42 500 теңге төленетін болды
Мемлекет басшысы карантиннің ұзартылуына байланысты шілде айында қазақстандықтарға 42 500 теңге жәрдемақы төленетінін айтты. Бұл – бір реттік қана төлем. Ал егер карантин тағы да созылатын болса, әлеуметтік төлем төлеу мәселесі бөлек қаралмақ. «Біз шілденің соңына дейін жағдай дұрысталса екен деп тілейміз, ол бәрімізге де жақсы. Ал енді жалғасып жатса, әрине төлем мәселесі бөлек қаралады. Бірақ бұл жолы тек бір айға, шілдеге бір реттік төлем беру туралы шешім қабылданды», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Билік төтенше жағдай аяқталғанда карантин кезінде 42 500 теңге беруге заңнамалық негіз жоқ екенін айтқан болатын. Ал енді шілде айы үшін табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленгелі отыр. Аталған екі мәлімет бір-біріне қайшы. Министр «бұл жолы саяси шешім қабылданды» деді, заңгерлеріміз тетіктерін қарастырыпты. «Бізде төтенше жағдайдың алдында Президенттің әлеуметтік-экономикалық ахуалды реттеу туралы жарлығы жарияланған болатын. Сол жарлыққа сәйкес, осындай дағдарыстық ахуалда заңнамалық актілерді мемлекеттік органдар өз құзыретінде, немесе Президенттің тапсырмасымен іске асыруға болатыны жайлы норма бар. Біз осы жолы соған сүйеніп отырмыз», – деді министр. Қалай дегенмен мұның соңы тағы да у-шуға айналып кетпесе игі. Себебі наурыз-сәуір айларына тағайындалған 42 500 теңгені азаматтардың бірі алды, бірі ала алмады. Көрсетілуі тиіс қызметтердің тиісті деңгейде жүзеге аспауы әлеуметтік жағдайы әлсіреп, карантинде қамалып отырған тұрғындардың ызасын тудырды. Ол кезде 42 500 теңге алсақ деп, 8 миллиондай адам өтініш беріп, оның 4,5 миллионы ғана қол жеткізген. Екінші айда 2,1 миллион азаматқа ғана төленген. Жалпы саны 193 млрд теңге жұмсалған екен. Алдыңғы әлеуметтік төлемнің тоқтатылғанына екі ай уақыт өтті. Осы уақытта эпидемиологиялық ахуал біршама нашарлап, шектеу шаралары сақталғанын ескерсек, көмекке мұқтаж жандардың саны артатыны анық.Бір өзгешелік бар
Карантин кезінде төленетін 42 500 теңгені төлеу қалай жүргізілмек? Бұл жолы да жәрдемақы табысынан айырылған азаматтарға, оның ішінде, жалдамалы қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға беріледі және жәрдемақыны алу үшін әлеуметтік төлем төлеу міндетті емес. Табыссыз қалғандар 17 шілдеден бастап өтініш беруіне болады. Еңбек министрі жекелеген санаттағы азаматтар үшін проактивті форматта төлем тағайындау мүмкіндігін қарастыратынын да айтты. Бұл жолы өтінішті азаматтардың өзі емес, жұмыс берушілер береді. Яғни, жұмыс беруші қарамағындағы адамның ақысыз жұмысқа кеткенін растайды. Олар порталға мәлімет кіргізеді. Өтініштің қабылданған я болмаса қабылданбағанын әр адам жеке парақшасына кіріп біле алады. Бір ғана тексеріс болады. Айта кетерлігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің жұмысы жүріп жатыр ма, жатқан жоқ па анықтайтын болады.42 500 теңге бір айға жете ме?
42 500 теңге – әлеуметтік төлемнің ең төменгі мөлшері. Әрине, бұл соманы бір адам келесі айға әупірімдеп жеткізер. Отбасындағы адам саны ескерілмеген. Жұмыссыз отырған көпбалалы отбасылар үшін бұл ақша шайлығына да жетпейтіні анық. Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин әлеуметтік төлемдерді отбасындағы балалардың санына байланысты тағайындау қажет деп санайды. «42 500 теңгені алған адамның үш баласы болуы мүмкін, бір және бес баласы болуы да мүмкін. Менің білуімше, Ресей Федерациясы барлық көмектерді балалар арқылы жіберді, яғни олар әр балаға қолдау шараларын есептеді. Менің ойымша, бұл ақылға қонымды», – деді ол. 42 500 теңге жыртыққа да жамау бола алмайтынын айтқанымызбен, Еңбек министрлігі төлем көбеймейтінін ашық айтты. Ал экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Ғалымжан Керімбектің пікірінше, Үкімет мерзімді бағдарламаларды қолға алуы қажет. «Біз 42 500 теңге төлеумен қиындықтан шыға алмаймыз. Үкімет бірінші кезекте жаңаша жұмыс орнын қарастыру керек. Мәселен, қазір ауыл шаруашылығында жұмыс күші жетіспейді. Сол салаға біраз адамды икемдеу қажет секілді. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізіп, азаматтардың керекті қаражат табуына жәрдемдеседі. Жалпы, мерзімді бағдарламалар қолға алынуы тиіс. Ал адамдар қолымнан не келеді, не істей аламын деген сұраққа жауап іздеп, мейлінше әрекеттегені абзал», – дейді экономист. Үкімет сондай-ақ елдегі ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі талқыланып жатқанын да айтты. Алайда біржолғы әлеуметтік төлемнің деңгейін көтере алмай отырып, экономикалық белсенділік төмендеген тұста жалақыны арттырамыз деу ақылға қонымсыз секілді.Өзге елдерде қалай?
Карантин шаралары кесірінен дүниежүзінде жұмыссыздық күрт көбейді, миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Мәселен, АҚШ-та пандемия салдарымен күресу үшін 2 миллион доллар бөлінген. Бұл сомаға тұрғындарға берілетін қаржылай көмек те кірді. АҚШ азаматтарын жұмысынан айырылған не айырылмаған деп бөліп-жарған жоқ, барлығына бірдей 1 200 доллардан, яғни 482 000 теңгеден үлестірді. Ал әр бала 500 доллардан, яғни 241 мың теңгеден көмек берілген. Бұл – бір реттік төлем. Испания пандемиямен күреске 200 миллиард еуро бөлді. Табысы төмен отбасыларға төлемақы үнемі беріледі. Ал Италия билігі 25 миллиард еуроны пандемия салдарымен күресуге жұмсап, тұрғындарға ипотекалық несиені уақытша төлемеуге рұқсат берген. Жұмыссыз қалған 3 миллион адамға 3 миллиард еуро көлемінде көмек берген. Ресейде наурыз айында 300 миллиард рубль болатын дағдарысқа қарсы қор құрылып, жұмыссыз қалған әр азамат 12 130 рубльден төледі. Сондай-ақ сәуірден бастап маусымға дейін жұмыссыз қалған және балалары бар отбасылар ай сайын 3 000 рубльден, яғни 17 мың теңгеден алды. Карантин кезінде әлеуметтік төлем бермеген елдерге Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанды жатқызуға болады. Қырғыз билігі аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерге төлемнің тоқтамайтынын айтты. Ал Беларусь елінде карантин енгізілмегендіктен, жұмыс тоқтаған жоқ. Тиісінше төлемақы да берілген жоқ.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ