Шапағатын ел көрген арыстай азамат еді
Шапағатын ел көрген арыстай азамат еді
250
оқылды
Қосман Айтмұхаметов 1963 жылы 29 тамызда Целиноград облысының Ерейментау ауданының Бестөбе ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Ақмола инженерлік-құрылыс институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірді. Ол ең қарапайым жұмыс­шы­дан ірі лауазымды тұлға дең­гейіне дейін көтеріле алған ма­ман еді: еңбек жолын 1983 жылы Целиноград облысының Сілеті ауда­нының «Изобильный» совхо­зында тракторшы, жүргізуші болып бастады. 1983 жылдан бері облыстық Бестөбе кенішінің, Целиноградтың инженері секілді қызметтерді ат­қарды. 2001-2009 жылдар аралы­ғында Астана қаласының «Гор­коммунхоз» мемлекеттік ком­мунал­дық кәсіп­орнының басшы­лық қызметтерінде болды. Бұл көзге көрінбесе де, жаңа­дан салынып жатқан шаһардың коммуналды саласын аяққа тұр­ғызған жауапты қызмет еді. Қосман Айтмұхаметов осы жылдары өзін нағыз шаруаның адамы ретінде таныта білді. Оның кәсіби қызметі жоғары бағаланып, 2009 жылы Ақмола облысының басшылығына ауысты. Облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. 2014 жылы ол бас қалаға оралып, Өңірлік даму вице-министрі, Ко­митет төрағасы болды. Қосман мырза осылайша өңірлік менед­­жерден республикалық деңгей­дегі мәселелерді шеше алатын азаматқа айналды. Кейін 5 жыл Ас­тана қаласы әкімінің орынба­сары қызметін атқарса, былтыр Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары бо­лып тағайын­далған-тын. Соңғы қызметке тағайындаларда оның құрылыс саласындағы бай тәжіри­бесі ескерілгені анық. Қ.Айтмұхаметовтің елге сіңірген ерен еңбегі 2012 жылы «Құрмет» орденімен, сондай-ақ «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Астанаға 10 жыл» (2008) секілді түрлі медальдармен марапатталған. Біз атпал азамат, мемлекетшіл қайраткер, білікті басшы Қос­ман Айтмұхаметовтің елді өркен­детудегі рөліне қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік. Ақмола өңірін түлетуі. Өз кезегінде сарапшылар Қосман Айтмұхаметовтің білікті әкім болға­нын еске түсіреді: 2014 жылы Рейтинг.kz зерттеу агенттігі «2013 жылғы әкімдер жұмысының сапасы рейтингін» құрғанда, сол сауалнамаға қатысқан, бизнес, үкіметтік емес сектор және сарап­шылық қауымдастықты ұсынатын 40 сарапшының бәрі Ақмола әкімі Қосман Қайыртайұлының басшы ретіндегі біліктілігін жоғары бағалаған. «Облыс әлеуетінің өзгелерге қарағанда шағын екеніне қарамас­тан, Ақмола өңірінің әкімі Қосман Айтмұхаметов қолында бар мүм­кіндіктерді және Астананың жақын­дығын толық көлемде пайдалануға ұмтылуда. Соның арқасында өңірде елорданың қажеттіліктерін өтеуге бағытталған салалар қарқынды дамып жатыр» дей келе сарапшылар Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және жергілікті туристік кластерді дамыту жөнінен елдегі көшбасшылар қатарына шыққанына назар аудартқан бола­тын. Қосман Қайыртайұлының еңбегі арқасында Ақмола облысы астананың тірегіне айналды: өзін­де егін салып, мал өсірмейтін елор­дамыз астан еш тарыққан жоқ. Астананы тұрғызудағы үлесі. Елорда әкімінің орынбасары ретінде Қ.Айтмұхаметов қала инфрақұрылымын дамытумен және оның тіршілігін қамтамасыз етумен, құрылыс мәселелерімен айналысты. Бұдан бөлек, ол энер­гетика, сумен қамту, газбен қамту кәсіпорындарының жұмысын үйлестірумен шұғылданды. Қор­шаған ортаны қорғау, қала тір­шілігін қамтамасыз ету бағыт­та­рындағы өңірлік бағдарламалардың орын­далуына жауап берді. Бұл кез елордадағы ең қауырт шақ еді. Қазақстан бүкіл ТМД, түркі әлемі және мұсылман елдері арасында тұңғыш рет EXPO-2017 жаһандық көрмесін өткізуге да­йындалып жатты. Халықаралық мамандандырылған көрме 2017 жылы абыроймен өткені мәлім. Жалпы, 2014 жылдың қара­шасынан 2019 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта елорданың бет-бейнесінде ғаламат өзгерістер жүріп, қалабасының орынбасары ретінде Қ.Айтмұхаметов жетекшілік еткен салаларда жақсы жетістіктерге қол жетті. Ол сол жетістіктердің куәгері ғана болған жоқ, өзі бел ортасында жүрді. Бір ғана мысал келтірелік. Қосман Қайыртайұлы келген тұста Астанада әлеуметтік маңызды нысандардың көбі электр және жылу энергиясын есептеуіш құ­рыл­ғылармен жабдықталмаған екен. Бүгінде бұл жайт абсурдтай көрінеді. Бірақ сол кезде бұл проб­леманы шешу қажет еді. Нәти­жесінде бір жыл ішінде қаладағы 1 154 көппәтерлі тұрғын үйге жылу есептеуіш құрылғылар орнатылып шыққан. Осылайша, астаналық тұрғын үй қорының тиісті құрыл­ғылармен жабдықталуы 75%-ға жетті. Қазіргі кезде ондай аспабы жоқ үйлер елордада са­наулы ғана. Ол әкімнің орынбасары болған тұста 150-ге жуық түрлі ірі нысан қолданысқа беріліпті. Оның ішінде Тұңғыш Президенттің қоры мен кітапханасы, Қазақстанның ұлттық мұражайы, Жекпе-жек сарайы, Мұз сарайы, Ботаникалық бақ, Marriott, Ритц Карлтон, Four Seasons секілді заңғар әрі салтанатты қонақүйлер бар. Түркістанды тұрғызуы. Қ.Айтмұ­хаметов Елбасы Жарлығымен жаңадан құрылған Түркістан облы­сын қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірді. Сондай-ақ Түркістан шаһарын еліміздің ғана емес, күллі түркі жұртының мәдени орталығына, рухани ордасына ай­налдыру бағытында күндіз-түні аянбай қызмет еткенін көпшілік жақсы біледі. Жаңа шаһарды тұр­ғызуға ол елордадан арнайы келді. Ел басшылығы оның бас қаланы салудағы тәжірибесі мен ерекше еңбекқорлығын ескерсе керек. Өңір активінің еске алуынша, кел­ген бойда білек сыбана кірісіп, өте аз уақытта жаңа Түркістанды жан­дандыруға барын салды. Елбасы қасиетті шаһарға сапарлап келгенде мұны атап айтып, баршаға алғысын білдірген. Бүгінде Түркістанда бой көтерген небір әсем де маңызды нысандарда құрылыс саласының майталман маманы Қосман Қайыртайұлының қолтаңбасы жатқаны анық. Арыстағы жарылыс. 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қала­сында алапат жарылыс болып, айдың-күннің аманында тұтас шаһар төбеден жауған снаряд­тардың астында қалғанда да Қосман Айтмұхаметов бірінші күннен оқиға орнына ат­танып, жарты жылдан астам уақыт сонда болды. Осы кезеңде өзі де әбжіл қимылдап, қаланы қалпына келтіру жұмыстарына қарқын берген облыс әкімінің бірінші орынбасарын арыстықтар жақсы танып алды. Мақтааралдағы су тасқыны. Өзбекстанның Сардоба су қой­масында бөген жарылып, ар­қыраған дария Қазақстанның Мақтаарал ауданын су астында қалдырғанда ұлардай шулаған халық өңір әкімдігіне келеді. Бұл жерде де жергілікті билік Қосман Қайыртайұлының білікті ұйымдастырушылық қызметіне жүгінді. Келушілер алдына шығып, мақтааралдықтардың арыз-мұңын мұқият тыңдаған ол бас қалада жүрген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке жұрттың көзінше қоңы­рау шалып, ұялы телефонының динамигін қосып, әкім аузынан мемлекет қабылдайтын шешімді елге жеткізіпті. Биліктің халық шағымына құлақ асқанын, түйінді мәселенің түйткілі тарқайтынын білген халық риза болып тараған көрінеді. Партия жұмысын ілгерілетуі. Қосман Қайыртайұлы «Nur Otan» пар­тиясының көрнекті өкілі болды. Ол облыс әкімі қызметін атқарған тұста «Nur Otan» партиясының Ақмола об­лыстық филиалының төрағасы болып, еліміздің көш­басшы пар­тиясының өңірдегі іс-қимылын үйлестірді және өрістетті. Қосман Айтмұхаметов партия аясында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, жергілікті жұртшылықпен жиі кездесіп, бұқараның түйткілді мәселелерінің түйінін тарқатуға ықпал етуге әзір тұратын. Түр­кістан облысындағы партия филиа­лының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Қосман Айтмұхаметовтің іскерлігін былай еске алады: «Бірде қоғамдық қабылдау өткіздік. Бес-алты адам үйлердің құрылысына көмек сұрап, Түркістанға шағым­дана келіпті. Қосман аға барлығын мұ­қият тыңдады. Арада бір күн өткен соң телефон соғып, тұрғын­­дардың мәселесін түгел шешіп тас­тағанын айтып тұр. Бұл – аза­маттың бірсөзділігін, нақты ше­шім қабылдай алатынын, жауап­кер­шіліктен ешбір жал­тармайтынын дәлелдейді», – дейді ол. Ол кісінің тынымсыз еңбегінің төркінінде нағыз патриотизм мен елімізге, халқымызға деген шы­найы қамқорлығы жататын. Игілікті ісі халықтың көңілінен шығып, үлкен ілтипатқа бөленіп жүруші еді. Сөзімен емес, нақты ісімен халықтың құрмет-қошеметіне бөленген, парасаттан терең тамыр тартқан, елге сіңірген еңбегі сан тарам салалы бұтақтардай жан-жаққа жайылып, болмыс-діңіне нәр жиған саялы бәй­теректей тұл­ғалар болады. Қосман Айтмұхаметов­тің есімі де ел есінде қа­зақтың бәй­терек болмысты азаматы ре­тінде сақта­лары сөзсіз.  

Айхан ШӘРІП