Қазақ денсаулығын сақтау үшін қойдан ажырамауы керек
Қазақ денсаулығын сақтау үшін қойдан ажырамауы керек
Фото: Интернеттен алынды
523
оқылды
«Жесең – ет, кисең – киім» болған төрт түліктің қадірін қазақ ежелден жетік білген. Ал мал терісін қалай өңдейді? Мұның жолын ежелгі адамдар білген және олар  теріні экологиялық таза әдіспен өңдеген. Иә, қазір бәрі басқаша. Химиялық препараттар мен синтетикалық материалдар, өзге де денсаулыққа пайдасы аз заттарға еті үйренген адамзат баласы қазір табиғи дүниені аңсап, оларды қайта оралтуға күш салып жатыр. Мамандар зерттеу барысында  қой терісінің адам ағзасына пайдалы екенін анықтады. Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, селекционер-ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нұржан Жұмаділлаев қой қазақтың денсаулығын сақтап қалатынын айтты. Мұнымен қоса, қой терісі белгілі бір ауруларды кешенді емдеу барысында, кішкентай балалар күтімінде, тіпті төсек тартып жатқан науқасты емдеуде тиімді әдіс екенін дәлелдеді.

Қойдың терісі мен жүні адамның тәніне ғана емес, жанына да шипа

Қой терісінің энергетикасы ерекше. Шипалық қасиеті адамның тәніне ғана емес, жанына да әсер етеді. Жүн талшығының үйкелісі кезінде пайда болған электрстатикалық өрістің денсаулыққа, көңіл күйге  жағымды әсері бар. Осының арқасында адам буындардың сырқырауынан, шаршаудан арылады. Қой терісінің буынның қабынуы, бұлшықет, сегізкөз ауруларына және басқа да сырқаттарға көмегі бар. Сондай-ақ дене температурасын бірқалыпты ұстап тұрады. Қойдың терісі мен жүнінен жасалған түрлі заттар күйзелістен құтқарып, қан қысымын қалыпқа келтіреді және созылмалы аурулардың алдын алады. Омыртқа мен буын ауруларын емдеуде де рөлі зор. Қой терісінің гайморит, құлақтың қабынуы, лимфа бездері ауруларына таптырмас ем екені бұрыннан белгілі. Биоөрісі мықты болғандықтан, табиғи теріні аурудан қорғану үшін ғана емес, жаңа туған сәби күтіміне де қолданған. Ол үшін бесікке қойдың терісін сәбидің денесі тиетіндей етіп қойған. Қойдың жүнінде ланолин деп аталатын жануар балауызы болады. Оны жүнді жуған судан алады. Ланолиннің аллергияға, ісінуге және қабынуға қарсы әсері бар. Сонымен қатар жараның тез жазылуына, жасушалардың, қандай да бір дене мүшесі сынғанда буын қозғалысының қалыпқа келуіне көмектесетінін айта кеткен жөн. Ланолин тері күтіміне арналған түрлі косметикалық бұйымдар, жақпа майлар мен дәрілік препараттар дайындауда кеңінен қолданылады. Қой терісінен аллергия пайда болмайды және адам терісін тітіркендірмейді. Мұнымен қоса улы заттардың адам ағзасына кері әсерін жояды. Қой терісінің пайдалы қасиеттері Гиппократ заманында белгілі бола бастаған еді. Төсек тартып жатқан науқастардың денесінде көп жата бергеннен ойық пайда болған кезде де қой терісі көмекке келеді: терінің зақымдалған бөлігіндегі қысымды реттейді.

Қой терісінің сәби күтіміне қандай пайдасы бар?

Қой терісін ежелден шала туған баланың күтіміне қолданған. Бұл дәстүр әлі де бар. Белгілі болғандай, қой жүнінің үстіне жатқызғанда сәби тынышталады. Бала денесінде пайда болған бөртпелер кетеді, аллергиялық реакция болмайды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қозы терісінен жасалған бұйымдар балаларға қолайлы әрі қауіпсіз. Сәби оған тез үйренеді әрі осыдан кейін ұйқысы тыныштала бастайды.   [caption id="attachment_58336" align="alignnone" width="1160"] width= Фото: Интернеттен алынды[/caption] Бұрындары шала туған нәрестелерді әрдайым қой жүнінен жасалған жөргекте ұстаған. Өйткені онда бірқалыпты температура сақталады. Сонымен қатар осындай жөргекте өскен балалар бактериялы, вирустық инфекция және тері іріңдейтін аурулармен сирек ауыратын болады. Тағы бір пайдалы қасиетіне тоқталсақ, қой жүні нәрестенің бассүйекішілік қысымын қалыпқа келтіреді, қанайналымын жақсартады және  іш ауруын басады.

Пневмонияға ем

Ата-бабаларымыз өмірін қой жүнісіз елестетпеді. Ал қазір бұл дүниені ұмыта бастағанымыз рас. Оның орнын жасанды заттар алмастырып жатқан заманауи технология дәуірінде өкінішке қарай, табиғи өнім тасада қалып барады.  Қой жүнінің тағы бір керемет қасиеті бар: жылу өткізгіштігі төмен. Сондықтан одан көрпе-жастық сияқты заттар жасау сұраныста. Оңтүстікте орналасқан елдер жүннен түрлі жамылғы, күн сәулесінен қорғайтын тюрбандар жасайды. Бұл – әмбебап дүние. Ыстықтан да, суықтан да қорғайды. Тағы бір айта кететін нәрсе, жүннен жасалған киім кигенде еркін демаласың. Көрпе-жастығын қолданғанда ұйқыңыз тыныш болып, жақсы демаласыз әрі сергек оянасыз. Бұл, әсіресе қаланың шуынан шаршаған, әрбір үшінші адам ұйқысыздықтан зардап шегіп жатқан қазіргі уақытта маңызды нәрсе. Тыныс алу органдары зақымданған адамдар табиғи жолмен емделгені жөн. Қой терісін жылы күйінде кию пневмонияға ем. Осыдан соң парниктік әсер арқылы өкпе қыздырынып, ол жердегі қақырық сыртқа шығады. Қой жүнінен жасалған шарф мойын остеохондрозына таптырмас дүние.