заңды тұлғалардан – 6 300, жеке кәсіпкерлерден шамамен 30 мың өтінім беріліпті.
Тұмар МЫРЗА