Биылғы шақыру жылдағыдан өзгерек
Биылғы шақыру жылдағыдан өзгерек
Ел аумағында әскерлердің жауын­герлік дайындығы мен әскери қызметшілердің коронавируспен күреске қатысуы, мерзімді қызметке шақыру бірінші мәселе болып тұр. Осыған байланысты қорғанысқа жауапты ведомство басшылығы бекітілген жоспарларға сәйкес жауын­герлік оқуды толық көлемде жал­ғас­тыруға және карантиндік шара­ларды қатаң сақтауға баса назар аударуда. Қазіргі уақытта Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерімен жасақталып жатыр. Шақыру комиссиялары өз жұ­мыстарын санитарлық-эпиде­м­ио­логиялық талаптарға сай орын­дауда. Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев ша­қырушылардың ауқымды бөлігін коронавирусты анықтайтын зерт­ханалық тексеруден өткізуді және жергілікті басқару органдарымен өзара әрекеттесуде қажетті шығын материалдармен қамтамасыз етуді қолға алуды тапсырды. Сарбаз­дардың денсаулықтарын сақтау, әскери ортада індеттің таралуына жол бермеу үшін оларды екі рет: шақыру пункттерінде, әскери бөлім­ге келгеннен кейін тексеруден өткізіп және екі апталық карантинге міндетті оқшаулауға жіберу мақсатқа сәйкес өткізіліп жатыр.  

ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДАҒЫ ӨЗГЕРІС

Күрделі эпидемиологиялық жағдайда әскерлерді даярлау фор­матының өзгеруі мәжбүрлі шара екені сөзсіз. Лагерьлік жиындар полигондарға бармай, тұрақты орналасқан пункттерге жақын жерде далалық сабақтар түрінде өткізілуде. Министр Бас қолбасшылар мен әскерлер қолбасшыларына өткі­зілетін сабақтарды жан-жақты бақылауды қамтамасыз ету, мақсат­тары мен нақты түпкілікті нәтиже­лерін көрсете отырып, сабақтар бағ­дарламаларын әзірлеу және жеке өзі бекіту жөнінде нұсқаулар да берді. Айта кету керек, десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері парашютпен 800-ден астам секіруді жүзеге асырды, оның 64-і түнде өткізілді. Әскерлерде арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өткізіліп, мамандықтар бойынша дайындық жалғасуда. Әуеқорғанысы күштерінде авиациялық техниканы жөндеу мен жаңғыртудан кейін қабылдау жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылады, жас ұшқыштар құрамымен ұшу дағдыларын оқыту және жетілдіру үшін жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары өткізіледі. Барлау бөлімшелерімен, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерімен және артиллериялық бөлімшелер­мен лагерьлік жиын өткізіледі. Олар әдеттегідей өңірлік принцип бойынша өтеді, онда аймақ әскер­лері көп шақырымды жаяу шерулер, әскери техниканың шығуы және берілген полигонға шоғырланады.  

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРМИЯЛЫҚ ОЙЫНДАР

Әскерлердің жауынгерлік оқу нысандарының бірі – халықаралық армиялық ойындар. Бұл жай ғана жарыс емес, армияны дайындау мен оның жауынгерлік қабілетін күшейтудің элементі саналады. Жат­тығулар мен жарыстар бары­сын­да әскери қызметшілер өз ше­берліктерін арттырып, түрлі қару-жарақ пен әскери техниканы игеріп, әскердің дайындық деңгейін көрсетіп, басқалардан үйренуге мүмкіндік ала отырып, тәжірибе алмасады. Ауқымды халықаралық әскери жарыстар әскери-саяси бай­ланыстарды нығайтуға өз ықпалын тигізеді.   Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ, Қорғаныс министрі генерал-лейтенант: – Санитарлық-эпидемияға қар­сы шаралар мен ойындарды ұйым­дастырушы елдердің талап­тарын ескеру және сақтау маңыз­ды. Қатысушыларға каран­тин және тестілеу бойынша қа­таң меди­циналық талаптар қолданылады. Барлық сайыс елді мекендерден алшақ, сондай-ақ ашық ауада өткізіледі, – дейді. Жылдағы дәстүрге сәй­кес, АрМИ-2020 армиялық ойын­дарының бірнеше сайысы еліміз ау­мағындағы Гвардейск гарни­зонының полигондарында өтетін болды. Сонымен қатар ар­миялық ойындарға қатысу ту­ралы түпкілікті шешім эпидемиоло­гиялық жағ­дай­ды негізге ала отырып қабылданады.  

ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАУ ҚАЙТАДАН БАСТАЛДЫ

Қарулы Күштер жергілікті ат­қару­шы органдар мен төтен­ше жағдай органдарына дезинфек­циялау бойынша көмек көрсетуді қайтадан бастап кетті. Атап айт­қанда, Атырауда қалалық қызмет­ке көмек ретінде әскери қызмет­шілердің жеке құрамы мен қажетті жабдықтар бөлінді. Дезинфекциялау жұмыстары Ақмола, Тараз, Шым­кент және Қызылорда гарнизон­дарында жоспарланған. Қарағанды әскери лазарет дәрі­герлерінің бір тобы азаматтық медицина мамандарымен бірге коронавируспен күресуге қатысуда.  

ЕЛОРДАДА ҚАЛАЙ?

 Нұр-Сұлтан қаласының жиын пунктінде жас сарбаздар Қарулы Күштер қатарына аттанды. Әскери ант қабылдағаннан кейін олар Жамбыл облысындағы әскери бөлімдерде қызметтерін атқарады. Қазіргі уақытта әскерге баратын жастардың денсаулығы маңызды. Әскери қызметке жөнелтілетін жастардың арасына коронавирустың тарамауы жіті қолға алынған. Қалалық жиын пунктінің бақылау-өткізу бекетінде келушілердің дене температурасы өлшеніп, ме­дициналық бетперде беріледі. Дәрігерлік комиссия тексерістен өту кезінде азаматтар арақашықтықты ұстанып, қолдарын дезинфекциялау ерітінділерімен жуып, гигиенаның барлық талаптарын орындауын қадағалайды.   Ерболат ЖҮСІПОВ, Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығының орынбасары : – Биылғы жылы Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 30 сәуір­дегі №312 Жарлығы бойынша көктемгі әскерге шақыру науқаны­ның өткізілу уақыты тамыз айына дейін созылды. Наурыз-мамыр аралығында басталған карантин шаралары уақытында мерзімді әскери қызметке шақыру уақытша тоқтатылып, мамыр айының аяғында қайта басталды. Мамыр-маусым айларында Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара әскерлері мен Ұлттық ұлан әскери бөлімдерін жас сарбаздармен толықтыру жоспарлы түрде орындалды, – дейді. Осы уақытқа дейін елордалық 530-ден астам жас жігіт әскер сапына алынса, келесі шақырылатын жастар Қапшағай қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскерлер және Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскері әскери бөлімдері секілді элиталық бөлімдерге барады. Сонымен бірге механикаландырылған брига­далар мен әуеқорғанысы күш­тері бөлімдерін 18 бен 27 жас аралы­ғын­дағы жастар толықтырмақ. Отан қорғау мақсатында әлі 300-дей жігіт елордадан әскери бөлімдерге жіберіледі.  

АдебиетӘдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ