Дәрігерлерді көшеге сабылтқан кім?
Дәрігерлерді көшеге сабылтқан кім?
150
оқылды
 

Министрліктің қатысы бар ма?

Кей жауаптылар дәрігер­лер­дің көше бойында тізіліп тұруын «құрмет» көрсету нышанына балапты. Ал көпшілік бұған ке­ліспейді. «Ауруханада науқастар өмір үшін күресіп жатқанда, бұл дұрыс емес» дегендер жетерлік. Біз де осы көпшіліктің пікірін құптар едік. Себебі ауруханаға дәрігерлер жетіспей жатқанын Денсаулық сақтау министр­лігі мен өңір басшылары талай мәрте жар салып айтқан бола­тын. Енді келіп көше бойына ақ халаттылардың көшін түзуді қан­дай «құрметке» теңеуге бола­тыны түсініксіз. Ал бұл шара­ны ұйым­дастыруға бұйрық берген кім? Әуелі осы шараға қатысты дерек­терді беріден бастап тізсек. 15 шілде күні Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабе­кова дау тудырған шара­ға байланысты жауап берген еді. – Министрлік індет құрбан­дарын еске алуға арналған мұндай флешмобқа бастамашы болған емес. Дәрігерлердің флешмобқа шығуы туралы бастама Медицина қызметкер­лері қауымдас­тығы тарапынан болған. Министрлік ретіндегі біздің міндетіміз – сани­тарлық-эпидемиялогиялық режимнің сақталуын қамтамасыз ету. Біз адамдар арасында қандай әлеуметтік арақа­шықтық болу кере­гін, бетперде тағу тиіс еке­нін еске салдық, – деді вице-министр. Сонымен қоса, ол флешмоб­қа бастама жасаған адамдарды жазалау қарастырылмағанын айтқан болатын. «Меніңше, бұл жерде жазалау жайлы мәселе болмауы керек» деген еді. Де­мек, вице-министр дәрігер­лердің аурухананы тастап, 40 градус ыстықта көше бойында тұрғанын оғаш көр­мейтін сыңай­лы. Бұл тұста тағы да бір түсінік­сіз жайт бар. Кім тарат­қаны белгісіз, әлеуметтік желі қолданушы­лары оқиғаны тал­қылай бастаған кезде вице-министр Людмила Бюрабеко­ва­ның «аза тұту күні дәрігерлер 2 метр арақашықтық сақтап, құрбандарды 1 минут үнсіздік­пен еске алсын» деп жазылған бұйрығының мәтіні мен суреті тарады. Және бұл шара бір ғана Шымкентте емес, барлық өңір­де ұйымдастырылу керегі көр­сетілген (әлеуметтік желіде басқа да қалаларда дәрігерлердің көшеде тізіліп тұрған суреттері жүктелген). Енді жоғарыдағы вице-министрдің сөзіне қайта назар салсаңыз, «адамдар арасында қандай әлеуметтік қашықтық болу керегін еске салдық, жазалаудың қажеті жоқ» деген сөздер тұр. Яғни, бұй­рықты ра­сымен министрлік­тің өзі шығарғанға ұқсайды. Әрине, бұл күмән ғана. Ал атал­ған сәйкестік оны сейілтпесі анық.  

Әкімшілік қайтіп ақталды?

Дәрігерлер «флешмобы» тек Шым­кент қаласында емес, аудан­дар да өткен сияқты. Тек аудан әкімдік­терінің сайтын ашсаңыз, «мемлекеттік қыз­метшілер мен дәрігерлер құр­бандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды» деп жазылған және жүктелген бейнетаспадан шар­шы құрап тізіліп тұрған дәрі­герлерді байқайсыз. Демек, бұл шараны әкімдік те ұйымдас­ты­руы мүмкін. Ал Түркістан об­лысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «флешмоб Түркістан облысына қарасты туберкулез диспансері бас дәрі­герінің бастамасымен өткенін» жеткізді. Бірақ осы жолы да жер­гілікті атқарушы билік флеш­моб ұйымдас­тырған бас дәрі­гердің жазаланбай­тынын айтады. – Басында ақпарат жеткілік­сіз болды. Дәрігер медицина қыз­мет­керлері қауымдасты­ғы­ның шақыруына қосылып, бұл әре­­кетті ұжыммен ке­ліскені анық­­­­­талды. Сондықтан озбыр­лық деп жазалауға болмайды, – деп қыс­қа қайырды Сәкен Қал­қа­­манов. Шара дәрігерлердің келісімі­мен өтіп, оған әкімшіліктің қа­тысы жоқ болса, неліктен әкім­шілік сайттары Аза тұту күні дәрігердің қаз-қатар тізіліп тұрған бейнетаспасын жүк­те­ген? Қайткен күнде де бір ши­кіліктің бары анық. Айтпақ­шы, қоғам нара­зылығы күшей­ген шақта, 14 шілде күні аты-жөнін айтпаған егде жастағы дәрігердің видеосы жарияланды. – Біз ешқандай флешмоб өткіз­ген жоқпыз. Бұл – корона­вирус инфек­циясынан қайтыс болған медицина қызмет­кер­лерін еске алу акциясына ар­налған шара болатын. Флешмоб өткізді деген жаңсақ ой-пікірден аулақ болуларыңызды сұрай­мын, – деген еді дәрігер. Бірақ бейнетаспа өртті өр­шітпесе, өшіруге себеп болған жоқ. Керісінше, желі қолдану­шылары «дәрігерге біреулер әдейі айтқызған» деп пікір біл­дірді. Осылайша, «артық қыла­мын деп, тыртық қылғанның» кебі болғаны жасырын емес. Негізінде, дәрігерлердің індет құрбандарын еске алуына ешкімнің қарсылығы жоқ. Дау туған тұс – мың­даған науқас арпалысып жатқан кезде дәрі­герлердің көше бойында тұруы. Және бұл бір ғана қалада емес, шама­лауымызша, еліміздің барлық өңірінде өткен шара. Соңғы ресми дерекке жүгінсек, Түркістан облысында коро­на­вирус жұқтырғандар 6,5 мыңнан асып кетіпті. Бір ғана Шымкент қаласының өзінде 2 300-ден астам науқас тіркелген. Сонда Аза тұту күні дәрігерлер көшеде жүрсе, науқастарды кім ба­қылаған? Қорыта айтсақ, маңызды са­ланың мамандарын әбігерге салғандар жазасыз қалды. Дәрі-дәрмек тапшы­лығы, дәрігер жетіспеушілігі онсыз да айтыл­ды. Ал тапшы дүниенің бәрін, осылайша өзіміз қолдан жасап жүрген шығармыз…  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ