42500: шілдеде шу болмай ма?
42500: шілдеде шу болмай ма?
160
оқылды
 

42 500 теңге төленетін болды

Мемлекет басшысы карантиннің ұзар­тылуына байланысты шілде айында қазақ­стан­дықтарға 42 500 теңге жәрдемақы төле­не­тінін айтты.  Бұл – бір реттік қана төлем. Ал егер карантин тағы да созылатын болса, әлеу­­меттік төлем төлеу мәселесі бөлек қарал­мақ. «Біз шілденің соңына дейін жағдай дұ­рыс­талса екен деп тілейміз, ол бәрімізге де жақ­сы. Ал енді жалғасып жатса, әрине төлем мә­селесі бөлек қаралады. Бірақ бұл жолы тек бір айға, шілдеге бір реттік төлем беру туралы шешім қабылданды», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Билік  төтенше жағдай аяқтал­ғанда карантин кезінде 42 500 теңге беруге заңнамалық негіз жоқ екенін айтқан болатын. Ал енді шілде айы үшін табысынан айырыл­ғандарға жәрдемақы төленгелі отыр. Аталған екі мәлімет бір-біріне қайшы. Министр «бұл жолы саяси шешім қабылданды» деді, заң­гер­леріміз тетіктерін қарастырыпты. «Бізде тө­тенше жағдайдың алдында Президенттің әлеуметтік-экономикалық ахуалды реттеу туралы жарлығы жарияланған болатын. Сол жарлыққа сәйкес, осындай дағдарыстық ахуалда заңнамалық актілерді мемлекеттік ор­гандар өз құзыретінде, немесе  Президенттің тапсырмасымен іске асыруға болатыны жайлы норма бар. Біз осы жолы соған сүйеніп отыр­мыз», – деді министр. Қалай дегенмен мұның соңы тағы да у-шуға айналып кетпесе игі.  Себебі наурыз-сәуір айларына тағайын­далған 42 500 теңгені азаматтардың бірі алды, бірі ала алмады. Көрсетілуі тиіс қызметтердің тиісті деңгейде жүзеге аспауы әлеуметтік жағ­дайы әлсіреп, карантинде қамалып отырған тұрғындардың ызасын тудырды.  Ол кезде 42 500 теңге алсақ деп, 8 миллиондай адам өтініш беріп, оның 4,5 миллионы ғана қол жеткізген. Екінші айда 2,1 миллион азаматқа ғана тө­ленген. Жалпы саны 193 млрд теңге жұмсалған екен. Алдыңғы әлеуметтік төлемнің тоқ­та­тылғанына екі ай уақыт өтті. Осы уақытта эпидемиологиялық ахуал біршама нашарлап, шек­теу  шаралары сақталғанын ескерсек, кө­м­ек­ке мұқтаж жандардың  саны артатыны анық.  

Бір өзгешелік бар

Карантин кезінде төленетін 42 500 теңгені төлеу қалай жүргізілмек? Бұл жолы да жәр­де­мақы табысынан айырылған азаматтарға, оның ішінде, жалдамалы қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға бе­ріледі және жәрдемақыны алу үшін әлеуметтік тө­лем төлеу міндетті емес. Табыссыз қалғандар 17 шілдеден бастап өтініш беруіне болады. Ең­бек министрі жекелеген санаттағы аза­мат­тар үшін проактивті форматта төлем тағайын­дау мүмкіндігін қарастыратынын да айтты. Бұл жолы өтінішті азаматтардың өзі емес, жұ­мыс берушілер береді. Яғни, жұмыс беруші қарамағындағы адамның ақысыз жұмысқа кеткенін растайды. Олар порталға мәлімет кіргізеді. Өтініштің қабылданған я болмаса қабылданбағанын әр адам жеке парақшасына кіріп біле алады. Бір ғана тексеріс болады. Айта кетерлігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіп­кер­лердің жұмысы жүріп жатыр ма, жатқан жоқ па анықтайтын болады. 42500-1 Жеке кәсіпкерлерге келсек, бұл топ өт­кен­дегідей өтініштерін береді. Зей­­не­тақы, әлеу­мет­тік жарналар төлеу туралы та­лап қойыл­майды. Бірақ кейбір кәсіпкерлер жылына бір рет төлем төлейді. Жергілікті «Атамекен» па­­латасының өкілдері тексереді. Салық ко­ми­теті де тексеріс жүргізеді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар­ға бірыңғай жиынтық төлем төлеудің қажеті жоқ. Тек өтініш берсе болғаны.Бұған дейін тө­тенше жағдай кезінде бір рет төлегендер ор­тақ мәліметтер қорынан тексеріледі. Осы­ған қарағанда электронды ресурстарға түсер жүк­теме азая­тын секілді. Қазір әлеуметтік жәрдема­қыны тө­леудің механизмдері пысықталу­да. Құжат­тар 20 шілдеден бастап қаралады.  

42 500 теңге бір айға жете ме?

42 500 теңге – әлеуметтік төлемнің ең тө­мен­гі мөлшері. Әрине, бұл соманы бір адам ке­лесі айға әупірімдеп жеткізер. Отбасындағы адам саны ескерілмеген. Жұмыссыз отырған көп­балалы отбасылар үшін бұл ақша  шай­лығына да жетпейтіні анық. Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин әлеуметтік төлемдерді отбасындағы ба­лалардың санына байланысты тағайындау қажет деп санайды.  «42 500 теңгені алған адамның үш баласы болуы мүмкін, бір және бес баласы болуы да мүмкін. Менің білуімше, Ресей Федерациясы барлық көмектерді балалар арқылы жіберді, яғни олар әр балаға қолдау шараларын есептеді. Менің ойымша, бұл ақылға қонымды», – деді ол.  42 500 теңге жыртыққа да жамау бола алмайтынын айт­қа­нымызбен, Еңбек министрлігі төлем кө­бей­мей­тінін ашық айтты. Ал экономика ғылым­дарының кандидаты, профессор Ғалымжан Керімбектің пікірінше, Үкімет мерзімді бағ­дарламаларды қолға алуы қажет. «Біз 42 500 теңге төлеумен қиындықтан  шыға алмаймыз. Үкімет бірінші кезекте жаңаша жұмыс орнын қарастыру керек. Мәселен, қазір  ауыл шаруа­шылығында жұмыс күші жетіспейді. Сол салаға біраз адамды икемдеу қажет секілді. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың азаюына сеп­тігін тигізіп, азаматтардың керекті қаражат табуына жәрдемдеседі. Жалпы, мерзімді бағдарламалар қолға алынуы тиіс.  Ал адамдар қолымнан не келеді, не істей аламын деген сұраққа жауап іздеп, мейлінше әрекеттегені абзал», – дейді экономист. Үкімет сондай-ақ ел­дегі ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі тал­қыланып жатқанын да айтты. Алайда бір­жолғы әлеуметтік төлемнің деңгейін көтере алмай отырып, экономикалық белсенділік төмендеген тұста жалақыны арттырамыз деу ақылға қонымсыз секілді.  

Өзге елдерде қалай?

Карантин шаралары кесірінен дүние­жүзінде жұмыссыздық күрт көбейді, миллион­даған адам жұмыссыз қалды. Мәселен, АҚШ-та пандемия салдарымен күресу үшін 2 мил­лион доллар бөлінген. Бұл сомаға тұрғындарға берілетін қаржылай көмек те кірді. АҚШ азаматтарын жұмысынан айырылған не айырылмаған деп бөліп-жарған жоқ, бар­лы­ғына бірдей 1 200 доллардан, яғни 482 000 тең­геден үлестірді. Ал әр бала 500 доллардан, яғ­ни 241 мың теңгеден көмек берілген. Бұл – бір реттік төлем. Испания пандемиямен күреске 200 миллиард еуро бөлді. Табысы төмен отбасыларға төлемақы үнемі беріледі. Ал Италия билігі 25 миллиард еуроны пан­демия салдарымен күресуге жұмсап, тұр­ғындарға ипотекалық несиені уақытша төлемеуге рұқсат берген. Жұмыссыз қалған 3 миллион адамға 3 миллиард еуро көлемінде көмек берген. Ресейде наурыз айында 300 миллиард рубль болатын дағдарысқа қарсы қор құрылып, жұмыссыз қалған әр азамат 12 130 рубльден төледі. Сондай-ақ сәуірден бастап маусымға дейін жұмыссыз қалған және балалары бар отбасылар ай сайын 3 000 руб­ль­ден, яғни 17 мың теңгеден алды. Карантин кезінде әлеуметтік төлем бермеген елдерге Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанды жат­қызуға болады. Қырғыз билігі аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерге төлемнің тоқтамайтынын айтты. Ал Беларусь елінде карантин енгізілмегендіктен, жұмыс тоқтаған жоқ. Тиісінше төлемақы да берілген жоқ.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=